Әдебиет

Шырғалаң

Мирас МҰҚАШ

 Әңгіме

Ақпан-тоқпан да аяқталды. Сақылдаған сары аяздың беті қайтты. Әйткенмен, ызғар әлі сіресіп тұр.

Қасат қарды сықыр-сықыр, ғырт-ғырт басып, автобус аялдамасына қарай асыққан Рүстем бір мезет тоқтай қалып көк жүзіне көз тіккен.

Аспан «қабағы» да жазыла қоймапты. Түйдек-түйдегімен созыла жайылған желең бұлт еңсе басатындай. Бұл да өзінің сәл жабырқау күйінің Астананың дәл қазіргі ауа райына сәйкесетінін аңдап, еріксіз жымияды.

Мұның да көңіл түкпірінде шеті сетінемеген бір сең бар… Жан сыздатар ауыр мұң бар…

Астананың да алапат суығы сынғанымен, бөрісырғақ борандардың демі әлі сезілетіндей болады. Сол ұйтқыған түтек қайта айналып соқпайды деуге келмес. «Қардың басын қар алар» дегендей, тентек бұрқасынның, кемі, тағы бір екілене жүйткіп өтетіні анық. Осыны ойлағанда бұрыла қайырылып, Елорданың көз ұшындағы ірге тұсына күдіктене қарады. Өзі, сонда өліара шаққа жеттік пе, жетпедік пе…

Ығы-жығы, қарбалас қалада ерсілі-қарсылы ызғытқан автомобиль нөпірінің мотор гуілі, азынаған сигнал құлақ тұндырады.

Осы көліктер қайда асығады екен? Жаяу жүргіншілер де ылғи безек қағып, қай жақтарға қарай жанығады?..

Анда-санда осындай түйткіл де қылаң беріп қалатыны жоқ емес.

Әлбетте, түсінікті ғой, ұшқыр заманның талабы солай, алып шаһарда діттеген межеңе уақтылы жетіп, тиісті үлесіңді қармап үлгермесең, аузың аңқиып, бармақ шайнап қала бересің. Дегенмен, ол ниет те өз алдына; кейде бұлардың қимылы жанұшырып, алқымнан алған қиындықтан безе қашудың көрінісі сияқтанады. Қызық. Бірақ алдыңнан бәрібір орағытып қайта шыға келетін ауыртпалықтан қайтіп құтыларсың?

Кейде осынау әрекет жөңкіле жосып, үдере көшкен мың-сан киіктің кескінін көз алдына әкеледі. Ара-арасында қатты асығу, жол ережесін бұзу салдарынан бір-біріне соғылып, бүйірі майысқан, бампері жапырылған машиналарды көргенде екпіндете жортып жүріп, жол торыған түз тағысына сауырын алдырған тұлпарлар елестейтіні бар. Егер бір сәт биіктен қараса, жалпы қозғалыс құжынаған құмырсқа илеуіне ұқсар ма еді…

Арагідік осынау қозғалыс толқыны арасынан бүрсеңдеп, бүлкектей салып бара жатқан бір-екі итті көріп қалды. Олардікі де қу тамақтың қамы. Түрлері жүдеу. Алба-жұлба. Шіркін, тірлік… Қайтерсің енді…

Иә, айнала ию-қию. Жағалай жанталасқан жұрт, негізінен, Астананың сол жағалауындағы су жаңа әкімшілік ғимараттарына асыққан қызметкерлер болып шығады.

Күндегі көрініс — осы. Сонау жыпырлаған көп «құмырсқаның» бірі – өзі. Таңертең оянған бойда сабаққа баратын жас ұлдарымен жағаласып, беті-қолын асығыс жуады. Бір тілім нанға май жағып жеп, бір шыныаяқ шәй ішкен болады. Жатар алдында әйелі үтіктеп қойған костюм-шалбарын үстіне іліп, ырсылдап, аяқкиімін киеді. Осыдан кейін тоны мен құлақшынына қол созады. Одан тоңазытқыштан шағын пластмасса қалбырға салынған түскі азығын алып, сыртқа беттейді. Қалбырда, әдетте, екі-үш кесек ет, бірер жапырақ нан, жуа, көкөніс жатады. Бұл ­асқа ақша үнемдеген түрі-тін. Бір бөлімнің бастығы болса да, осынысына арланып көрмепті.

