Әдебиет

Бейуақтағы мінәжат

Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ

Ілінерде күннің қызыл кірпігі

дертім менің меңдеді –

Өмір өзі-ақ өлтіреді бір күні,

өлтіріспе Сен мені!

 

Мұса,

Ғайса,

Мұхаммедтің көп ішкен,

тауыспаған кермегін

жұтам үнсіз.

Үмітім жоқ Жеңістен.

…көзімнен сүй сен менің!

 

Ернім емес,

ет жүрегім кезеріп

жоқ сусынға шөлдеппін.

Ажал-құрдас ақ мылтығын кезеніп

«Кеттік!» десе – мен кеттім!..

 

  • Бізге неге баянсызды аңсаттың,

е-ей, есі бар Құдіре-ет?..

…Босқа налып, болмашыға шаршаппын –

көзімнен сүй бір рет!

 

Түнге сіңіп жоғаламын Мен ертең –

аямайды Сені Көк…

Өзім түгіл, өлердей мас көлеңкем

«Өмір!» деп тұр еңіреп!

 

Аллаһу да аяп басар кеуденің

үнсіз айтқан зары бұл –

өмір өзі-ақ өлтіреді.

Сен мені

өлтіріспе, Жарығым!

 

Көзімнен сүй Сені көріп жұбанған…

 

Гүл – жусан

 

Гүлді аяймын – өмірі өзін алдап, текке өткен –

…Шыншыл өскін көрмедім,

Жусан,

Шеңгел,

Көкпектен!

 

Үзік-үзік

күлкің мен көлгірсуің, тепкіңнің

бәрін …Өмір,

Мәжнүнге лайық бақыт деп білдім.

 

Айыптымын алдыңда,

арнамадым гүлге өлең —

Гүлдің солып,

Бояудың оңатынын білген ем,

Мен жусанға інімін. Шеңгел болып кектенем —

Көкпек жаққан көне үйдің

көжесімен көктегем.

 

…Орманы кем,

Дүрдараз — тобылғысы, жыңғылы,

сортаңы мол,

суы ащы, кең Даланың Мұңды ұлы

Тарта туса тегіне – түкірмейді жалғанға,

Жанға қонса жалғыз шаң, айналады арланға!

 

Ділі — жусан,

қиялы — қыпшақы ердің Тарланы,

Жылқы мүсін болмысы. Сордан кермек арманы,

Мұңы – Қобыз,

төзімі болдыртардай түйені,

Домбырасы – дұғасы,

Сөзі – серті киелі.

Қыран түгіл,

Қарғасы қара ойды ұғар қиядан

Осы Дала — Отаным. Ұқсамауға – ұялам.

 

Бақыт, байлық,

ас пен той,

шексіз шаттық, мұң-нала.

Дана,

даукес,

батыр ез… —

Бәрін көрген бұл Дала,

Танып кетпей

тірліктің бағзы әуені — Күйбеңнен,

Өзгені де,

өзін де алдамауға үйренген.

 

Жусанымын мен соның.

«Гүл ғұмыры баянсыз!» —

Күліп тұрып айтатын ақ сырым да — аяусыз,

Осы — менмін, ей, Өмір,

сертім — жалқы, мінім — мың.

Аяп айтам атын да

есебі жоқ гүліңнің!

 

Жалғасу заңы

 

Отырар еді анам

оты бар жанды тектім деп…

Оталып кетпей,

о, қаншама азап шектім көп!

Ойлармен ойнап,

от басар бала-қиялмен

Оқталатынмын ошаққа кіріп кеткім кеп.

 

Қақаса қаңтар

қара үйдің оты сөнбейтін,

Қараған, жыңғыл қара ошаққа кеп көлбейтін.

Егіліп тұрып,

ертеңгі күнге шөлдейтін

Қара шал маған

«Ошақтың иесі – сен», – дейтін.

 

От басы жайлы, отыны жайлы кеңес қып,

Көретін жарық,

келетін күнге емексіп,

ой кешкен шалдың орнында қаппын отырып,

От деген сөзді көп естіп…

 

Қара шал кетті …

өткіздік сонау күзді  аман.

