Басты жаңалықтар

220 аула абаттандырылады

«Ақтөбеде аула аумақтарын абаттандырудың ауқымды жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл барлығы 220 аула жөнделеді. Сәрсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, 5, 8 және 11-шағын аудандар мен Ш.Қалдаяқов көшесінің аулаларын қарап шықты, — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Мердігер мекемелердің басшылары жобалардың жүзеге асырылуы жайлы есеп берді.

— Есет батыр мен Қалдаяқов көшелерінің қиылысынан Абай даңғылына дейінгі алаңда орналасқан көпқабатты үйлердің барлық аулаларында жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Сондай-ақ 8-шағын ауданда да нысандар бар. Алты ауланы аяқтап қалдық. ПИК-тің, тұрғындардың қалауын білу үшін алдын ала, жұмыс басталғанға дейін олармен кеңесеміз. Бір жерін кеңейтуді, бір жерін алып тастауды сұрап жатады. Соның бәрін ескеріп, тапсырыс берушімен келісеміз. Тұрғындар тарапынан ешқандай наразылық болған жоқ, керісінше олар ризашылықтарын білдірді, — дейді «Ақтөбе адал құрылыс» ЖШС директоры Ахметбек Сүлейменов.

Абаттандыру кезінде аулалардың асфальтбетон жабындылары алмастырылып, аулаға кіретін жолдарға асфальт төселіп, көлік тұратын аумақ жасалады.

— Өткенде сіздер мұнда келгенсіздер, балалар алаңы, асфальт болады деп уәде берген едіңіздер. Бір ай болған жоқ, уәде орындалды. Тұрғындар риза. Сөзіңізге сенуге болады екен. Рақмет! — деді ауласы жөнделген тұрғындардың бірі алғысын айтып.

Ал облыс әкімі жаңартылған кеңістікке ұқыпты қарап, аула мен үйдің кіреберісін таза ұстауға шақырды.

11-шағын ауданда жөнделіп жатқан аулалардың бірінің тұрғындары балалар алаңын орнатуды сұрады. Оңдасын Оразалин тұрғындардың бұл  өтініші биыл орындалатынына сендірді. Осы жылы қаладағы көп қабатты үйлердің аулаларында барлығы 67 балалар ойын алаңы орнатылмақ.

Қаланы қызмет бабымен аралау Әуе қалашығы шағын ауданындағы «Ақ желкен» аула клубында жалғасты. Мұнда балалар бимен, радиотехникамен айналысып, музыкалық аспапта ойнай алады, 3D​ модельдеуді және т.б. үйренеді.

Аула клубы ашылысымен, Әуе қалашығының, сонымен қатар соған жақын жатқан аудандардың тұрғындары балаларын үйдің қасындағы үйірмелерге апара алатын болады.

— Әрбір ата-ана баласының жан-жақты дамығанын қалайды. Дегенмен баланы қаланың басқа бөлігіндегі үйірмелер мен секцияларға апару қолайсыз. Біз мұны түсінеміз, сондықтан қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін қосымша білім беру жүйесін мүмкіндігінше бүкіл қала бойынша орналастыру міндетін қойдық. Осындай міндетті «Нұр Ақтөбеге» де қойып отырмыз, ол жақта жаңа ғимарат салынатын болады. Ал бұл жерде ғимаратын қайтарымсыз беріп отырған әуежайға алғыс айту керек. Біз соны жөндеп, аула клубына лайықтадық, — деді Әуе қалашығы тұрғындарымен тілдескен облыс әкімі.

Ол сондай-ақ келесі жылы үйлерді жөндеу, қасбетін сырлау және т.б. сынды Әуе қалашығы ауданын абаттандыру жұмыстары басталатынын жеткізді.

— Аула клубының ашылғанына шексіз ризамыз, бізге осындай орын расымен қажет болатын. Енді біздің балаларымыз бос уақытында пайдалы іспен айналысады. Ауданымызға абаттандыру жұмыстары да керек.​ Тек қаланың орталығына ғана көңіл бөлініп жатпағаны сүйсіндіреді, — деді Әуе қалашығы ауданы  тұрғыны Анна Петровна.

Облыс әкімі жұмыс сапарының соңында Ақтөбе қаласындағы әуежайдың бұрынғы қонақүй ғимаратының жөндеу жұмыстарымен танысты. Ол Ақтөбе облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментіне әскерге шақырушылар бекетін ұйымдастыру үшін берілген.

Басқа жаңалықтар

Back to top button