Бүгін де автобусқа ертерек ілігіп, жұмыс орныма кешікпей жетейін деп адымдап келе жатқан беті еді.

Кенет тіліне «Белка в колесе» деген тіркес оралды. Өзінің күнделікті тірлік «ырғағын» ойлағандықтан шығар. Осыны қазақша не деуге болар еді? «Шығыршықта шыр айналған тиін» дей ме… Әй, онша дәл емес-ау. Әйтеуір мұнікі де жандалбаса жүгіріс қой…

Астананың жұмысбасты қауымы таңғы жаттығудағы жауынгерлердей тас кеңселеріне қарай өршелене ұмтылады. Әсіресе сағат тілі тоғызға тақаған сәтте елдің бір-бірін қағып-соғуы жиілейді. Өйткені қызмет орындарына кешіксе, айлықтары қысқарады, тоқсан сайын қолға тиетін сыйақыдан қағылады. Өзара қақтығыс кіреберістегі бақылау-өткізу пунктіндегі тар қуысқа кептелген кезде тіптен күшеймекші.

Мектепте жас әдебиетшілер үйірмесіне қатысқаны бар. Жетекші ағайлары шығарма жазғызса, екі сөзінің бірінде көзі ежірейіп: «Конфликт керек, конфликт» деп қақсаушы еді. Соны алыстан іздеудің керегі жоқ екен. Айналаның бәрі аяқ бассаң-ақ қызу тартыс, қым-қуыт қайшылық…

Қабақтары қатулы, жүздері салқын сақшылар да әрбір адамды, жау тұтқындағандай, бастан-аяқ тінтіп, ұзақ әурелейді. Кейде осы әрекет намысын келтіретін. Баяғы бала кезде ауылдағылардың топырлатып қуықтай есіктен шығарып, қой санайтын кезін ойлайды. Бұл да тура сондай сурет.

Әлдебір басқарма, шағын бөлімдердің қатардағы мамандары мынандай «қорлыққа» үнсіз төзіп, білектегі сағаттарына әлсін-әлсін қарап, ауыр  күрсініп, бас шайқап, тықыршып тұрады. Ал аздаған мансабы, кішігірім билігі бар Рүстем секілділер тез ширығып, ашу шақырады.

— Өй, бауырым, күнде осынша тексеруге неге құмарсың? Тездетсеңші! Қалатын болдық жұмыстан, — деп түтігеді.

Бірақ полиция қызметкері де өз міндетін лайықты атқаруы керек. Белгіленген тәртіп солай.

— Кәне, бір қадам артқа шегініңіз! Қалтаңыздағы заттарды жәшікке салыңыз. Енді бері қараңыз. Айналыңыз, — деп, қол детекторын сумаңдатып, жұмысын жалғастыра береді.

Рүстем енді сыртында қозғалақтасып, кезек күткендердің біріне ренжи бастайды.

— Сен де итермелей бердің-ау, айналайын. Кішкене кимелемей әрірек тұршы. Кіресің ғой.

Ол да бір пәле іздеп қалған пәтшағар екен, шақ ете түсті:

— Ағай, что вы толкаетесь?

— Какой я тебе «ағай»? Мне тридцать четыре года.

— Вы выглядите как мой папа…

— А ты выглядишь как моя бабушка.

— Хам…

Міне, саған «конфликт». Баяғыда ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел мен жерді қорғаған ата-бабалар ұрпағымыз күндердің күнінде аядай кеңсе аузында иін тіресіп, осылайша орысша салғыласып тұрады деп ойлады дейсіз бе?!

Бұл да қызық. Қызық емес-ау, шынында, қасірет шығар.

Ал мына «агай-и» деп аузын қайшылап, «майысып» тұрған әйелдің қырықтан әлдеқашан асып кеткені даусыз. Бетіне опа-далапты да аямай-ақ жағыпты жарықтық. Бірақ онысы өңін жасартып тұрғаны шамалы. Өзі ашуланғанда шын кейпіне енетін болуы керек; көгереңдеп, жұлқынып-жұлқынып, тепсініп-тепсініп қояды. Көзі бағжаңдаған сұры қандай жаман! Сүйегі де ірі екен. Жарты түйенің етіндей болып, мұны шынтағымен нұқып-нұқып қалғанда бүйірін түсіре жаздағаны. Ары қарай салғыласса, істі ушықтырып, өзгелердің де жүйкесіне тиетінін сезген Рүстем енді үндемей құтылуды ұйғарды.

