Спорт

Ақтөбелік жас боксшы — қола жүлде иегері

Дүйсенбі күні Дубайда бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты аяқталды.

Қазақстанның жастар командасы барлығы 13 салмақ дәрежесінің 8-інде топ жарып, жалпыкомандалық есепте 1-орын алды. Олар 8 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Екінші орындағы Өзбекстан құрамасы 3 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль иеленді. Үшінші орынға 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медальмен үнділер орнықты.

Жастар арасында Қазақстанның қыздар құрамасы 3 алтын, 4 күміс және 5 қола жүлдемен үздік үштікке ілікті. Қыздар арасында бірінші орынды — Өзбекстан, екінші орынды Үндістан алды.

Еліміздің жасөспірімдер құрамасы ұлдар арасында 12 жүлдемен екінші орынға орнықса, қыздар құрамасы да 13 медальмен екінші орын алды. Жасөспірім ұлдар құрамасы мен қыздар құрамасының әрқайсысы 4 алтын жүлдеден иеленді.

Жалпы, жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына елімізден 52 боксшы қатысып, оның 49-ы жүлде алды. Оның ішінде 19 жас спортшымыз Азия чемпионы атанып отыр.

Жасөспірімдер арасында ақтөбелік боксшы Дәулет Төлемісов 75 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, қола жүлдегер болды. Дәулет жартылай финалда, өкінішке қарай, өзбекстандық Мирзоб Некбоевтан ұтылған еді. Дегенмен құрлық біріншілігінің қола жүлдесі де — үлкен жетістік. Біз «Құтты болсын!» айта отырып, алда Дәулеттен үлкен жеңістер күтеміз.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button