Басты бет » Денсаулық » Кенеден сақтаныңыз!

Кенеден сақтаныңыз!

Кене энцефалиті (қоздырғышы) –  адамның орталық жүйке жүйесін зақымдайтын жұқпалы ауру. Аурудың бұл түрі адамға ауру кененің шағуы арқылы беріледі.

Ауру жедел басталады: дене қызуы көтеріліп, бас, мойын мен иық ауырады.

Кененің аса жоғары белсенділік көрсететін кезі – мамыр-маусым айлары. Бірақ кейбір кенелер қыркүйек айында да қауіптілік тудыруы мүмкін.

Кенелер көбінесе ағаштары қалың өскен, қалың шөп жамылғысы бар аралас ормандарда тіршілік етеді. Жолдардың жиегіне жинақталған кенелер сол маңайдан өткен адамдарға шабуыл жасайды. Кенелердің белсенділігі ауа райына немесе тәуліктің мезгіліне тәуелді емес. Әр кез шағуға бейім тұрады.

Облыс аймағы кене энцефалиті бойынша эндемиялық емес. Дегенмен орманға барған кезде дұрыс киінгеніңіз жөн. Яғни міндетті түрде шалбар киіп, оның балағын шұлық немесе етіктің ішіне салу, көйлектің етегін шалбарға салып кию керек. Көйлектің жағасы мен жеңдерінің түймелерін салып, басқа тағатын орамалды қатты байлау қажет. Капюшоны бар күрткелер болса, тіптен жақсы. Сонымен бірге түрлі жәндіктерді үркітетін препараттарды (репеленттер) да қолдануға болады. Оларды көйлектің жағасы мен жеңдеріне де жағып алған дұрыс. Тағы бір ескеретін жайт, әрбір 2-3 сағат сайын киімдеріңізді тексеруді ұмытпаңыз.

Үстіңізден түскен кенелерді ешқашан қолмен басып өлтірмеңіз. Оларды өртеп өлтіру қажет.

Үйге қайтқан соң барлық киімдеріңізді, денеңізді мұқият тексеріп шығыңыз. Кене көбінесе бастың шашты бөлігіне, қолтық асты мен шап аймағына көптеп жабысады. Денеңізден кене табылған жағдайда оның жабысқан жеріне вазелин не өзге де майлы зат жағып, 30 минуттан кейін абайлап алып тастаңыз. Мұны жіптің көмегімен жасаған дұрыс. Кене алынған жерді йод, спирт немесе одеколонмен сүрткеніңіз жөн. Денеңізден кене табылған жағдайда дәрігерге қаралу керек.

Кене энцефалиті өте қауіпті ауру екенін ұмытпаңыз! Оның алдын алуда қарапайым жеке қауіпсіздік ережелері көмектеседі.

Ит те ауру иесі

Эхинококкоз  –  бауыр, өкпе және тағы басқа мүшелерді зақымдайтын созылмалы ауру.

Эхинококкозбен адамдар мен жануарлар ауырады. Қоздырғышы 3-5 миллиметрлік эхинококк дернәсілі. Сонымен қатар ауру жұққан иттер қоршаған ортаға қоздырғыштарды таратады. Ауыл шаруашылығы жануарлары бұл ауруды ауру жұққан иттер нәжісімен ластанған  шөптерді жегенде, суларды ішкенде жұқтырады.

Ал иттер ауыл шаруашылығы жануарларын сою кезінде анықталған эхинококпен зақымдалған мүшелерін жегенде, ауруды жұқтырады.

Адам иттерді немесе мысықтарды сипап, одан кейін қолдарын сабындап жумаған болса, ауру жұқтырады. Адамнан адамға эхинококкоз жұқпайды.

Егер аурудың бұл түрінен сақтанғыңыз келсе, қарапайым ережелерді ұмытпағаныңыз жөн. Яғни ит пен мысықты ұстағаннан кейін қолды сабындап жуу керек. Иесіз ит пен мысықтарды сипамағаныңыз дұрыс. Үй иттерін және мысықтарын 3 ай сайын құртқа қарсы препараттармен емдеп, иттерді тек қана тізбекте ұстау қажет. Сонымен қатар мал соярда  мал дәрігерімен хабарласып, ішкі мүшелерін (өкпе, бауырларын) қарауды ұмытпаңыз. Егер мал дәрігері ішкі мүшелерді тамаққа жарамсыз десе, онда оларды ит пен    мысыққа  бермеңіз!

Н.НАҒАШЫБАЕВА,

мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық

қадағалау комитеті облыстық

департаментінің бөлім бастығы