Жаңалықтар

Қауіп әлі сейілген жоқ

Ақтөбеде эпидемиологиялық жағдай күрделі. Соңғы екі аптадағы көрсеткіш бойынша, 26 тамыз — қауіпті вирус жұқтырғандар саны ең көп тіркелген күн: 452 жағдай.

Бұл туралы Ақтөбе өңірлік коммуникациялар қызметінде онлайн режимінде өткен «Вакцинация мен КВИ бойынша ағымдағы жағдай туралы» брифинг барысында айтылды. Брифингке облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев қатысты.

Жағдай күрделі

Мұхтар Сербаев өңірдегі COVID-19 инфекциясының эпидемиологиялық жағдайы туралы айтты.

​​​​27 тамызға дейінгі дерек бойынша жалпы облыста КВИ-мен ауырған 26366 жағдай тіркелді, оның ішінде 73,7%-ы ауру белгілерімен (19443) және 26,2%-ы симптомсыз (6923) жағдай. 20029 (75,9%) науқас жазылып шықты.

Жалпы  тіркелген  26366 науқастың 0,9%-ы сырттан әкелінген, 12,8% ауру адаммен қарым-қатынаста болғандар, 86,2%-ы жергілікті жағдайлар, оның ішінде 19,4%-ы профилактикалық мақсатта тексерілгендер.

26 тамызда бір тәулікте КВИ-мен ауырған 452 жаңа жағдай тіркелді.

М.Сербаевтың айтуынша, вирус жұқтырғандардың 88,4 пайызы — ересектер, 37 пайызы —  0-14 жас аралығындағы балалар, 15 пайызы – жасөспірімдер. Инфекцияға шалдыққан адаммен байланыста болған  725 адам анықталып, оқшауланып, олар медициналық бақылауға алынған.

Той жасау тыйылмай тұр…

Эпидемиологиялық жағдай облыс бойынша күрделі қалпында қалып отыр. Сондықтан мониторингтік топ жұмысты одан әрі күшейтті. Мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес  «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 425-бабы 1-бөлігі бойынша анықталған бұзушылықтар үшін жалпы 74 658 925 теңге көлемінде 718 айыппұл салынған. Оның ішінде қоғамдық тамақтандыру объектілері бойынша 26 615 660 теңгеге айыппұл салынды.

—  Карантин режимін бұзғандар қатарында мейрамханалар, дүкендер, лаунч- барлар және тағы басқа нысандар бар. Осы аптада карантин режимін бұзу бойынша 48 материал қаралды. Ақтөбеде шектеу шараларын бұзушылар қатары, өкінішке қарай, азаймай тұр. Той жасап, өзіңіздің және жақындарыңыздың өміріне қауіп тудырмауға шақырамыз. Осы аптада шектеу шараларын бұзғандарға тиісті шаралар қолданылады. Атап айтқанда, салтанатты іс-шара өткізгендер үшін үш рет «Алтын шатыр», екі рет «Тұмар», «Юрта», «Нұр» ресторандарына және «Хан сарай», «Алтын», «Тұран», «Көркем», «Сәке», «Асыл», «Той думан» мейрамханаларына айыппұл салынды. Бетперде режимін сақтамағаны үшін «Дина» гипермаркетіне әкімшілік шара қолданылды. Тағы бірнеше дүкенге санитарлық талапты сақтамағаны үшін хаттамалар толтырылыпты. Супермаркеттерде, автобустарда әлеуметтік арақашықтық сақтамағаны үшін әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды. Сонымен бірге осы құқықбұзушылықтарды жою жөнінде ұйғарымдар берілді. Бұл ұйғарымдар бақылауда болады, — деді М.Сербаев.

Екпе алғандар саны 70 пайызға  жетуі керек

Рүстем Исаевтың айтуынша, 26 тамызда 19 адам вирусты пневмониямен тіркелген.  Инфекциялық ауруханаларда 1209 адам ем алып жатыр.  Соның ішінде қалада 908 адам, аудандарда 301 адам ем алып жатыр. Жансақтау бөлімшесінде 111 адам жатыр, қалада — 84, ауданда — 27 адам.

Өкпені жасанды желдету аппаратына 9 адам, инвазивті емес жасанды өкпе желдету аппаратына 50 адам қосылған. Барлығы 458 бала COVID-19 инфекциясын жұқтырған. Соның 26-сы қазір стационарлық ем алып жатыр.

Вирус жұқтырған 176 жүкті әйелдің 87-сі стационарда.

—  Облыстағы инфекциялық ауруханаларда 1880 кереует, жансақтау бөлімінде 222 кереует бар.  Инфекциялық кереует жүктемесі қазір 64,3 пайыз болса, реанимациялық кереует жүктемесі 50 пайыз болып отыр.