Жарадар жаным жазылып, қайта сыздаған…

Өзіне мені тірі ескерткіш қып калдырып,

Қара шал маған қара ошақ – мұра сыйлаған.

 

Кезім бұл енді түнде  де түске Күн енген,

Күн енген-дағы, түнекті тіліп жіберген –

Бабамнан қалған қасиетті қара ошақтың

Тағдырын ойлап жүрем мен.

 

Қара шал құсап …

кез келер бір күн аттанар –

Қара ошақ қалар,

қаңтармен ойнап от қалар.

…Жөргекте жатқан жүректей менің үмітім

О кезде мендей боп қалар?

 

Бақыт

 

Мендей болсын сүйген құлы Құдайдың –

арзан үшін бола алмаймын арманда.

Несін

«Жолым болмады-е».. деп жылаймын,

жолы болған кісі бардай жалғанда?

 

Аллаға тән мейіріммен қараймын,

Дүмшелерге

намаз бұзған күні үшін  –

Ішін өртеп мұным семіз малайдың,

қожасына ұнамайды жүрісім.

 

Патшаңа да малай бола алмаймын –

Маңдай түгіл, маңайына сыймаймын,

«О, сіздікі дұрыс!» – деймін,

(алдаймын!),

оныкіндей ұсақ емес мұң-қайғым.

 

Патшаң менен қызғанғандай бұл бақты –

Сезімім мен жаным азат бұғаудан,

Оның мендей сәттері жоқ қымбатты,

миы ашиды жауабы жоқ сұраудан…

 

Менен соңғы бақытты Адам – бір Өзің,

Көлеңкеңе тағзым етем құлға ұсап…

…дүниеден үнсіз күдер үземін,

сорлайтын сен –

менсіз қалған тұл құшақ!

 

Күбір

«…ұлып жұртқа қайтқан ой»

                                               Абай.

 

«Екеу таза киімім –

бір Иткөйлек,

бір Кебін.

…Күллі әлемдік Күйелеш,

мен де өзіңмен біргемін!

Бар арманым – Тазалық.

Кірлегеннің арманы…» –

Мұны айтуға жаныңның тәуекелі бармады.

 

Соны біліп өлді Өлең.

Ұят кетті сенделіп.

Өзің сенбес Бақыттың әнін айтсаң –

сен де – өлік!

 

«Аңқау елге Ібіліс пір болады», –

демей ме ел? –

Құл – қулықшыл болғанда,

патша – өтірік кемеңгер.

«Ақымақтың ақылы – қулық»

дейді Ұлылық.

Мұңаюды қойды да ел,

ыржаңдады мұны ұғып.

Ақиқат – тым ажарсыз.

Сүйген жүрек – жазалы.

Адал ғашық,

сен болдың жезөкшенің мазағы!

 

«Баяғыдан белгілі;

осы – ұсқынсыз Шындығың,

жылайсың, – деп, – несіне?» –

қылғындырды Мұңды мұң.

 

Аппақ едің әуелде –

таға алардай Күнге мін,

өкінгенсіп қайтесің –

өмір сүрдің – кірледің!

Өлер болдың.

Білгенің – дүниенің жалғаны.

«Бақыттымын!» демеуге

Еш амалың қалмады!

 

Амалың жоқ.

Амалың – күң-қанағат, құл-тоба.

«Аппақпын!» деп бір тақпақ жазып едің –

қырт о да!

Амалсыздан келісіп күллі әлемдік Күнәмен,

сен де ішіңнен балаша шырыл қағып

жылап ең –

сенбеді ешкім.

Қайтесің.

Мойындадың – жұбандың.

Құдайлықтан дәмелі ең –

Құлшылықты құп алдың…

 

Менде де екі таза бар –

Бір Иткөйлек,

Бір Кебін.

Екеуінің арасы – өмір сүрген күндерім.

 

Аман қала алмаспын күллі әлемдік Күйеден –

күйе жеген жанымның ақтығына сүйенем.

Сосын … үнсіз ән салам –

мөлдір,

ессіз,

жаралы Ән –

дәрменсіздің дәмесі – Тазалықтан тараған.

 

Күлліәлемдік Күйелеш!..

уақытша пендеңмін –

аппақ болып келгенмін,

аппақ болып жерге енгім

келетіні –

Сен үшін құмырсқаның қиялы,

Менің күллі ғұмырым сол тілекке сыяды!