Әлден уақытта «арпалыс» та аяқталып, ішке енген. ­

— Ух-һ, — деді иыққа ілген қол сөмкесін үстелінің тартпасына салып жатып.

Жаңа ғана шаштары дудырап, алқын-жұлқын, ентіге кіргендер лезде өзгеріпті. Қолма-қол кергіп, кербездене қалатындары да таңырқатады. Біреумен сөйлессе де ыңыранып, әрең жауап қатып тұрғандарын байқайсың.

Зәулім ғимарат ішінде әрі-бері сабылып жүздеген адам жүр. Осылардың бәрі не бітіреді екен? Елдік мүддеге, Отанға тигізетін зәредей пайдалары бар ма?

Жанталас саябырсып, бөлмесіне кіріп, сырт киімін шешіп, айнаға қарап шаш тарап тұрған мұны кейде осы сұрақ мазалайды. Ойлап көрсе, өзінің де тындырып, қиратып жүргені шамалы сияқты. Күнделікті күйбең. Құжат рәсімдейді, жан-жаққа түрлі хаттар даярлайды. Оларға қол қойғызып, мөр бастыру үшін де өзге кабинеттер алдында сарылып кезек күтеді. Тіпті бір шаруаны қаузау үшін екі-үш күн жүруі де ғажап емес. Басшыларының көңілін табуға тырысады. Жетекшілері кейде мақтайды, кейде ескерту жасайды.

Сол «дерт» біртіндеп бұған да жұғыпты. Бұл да қол астындағы екі-үш адамға үйіп-төгіп тапсырма береді. Есеп-қисаптарын тексеріп отырып, арасында дауыс көтеретін кезі болады. Әкетіп бара жатқан не қылған «ашу» десеңізші…

Әйткенмен өз-өзін сөгуге онша асықпайтынын да аңдап қалды. Себебі бөлім бастықтығына дейінгі жолда қаншама тер төгіп, ұйқы-күлкіден, демалыстан бас тартты емес пе?! Сенбі мен жексенбі күндері де жұмысқа келіп, қағаздарын бұрқыратып, компьютерге шұқшиып, еңбектенетін әдетті тастай алмады. Әуелде бүгінгі істі ертеңге қалдырмайын, тапсырылған міндетті қалайда артығымен атқарайын деп тырмысатын. Келе-келе кеңсеге бір соғып кетпесе тұра алмайтын «кеселге» шалдықты. Әйтпесе демалыс күндері Рүстемді іздеп жатқан ешкім жоқ.

Бұл да қарапайым ауыл баласы-тын. Мектепте жақсы оқыды. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласатын елгезек болып өсіпті. Үйдегі жұмысқа да үлгеріп, көршілерге қолғабыс жасап, жүгіріп жүретін. Ересектерге де, қатарластарына да осы қасиетімен қадірлі болды. Әсіресе шал, кемпір жақсы көрді.

Ақсақалдар жағы мұның елден ерек кептер асырайтын әуестігіне сүйсініп:

— Рүстемнің айрықша мейірімділігін көгершін ұстайтынынан-ақ байқауға болады ғой. Сол мінезі бұл балаға бақ болып қонады әлі, қара да тұр, — деп отыратын.

Тоқсаныншы жылдардың аяғы шетелдік көлік мінген адамды сирек кездестіретін уақыт еді.

Рүстем достарымен бірге Әбдіғали ақсақалдың үйінің жанында тұрған сүліктей қара «Тойото» автомашинасына қатты тамсанып, даурыға талқыласып үйіне қайтқан. Келсе, әкесі мен шешесі шүңкілдесіп шай ішіп отыр. Анасы:

— Әбдіғалидің ұлы облыс әкімшілігінде істейді екен. Ақшаны пішендеп орады дейді ғой ол жерде. Менің де құлындарым күні ертең-ақ ержетіп сол әкімшілігіңнің қақ төрінде отырады әлі. Тіл-көзім тасқа, менің баламды мұғалімдері де ылғи мақтайды, — деді бұған сонша мерейлене қарап.