Қазіргі уақытта ПТР-тестілеу жасайтын 11 зертхана жұмыс істейді. Бүгінде өңірде екпенің бірінші компонентін 273 318 адам, екіншісін 210787 адам алды.

Аудандарда 301 науқас ем алып жатыр. Ең көбі Хромтау ауданы, онда 44 адам. Шалқар ауданында —  31 адам, Темір ауданында — 33 адам, Қобда ауданында 37 адам ем алуда. Қалған аудандарда 17-25 адамнан ем алып жатыр.

— Балаларды вакциналау үшін қазір елімізде «Pfizer» вакцинасын алу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл — америкалық вакцина. Шамамен қазан айында 12-19 жас аралығындағы балаларға да вакцина салына бастауы мүмкін. Вакцинация міндетті түрде ата-аналардың келісімі бойынша жүргізіледі. Ол үшін қосымша ақпараттық жұмыстар жүргіземіз. Қазір бұл ауру балалар арасында да тез тарауда. Бүгінде вирус жұқтырған үш бала жансақтау бөлімінде жатыр. Көңілді жұбататыны — балалар арасында өлім тіркелген жоқ. Ондай жағдайды болдырмауға тырысамыз. Қазіргі уақытта облыстық балалар ауруханасында 50 кереует қойылды. Барлық профильді мамандар бар, — деді облыстың бас дәрігері.

Соңғы мәліметтер бойынша, облыста 86 адам вакцина алғаннан кейін ауырып қалған. Р.Исаевтың айтуынша, бұл санаттағылардың дені вакцинаның бірінші кезеңін ғана алған және екінші кезеңін алса да, толықтай иммунитет қалыптасуы үшін 45 күн өтпеген азаматтар.

— Олардың иммунитеті төмен және созылмалы аурулары болуы мүмкін. Бүгінде Ақтөбе облысында үш вакцина бар: «Спутник V», «КазВак» және «Sinopharm».

Барлық емдеу мекемелерінде, аудандарда  вакцина алуға болады. Сондықтан ауруды толық жеңу үшін тұрғындарды вакцина алуға шақырамын. Екпе алғандар саны 70 пайызға жетуі керек. Қазір біздің облыста бұл көрсеткіш 52,3 пайыз болып тұр. Күніне шамамен 1900-дей адам екпе алып жатыр, бұл өте аз, себебі 70 пайыздық межеге жету үшін күніне 3500 адам екпе алуға тиіс. Тезірек екпе алсақ, қалыпты өмірге қайта оралуға мүмкіндігіміз болады, — деді Р.Исаев.

Мұғалімдер 100 пайыз вакцина алды

1 қыркүйектен бастап мектеп оқушылары жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастайтын болады. Мұхтар Сербаевтың айтуынша, барлық білім беру ұйымдарында санитарлық талаптар қатаң сақталатын болады:

— Үкіметтің арнайы ведомствоаралық комиссиясының шешімімен 1 қыркүйектен бастап барлық мектептер оқуды дәстүрлі форматта бастайтын болады. Осыған сәйкес еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің, Ақтөбе облысы бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулылары шығарылды. Осы қаулыларға сәйкес барлық мектептердегі санитарлық жағдайлар толық тексерілді. Мектептерде оқушылар арасында аурудың таралуын болдырмау жөнінде арнайы шаралар қабылданды. Барлық мұғалімдер, техникалық қызметкерлер 100 пайыз вакцина алды. 1 қыркүйектен бастап барлық мектептерде арнайы фильтр ұйымдастырылып, оған арнайы мамандар бекітіледі.

Мектептерде бұрынғыдай кабинеттік жүйе болмайды, әр сынып өз кластарында оқиды. Қоңырауларда әр сынып оқушыларының бір-бірімен кездеспеуі жөнінде арнайы шаралар қолданылады. Асханаға да әр сыныптың балалары бөлек-бөлек баруға тиіс. Дезинфекциялық шаралар күшейтіледі.  Мектепке тек вакцина алған  мұғалімдер ғана кіргізілетін болады. Ата-аналар «Ashyq» жүйесі арқылы (жасыл мәртебесі болғанда ғана) кіре алады. Осындай нақты шаралардың нәтижесінде мектептерде инфекцияның таралуына жол берілмейді, — деді М.Сербаев.

Мамандар тұрғындарды вакцина алуға шақырып отыр. Брифингке қатысушылардың айтуынша, вакцина алмайынша, бұл ауруды толық жеңу мүмкін емес. Себебі вирус мутациялануы мүмкін.

— Қауіп сейілген жоқ.  Осы орайда облыс тұрғындарына түрлі мерекелік іс-шараларды, тойлар мен отбасылық бас қосуларды өткізуге тыйым салынғанын тағы да естеріңізге саламыз, — деді М.Сербаев.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button