 

«Мұңаясың несіне?» – деп сұрайды

Күн менен.

Екеу таза киімім.

Неменеге зілденем!?

 

– Қай Ақиқат айтарың?

Білмейтін кім? –

…шарасыз

жылап,

күліп,

күлгенсіп

қайда беттеп барасыз?

 

– Өмір бойы іздегеніме…

 

Күз. Тоба

Ақты жұлдыз тас төбемнен «ағалап»,

Арашаға түспедім.

Салдақы түн сақ-сақ күлді табалап,

бармағымды тістедім.

 

— Жаз өт-ті! – деп жасыл бояу жылайды –

мен қайтейін, сарғаяр.

Қарғағансып қараңғыны – Құдайды –

қалтыраған шам да – аяр.

 

«Туған екем — өлерімді білем мен,

таңды қарғап күн батар…

Сынық сәуле күтіп қайтем біреуден,

қай жанарды құрғатам?»

 

– Ж-жа-алға-ансың-ң! — деп, Мәңгіліктің жағасын,

жұлқылап ем, қыңбады.

Жесір-өмір жұбатады баласын

жырым-жырым құндағы…

 

Мың ғасырлық Мәңгі ойынның мәні –

осы.

Бояуы,тек көнерген.

Ме-ен?

…сәбимін

сенімі мен дәмесі

өзінен Зор,

өлермен…

 

Ән

Қайтатын құстар салады бір ән

«Өтті ғой бәрі…» деп өксіп.

Толған Ай-қыздың жамалы қылаң,

Телмірем соған емексіп.

 

Жанымда тұрған ойланбай күліп,

Жаным сол – жарты Ай сырғалы…

Санамда бір ой салғандай бүлік;

«Баянсыз құспыз біз-дағы…»

 

Қайталап қаздар,

тырналар да әнін,

Қай-қайдағыны қозғаса,

«Осы ма, – деймін, – бұлдағандағың,

көрінбес бақыт көзге аса…»

 

Толған Ай сонда бұлтқа кіреді,

Зіл-мұңын маған бұлдамай.

Құрысып тұрып Құртқа-жүрегі,

Күледі үнсіз.

Бұл қалай?..

 

Көз жасын тежеп, зорға күледі,

Көлегей тұтып білегін.

Құстардың әнін ол да біледі,

Тірінің қозғар жүрегін:

 

«Қайтады бәрі мұратты айдынға,

Кімде мұң басым,

Кімде арман?..»

Бұлт шалған Айды жұбатпаймын да,

көзінен сүйем дымданған.

 

…Мұнартып кеудем, мұңая қарап,

Айға ұқсас жанды ақтамақ

қалтырап қолым,

тұрам аялап,

Шын сүйіп…

Со-онша қатты аяп!

 

Түн. Құса

– Мүмкін еме-ес! – дейді ышқынып жүрегім –

…мүмкіндігім сол ғана.

Түсім бе екен? – қол тапсырып жүремін

иманы жоқ молдаға.

 

– Көне алмаймын! – деп жылайды Өлеңім,

жұбата алмай миым дал.

Оның нұрлы сәуле толы зеренін

быт-шыт қылды құйындар.

 

Ебірей шал «ел – сенікі!» деп күлді –

…соған да мәз сорлы ағам.

Қиянатқа қия да алмай тектімді,

қостай да алмай, қорланам.

 

Тиынға өтпей ұят дейтін құрғырың,

ақылынан алжасты Ар –

Өзгеге әлі жетпеген соң, бір-бірін

…талап жемек қандастар.

 

Пері  киіп періштенің желегін,

жайнағансып жалған гүл,

Көктен безіп, күлден іздеп керегін

азып-тозып арман жүр…

 

Кие көшті бабам сенген ұғымнан –

…қалғаны – құр сөз-қауыз.

Қазақы арман, сенен мүлде суынғам  –

шайқап ішсін өзге ауыз!

 

– Сабыр! – дейсің, жаным-Далам, жалғызым,

сабыр сені сал қылған!

