Билік

«Нұр Отан» — халық сеніміне ие болған еліміздегі ең үлкен саяси күш

Кеше «Нұр Отан» ХДП Ақтөбе облыстық партия филиалы ХІІ есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Онда филиалдың Саяси кеңесінің есептік кезеңдегі жұмысы қорытындыланып, «Нұр Отан» ХДП 2020 жылға дейінгі бағдарламасы туралы айтылды. Партия филиалының төрағасы, Саяси кеңестің және бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамы мен «Нұр Отанның» ХІІІ съезіне облыстық партия ұйымынан делегаттар сайланды.

Конференцияға «Нұр Отан» партиясы жанындағы жемқорлыққа қарсы күрес ұйымдастыру кеңесінің төрағасы, Сенат депутаты Оралбай Әбдікәрімов,  «Нұр Отан» ХДП саяси кеңесі бюросының мүшесі, Мәжіліс депутаты Нұртай Сәбильянов, облыс әкімі Елеусін Сағындықов, партия филиалының мүшелері қатысты.

«Нұр Отанның» облыстық филиалының төрағасы Балғали Ордабаев өткен жылдың қорытындылары туралы баяндады.

— «Нұр Отан» — халық сеніміне ие болған еліміздегі ең үлкен саяси күш.  Қазір құрамымызда 32 674 адам бар, есептік мерзімде партия мүшелігіне 7797 адам қабылданды. Алайда біздің мақсатымыз — партия құрамының санын ғана емес, сапасын да арттыру. Жетістіктеріміз баршылық, кемшіліктеріміз де жоқ емес, сол кемшіліктердің себебін анықтап, партия жұмысын жақсартуға бар күшімізді салуға тиіспіз. Партия құрамын арттыру бағытында мемлекеттік мекемелердің бөлімдері мен басқармаларындағы партиялық ұйымдар нашар жұмыс жасады деуге болады, олар енді-енді белсенді кірісе бастады. Мемлекеттік қызметкерлер қатарында да нұротандықтар тым аз, мысалы, қазір 16 324 мемлекеттік қызметкер жұмыс жасап отырған болса, соның бар болғаны 2697-сі ғана біздің партиямыздың мүшесі. Қатарымызда шағын және орта кәсіпкерлер де аз. Міне, бастауыш ұйымдар мен филиалдарымыздың ең бірінші қолға алатын жұмыстары осылар, — деді Б.Ордабаев.

Ол, сонымен қатар, партияның бастауыш ұйымдары АЗФ, темір жол басқармасы, Дөң кен байыту комбинаты, АЗХС, облыстық аурухана, қала емханалары мен жоғары оқу орындарымен бірге бұрынғыдан да гөрі тығыз жұмыс жасауы қажеттігін тілге тиек етті.  Партиялық-саяси оқу, саяси кеңес отырыстары, ашық қоғамдық қабылдаулар мен партия филиалының ақпараттық-насихаттық жұмыстары туралы айтылды.

Төрағаның айтуынша, әсіресе, Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына зор көңіл бөлініп отыр. Ақтөбе облысының бұл бағдарламаның көшбасшысы болып отырғандығы өңір тұрғындары үшін үлкен мақтаныш.

— Партияның мақсаты — үдемелі индустриялдық-инновациялық бағдарламаның орындалуына бақылау жасау, аталған маңызды нысандарға қай жағынан болсын қолдау көрсетуді ұйымдастыру. Бұл — біздің партиямыздың басты міндеті, бұл біздің болашағымыз үшін маңызды.

Партия жұмысының маңызды тармақтарының бірі — азаматтарды қабылдау. Алдыңғы жылы партияның қоғамдық қабылдауына 1523 адам, биыл 2273 адам арызын айтып келді. Келушілердің  көбейгені — сенімнің артқаны. Олардың көпшілігі тұрғын үймен қамтамасыз ету, зейнетақы мен жәрдемақы, жұмысқа орналасу туралы арыз айтып келеді, — деді филиал төрағасы.

Партиялық тәртіп туралы да айтылды. Былтыр жемқорлыққа қатысты құқық бұзғаны үшін 14 адам партия қатарынан шығарылған. Б.Ордабаевтың айтуынша, бұл  өте көп, бұдан былай мұндай құқықбұзушылықтар үшін бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері де бірге жазаланатын болады.

Партияның бір мақтанышы — «Жас Отан» жастар қанаты. «Былтыр ақпан айында партия филиалының «Жас Отан» жастар қанаты бастаған «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» акциясын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қолдап, бүкіл республикаға үлгі қылған болатын. Облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлының қолдауымен бұл акция барысында қыруар жұмыс жасалды, форумдар ұйымдастырылды. Акцияға облыс бойынша 70 мың адам қатысып, 7 млрд. теңге игерілді. Биыл мамыр айында аталған марафон мүшелерінің аймақтық форумын өткізбекпіз», — деді Б.Ордабаев.

