Жаңалықтар

Автобус неге жүрмейді?

Өткен бейсенбіде қаладағы қоғамдық көлік жүргізушілерінің бірқатары жұмысқа шықпай қалғаны белгілі. Тұрғындар жұмыстарына жете алмай, аялдамаларда сағаттап күтулеріне тура келді. Жалпы, қоғамдық көліктердің қызметіне халықтың көңілі толмайды. Осы мәселе бойынша облыстық Қоғамдық кеңестің комиссия отырысы өтті.

Кеңес төрағасы Марат Қойлыбаев төрағалық еткен жиынға мемлекеттік органдардың және тасымалдаушы компаниялардың өкілдері қатысты.

Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Руслан Төреғалидың айтуынша, қазір Ақтөбе қаласында 54 бағыт бойынша қоғамдық көлік қызмет атқаруда. Оның 34-і — «Автопарк» ЖШС, 20-сы — «ПАТП» қоғамдық тасымалдаушы мекемесінде. Ол бүгінде жүргізуші тапшылығы басты мәселеге айналғанын атап өтті.

— Биыл сәуір айынан бастап электронды төлем жүйесі енгізілгені мәлім. Бұдан кейін автобус жүргізушілері жұмыстан шыға бастады. Оған жалақы мәселесі себеп болып отыр. Қалада келісімшарт бойынша күн сайын 300 автобус тасымалдаумен айналысуға тиіс. Алайда қазір қоғамдық көліктердің 200-ден астамы ғана жұмыста жүр. Қоғамдық көліктерді жаңарту үшін, сондай-ақ жүргізушілердің жалақысын көтеру үшін субсидия мәселесі шешілмей отыр, — дейді Руслан  Төреғали.

Автобус жүргізушілерінің неліктен жұмысқа шықпай қалғанын облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма өкілдері анықтауға тырысқан.

— Бұрын жұмысшылар жалақыларын қолма-қол алып келген. Электронды төлем жүйесі енгізілгеннен кейін 40-қа жуық жұмысшы төлем карталарын бермей, қолма-қол ақша алуды талап еткен. Себебі олардың банктерге қарызы, алименттері бар. Сондықтан карталары бұғатталған. Қазір тексеріс жұмыстары жалғасып жатыр, — дейді аталған басқарма басшысының орынбасары Талғат Искарин.

Әлемдік пандемия қоғамдық көлік тасымалдаушыларына да оңайға соқпағаны белгілі. «Автопарк» ЖШС директоры Ақарыс Тілеулесов карантинге байланысты жүргізушілердің  көпшілігі вахталық жұмыс жүйесіне ауысып жатқанын айтады.

— Жүргізушілер жалақы алу үшін банк карталарын ашуға мүмкіндіктері жоқ екенін айтты. Жеке мәселелерін шешуге екі ай мерзім бердік. Себебі сенімді көзқарас болу үшін барлығы электронды түрде болуы керек екенін ескерттік. Былтырдан бері карантин кезінде барлық білім беру ұйымдары мен ойын-сауық, сауда орталықтары жабық болды. Соған сәйкес жолаушылар ағымы да азайды. Сондай-ақ өткен жылы қала көшелерінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кептеліс көп болды. Қазір табыс көзі азайып, жүргізуші тапшылығы мәселесі орын алып отыр.

Электронды жүйе біздің өңірімізде алғаш енгізілген жоқ. Барлық облыстарда бастапқы кезеңде осындай мәселелер болды. Олар бірден аяққа тұрып кетті. Себебі өзге өңірлерде электронды жүйе енгізілгенше жол жүру тарифтері де жоғары болды.

Қазіргі таңда мекеме жұмысшыларына айлықтары толық берілді. Енді субсидия мәселесі шешілсе дейміз,  — дейді Ақарыс Тлеулесов.

Жиын соңында мекеме өкілдеріне сұрақтар қойылып, мәселенің шешу жолдары қарастырылды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button