Ақ жүзіңе күллі ібіліс салды ізін –

ал,қашып көр тағдырдан…

 

Әкіреңдеп, әкемсінді көрінген –

…жылап барар жоқ тәңір.

«Ұят күшті, – демеуші ме ең, – өлімнен»,

…кел, кел, мықтым, отқа кір!

 

Тексіз ұл-қыз таптап сезім қанатын.

ән салып жүр… арсыз ән…

Табалайды ақ шырақты қара түн –

…соңында таң бар шығар?

 

Шықпаған жан шығар күннен үміткер –

Не бересің келер күз?

– Мүмкін еме-ес! – десеңдерші, ей, жігіттер, –

…іштен тынып өлерміз…

 

 

Өле алмайтын ертегі

 

Есенғали Раушановқа

 

… аңғал едің

алдап тынды сенгені –

Ертегі өлді,

Есенғали, рас бұл!

Жалған емнің

зар қақтырды кермегі –

мені аясаң, жаңа ертегі құрастыр.

 

Сеңдей көшкен дүние бізден озарда

бір боқтармыз

«сеніп едік…» деп өксіп –

Телмеңдескен  құс жолына бозарған

жетім елге

жаңа ертегі айт. Емексіт…

 

Берері жоқ безбет көкке телміреген

Жусан – ағам …жоқ бақыттан дәмелі.

Бауыздама ертегіні сен бірден! –

Бізге …соған сеніп өлу – әдемі:

 

Арғы тегін Авраамға тіреген

(Ебіреймен егіз туып, бір қалған?)

Алаш қой бұл…

Айға да азу білеген,

желіктірсе жылқы-қиял, жынды арман!…

 

Әр ертекші «әкеңмін!» деп алдаса,

Әзиз елдің асқынады дерті өстіп –

«Нағыз қазақ – домбыра» емес. Аңдасаң,

Нағыз қазақ –

кемпір туған Ер Төстік!

 

Солай…

ылғи Төстіктеріміз біз деген,

артқандаймыз кімдерге өкпе, неге мін?

Кәрі әкеміз (жаннан күдер үзбеген!)

жалмауызға беріп кеткен егеуін.

 

Біз қонар жұрт – Сорқұдықтың маңайы,

Сайқал тағдыр – Бекторы қыз торыған.

Біз – Алашпыз

тайқылықтан талайы

сұмдық түсін сұлулыққа жорыған…

 

Алдай берсін аяу білмес сенгені –

Төстік тірі!

Есенғали, рас бұл.

Өлең жазу – өле алмаудың ермегі.

Мені ая, сен.

…мықты ертегі құрастыр!

 

Әйел

                                                       

Ұлы суретшінің көрмедегі «Жалаңаш әйел» атты картинасының жанында біреулер ыржаңдасып тұр.

Мейлі…

 

Әлің жетсе,

жанарыңды ала қаш –

Әйел! Әйел…

Әйел тұттай жалаңаш!

Әйел емес,

күллі әлем тұр алдымда

күнәсі мен қасиеті аралас.

 

Әлде қатер,

Әлде ләззат,

Әлде мұң?

Жыр оқуға

жетпей қалды дәрменім,

Жүдемедім жалған сопы жүзденіп –

Күнәһарға құны тиын сәлденің:

 

– Шарап бар ма?

У қоссаң да,

құй бәрін,

Алты құрлық,

төрт мұхитты сыйладым!

Арыстанның өзі-ақ едім…

Ал мұны

Алаңғасар Сезім, саған қимадым.

 

Безеу бетін боятқандай қынамен,

Әсіреқызыл ұрғашыңа ұнап ем,

Әйел емес,

Қарсы алдымда қас қақпай

Қасиетті һәм күнәһәр тұр Әлем!

 

Жүрегімді жарар болды-ау жасын ән…

Әлем-Әйел!

Құзырыңа бас ұрам,

Қасиетіңді кие тұтып,

күнәңді

өз күнәмдай жанұшырып жасырам.

 

…Не жайсаңы ішімде өлді арманның!

Жалғыз мұң бар –

Жан біткеннен қалған мұң:

– Әйел! – десем, ән салатын Мылқаудың,

– Әлем! – десем, көзі соқыр…

Таңғалдым!

Басқа жаңалықтар

Back to top button