Кешегі есеп беру конференциясында сөз алған жергілікті «Жас Отанның» атқарушы хатшысы Әсел Бөлекованың айтуынша, ақтөбелік «жасотандықтар» екі жыл қатарынан «Үздік филиал» атанды.

— Кемшіліктер де бар. Сұрақ туындайды: жұмыс жоспары, жүйелік кестесі және партия филиалына ұқсас күнделікті ұйымдастырушылық жұмысы бар саяси жастар ұйымында штаттық бірлік болмаса, тиімді жұмыс қайдан болады?  Облыстық филиал жанынан бөлім немесе аудандардан штаттық бірлік құруды жөн санаймыз. Сонда ғана «Жас Отан» толық күшінде жұмыс жасайды. Тағы бір мәселе — кадрлар ауысымы, бізде дарынды жастар көп, бірақ түрлі себептермен біз оларды ұзақ уақыт ұстай алмаймыз, екіншіден, жас көшбасшының  жұмысына арналған әдістемелік нұсқау жоқ, ал бұл мәселелер типтік іс-шаралардың өткізілуіне әкеп соқтырады.

Пионерлік баяндамалардан бас тартатын кез келді, біздің сөзімізде сын да, конструктивтік ұсыныстар да болуы керек, сонда ғана партиядағы аға буын жастарға құлақ асады, — дей келе, Ә.Бөлекова  «бүгінгі жасотандықтар — еліміздің ертеңгі топ менеджерлері» партияның 2020 жылға арналған бағдарламасын қолдайтынын, өз жұмысын  бағдарламаға лайық құратынын тілге тиек етті.

Конференция барысында партия филиалының бақылау-тексеру комиссиясының төрайымы Ұ.Маменова, филиал жанындағы партиялық бақылау комитетінің төрағасы Ғ.Нұрышев, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Р.Кемалова, Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжі жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Б.Қаумешовтер сөз сөйледі.

«Нұр Отан» ХДП саяси кеңесі бюросының мүшесі, Мәжіліс депутаты Нұртай Сәбильянов партия филиалының бұл күнгі конференциясына жоғары бағасын берді:

— Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индстриялдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына енген жобалар мен олардың орындалуында Ақтөбе облысы алда келе жатыр. Бұл айтуға тұрарлық үлгі. Жалпы облыста халық мүддесі үшін жасалып жатқан жұмыстар өте көп. Мысалы, елді мекендерді газдандыру жұмыстарын алайық. Мен туған жерім Шығыс Қазақстан облысындағы жұмыстармен салыстырып айтайын: біздің облыста газдандыру деген жоқ, ал Ақтөбеде тұрғындардың 65 пайызы көгілдір отынның игілігін  көріп отыр екен. Бұл үлкен жетістік. Қай салада болмасын қарқынды даму бар. Ақтөбе береке, бірлігі бар өлке екен. Кейбіреулер аз жұмыс жасап, соны жарнамалап таудай қылып көрсетеді, ал ақтөбеліктер  жарнама жасамай-ақ қыруар жұмыс атқарып жатыр. Бұл жұмыстардың басында облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлы тұр, — деді Н.Сәбильянов.

Мәжіліс депутаты жерлестері — шығысқазақстандар бастаған бүкілхалықтық референдум өткізу идеясын ақтөбеліктер бірауыздан қолдап отырғандығын айтты, партияның 2020 жылға арналған бағдарламасын жүзеге асыру барысында бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жұмыс жасау қажеттігін тілге тиек етті.

Конференцияны облыс әкімі Елеусін Сағындықов қорытындылады:

— «Нұр Отан» партиясы — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты мен идеясы маңына халықты топтастыра білген ұйымдастырушы орган, алып саяси күш. Елбасын, оның бастамаларын қолдаймыз. Былтыр Мемлекет Басшысының «Жаңа онжылдық — Жаңа экономикалық өрлеу — Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын қолдап, халық арасына насихаттаған  ең алдымен «Нұр Отан» партиясы болды. Қазіргі біздің жеткен жетістіктеріміздің барлығында партиялық ұйымның  зор үлесі бар деп толық сеніммен айта аламын. Бұл конференция өте мазмұнды болды, — дей келе, Е.Сағындықов облыс экономикасындағы жеткен жетістіктер туралы біраз әңгімеледі.

Конференция соңында Партия филиалының төрағасы, Саяси кеңестің және бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамы мен «Нұр Отанның» ХІІІ съезіне облыстық партия ұйымынан делегаттар сайланды. Партия филиалы төрағасы болып Балғали Ордабаев қайтадан сайланды. «Сенімдеріңізді ақтауға тырысамын», — деді ол.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button