Спорт

Рухы мықты спортшылар елімізге екі жүлде сыйлады

Токиода өткен ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарында ұлттық құраманың спортшылары ала алмаған алтын мен күміс жүлдені паралимпиадашыларымыз алып жатыр. Қазіргі күні 1 алтын, 1 күміс медальмен Қазақстан жалпыкомандалық есепте 16-орында тұр.

Ел қоржынына алдымен алтын медаль түсті. Оның иесі — Давид Дегтярев. Ол пауэрлифтинг жарысында 54 келіге дейінгі салмақта топ жарды. Давид 172 келіні көтерді.

Паралимпиада чемпионы атанған отандасымызды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. Мемлекет басшысының құттықтауында: «Давид Дегтяревті Токиода өтіп жатқан ХVІ Паралимпиада ойындарындағы жеңісімен құттықтаймын. Бұл алтын медаль — керемет жетістік және табанды жаттығулар мен мұқалмас ерік-жігердің жемісі. Давидке жаңа табыс, ал Паралимпиададағы Қазақстанның барлық спортшыларына сәттілік тілеймін», — деп атап көрсетілген.

Ал кеше дзюдодан Әнуар Сариев 60 келі салмақ дәрежесінде финалға дейін сүрінбей жетті. Тек финалда әзірбайжандық вугар Ширинлидан жеңілді. Сөйтіп, Әнуар күміс жүлдегер атанып отыр. Бұл — Қазақстанның дзюдодан Паралимпиада ойындарындағы ең алғашқы жүлдесі.

Айта кетсек, биылғы жазғы Олимпиадада Елдос Сметов те дзюдодан тап осы салмақ дәрежесінде қола медаль алған болатын.

Жалпы, Токио Паралимпиада ойындары 24 тамызда басталды. Оған Қазақстаннан 25 спортшы аттанған еді. Олар спорттың 7 түрінен бақ сынайды. Мүмкіндіктері шектеулі болғанмен, рухы мықты спортшыларымызға сәттілік тілейміз!

А. САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button