Мереке

Мереке күнгі айшықты шаралар

Конституция күнін темірліктер де атаусыз қалдырмады. Мемлекеттік мерекеде аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары концерт өткізсе, белсенді жастар тұрғындар арасында түрлі ойындар ұйымдастырды.

Атаулы күнде Темір аудандық жастар саясаты және дін істері орталығының маманы Айжанат Егізғарина бастаған белсенді жігіттер-қыздар далада сейіл құрған жұртшылыққа викториналық сұрақтар қойып, дұрыс жауап бергендерге естелік сыйлықтар табыстады. Мәселен, «Конституция алғаш рет қашан қабылданды?», «Ата Заң қанша бөлімнен тұрады?», басқа да мерекеге қатысты сауалдарды жаудырған ұйымдастырушылар сол арқылы тұрғындардың патриоттық сезімін арттырып, таным көкжиегін кеңейтуді көздеген. Аталған шараға мектеп оқушыларынан бастап, студенттер, зейнеткерлер тартылыпты.

— Пандемияға байланысты ғимараттың ішінде ешқандай шара өткізе алмадық. Өйткені вирус жұғуы мүмкін, әлі де қауіп басым. Сондықтан ашық аспан астында осындай шара өткіздік. Жұртшылықтың ықыласы жақсы, ынтамен жауап берді. Біз де олардың еңбегін ескерусіз қалдырмауға тырыстық, — дейді Айжанат.

Сол күні аудандық Мәдениет үйі «Елімнің еркіндігі — Ата Заңым» атты онлайн форматтағы концерт ұсынды. Тақырыпқа қатысты өлеңдер оқылып, ән айтылған кешке Батырбек Аманқұлов, Асылбек Қуатов, Гүлнар Тәжіғұлова, т.б. өнерпаздар атсалысты.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button