Басты жаңалықтар

Облыс әкімі — Қарғалы ауданында

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің кезекті іссапары Қарғалы ауданында жалғасты.  Ауданның бірқатар елді мекендерін аралап,  шаруашылық өкілдерімен кездесті.

Өңір басшысы барған алғашқы нысан — Ш.Қалдаяқов ауылындағы «АкТеп»  ЖШС.  Суармалы жер алқабындағы картоп өсіру шаруашылығымен танысып, жүгері алқабын аралады.  ЖШС директоры  Аманғос Қалматаевтың айтуынша, 80 гектар аумаққа германиялық 3 тұқым түрінен картоп егілген.

—  Биыл 45 тонна картоп алу жоспарланып отыр. 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ көкөніс пен жүгері,  дәнді дақылдар да егілді. Қыркүйектің 15-нен бастап жиын-терін жұмыстары басталады, — дейді ол.

Бұдан соң облыс әкімінің іссапары Велихов ауылындағы «Ақжайық»  бидай және «ДиЛэнд»  күнбағыс алқаптарында жалғасты. Мұнда аудандағы егін шаруашылығы,  мал азығы жұмыстары баяндалды.  Оңдасын Оразалин аудан басшысы Асқар Жүсібалиевке тиісті жұмыстарды уақытында әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

Бұл күні №1 Бадамша орта мектебінің ашылу салтанаты өтті.  Жиында сөз алған облыс басшысы:

— Биылғы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Конституция күні қарсаңында жаңа мектеп ғимараты есігін айқара ашып отыр.  Ең басты құндылығымыз Тәуелсіздік болса, оны нығайтатын — бүгінгі жастарымыз. Олардың тәрбиесі мен білімі жақсы болса, болашағымызға сеніммен қараймыз. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен мектептердің жағдайын жақсартып, құрал-жабдықтарын заман талабына сай жаңарту —  басты міндеттеріміздің бірі. Бүгінгі қуаныштарыңызбен құттықтай отырып, алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін,  — деді.

(Облыс әкімінің Қарғалы ауданындағы сапары бүгінжалғасады. Толық материалды газеттің алдағы санынан оқи аласыздар).

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button