Бұған әкесі де шынтағындағы жастығын арлы-бері аударыстырып, арқаланып қалды:

— Е, онда тұрған не бар, аман болса одан да жоғары қызметтерге ілігер. Тек, әйтеуір, ешкімнің ала жібін аттамай, мемлекет қазынасына қол сұқпай, абыроймен жүрсе болды емес пе! Лауазымың да, көлігің де — қолдың кірі. Ең алдымен, адамгершілікті, кісілік қасиетті жоғалтпау керек!

Бұдан соң екеуі мұны ортаға алып алып, әулеттің келешекте жеткізетін ортақ армандары туралы көпке дейін қауқылдасты. Керемет бір кездер екен.

Содан бастап, расында да, әкімшілікте еңбектенсем деген мақсаты айқындала беріпті.

Есеп сабақтарына да жүйрік еді, мектепті бітіре салысымен Астанаға келіп, экономист мамандығы бойынша оқуға түсті. Оны да жақсы аяқтаған. Бірақ жұмыс таппай, бір жылдан аса сенделіп қалды.

Бірде немере ағасының үйінде бос жұмыс орындарын жарнамалайтын газетті парақтап жатыр еді, ағайы аудандық әкімдіктің экономика бөліміне маман қажет екенін айтып келген. ­

– Байқау жариялапты. Тезірек сен де құжаттарыңды өткіз, – деді.

Жатпай-тұрмай дайындалған. Алайда жолы болмады. Комиссиядан өте алмады.

Араға уақыт салып сынаққа және қатысқан. Бұл жолы әлгі ағасы бір таныс тауыпты. Комиссия мүшесінің біріне «сыйақы» беру керек көрінеді.

Бастапқыда бұл:

— Ойбай, аға, ондайдың қажеті жоқ! Керек емес. Қара жұмыс істесем де аштан өлмеспіз, — деп ыршып түскен-ді.

— Үндеме, — деді ағайы.

— Әкеңмен хабарласып, шаруаны ыңғайлап та қойдық. Сен өз кәсібіңнің қыр-сырына жетік болсаң, жеткілікті емес пе? Әлгіндей әрекетке бармасақ, әңгіме көпке созылып, жүріп қалатын түрің бар.

Ұзамай әкесі байғұс бір қарасын сойып, тиісті қаржыны салып жіберген. Бұл іштей қатты қынжылса да, ағасының дегеніне көнбеске амалы қалмапты.

Содан бір күні әкімдіктің су жаңа жас маманы болып шыға келді.

Жұмысын жанын сала атқаруға ұмтылатын. Алғырлықтың, тиянақтылықтың арқасы шығар, ақырындап араға жылдар салып, облыс әкімшілігіне, одан Астанаға ауысқан…

Уақыт дегенің неткен жүрдек. Екі аралықта он бес жылға жуық уақыт зулап өте шығыпты. Әрине, әр тұстарда ерекше есте қалатындай қуанышты сәттер аз болған жоқ. Үйленді, өзі де әке атанды.

Қызмет бабында аяқтан шалу, алдау мен арбау, сыртыңнан сөз тасу дегендей құйтырқылықтың да бірталайын көрген.

Әйтеуір, өмірдің өз «ойын ережесі» болатынын түйсінді. Осыған қалайда бағынуың керек. Шегінетін, ымыраға келетін кездерде икемделіп, қайрат көрсететін тұста тайынбау қажеттігін білді. Шыдамға, сабырға төселді.

Қажыған, мұқалған, жұқарған кездерді де өткеріпті. Сондайда «әй, қойшы, құрысыншы бәрі!» деп қолды бір сілтеп, бетіңмен кете алмайсың. Зияның бала-шағаңа тиеді. Сен жіберген қателіктің залалын, тіпті бір-екі буын ұрпағыңның тартуы да ғажап емес. Ал олардың тағдырымен ойнауға қақың бар ма…

Қандай тексеруден де аман шығатын. Алайда қызмет, қызмет деп жүріп, табиғи болмысынан, адами қалпынан біртіндеп ажырап бара жатқанын сезбей қалғандай екен де. Галстугін қылғына тағып алып, өзін өте бір қасаң тәртіпке салып тастағанын кешірек ұғынғандай. Мұның зияны да жетіп артылатын секілденеді.

Кабинетінде шағын шәйнегі бар. Соның бауын токқа тығып, бөлме есігін ішінен кілттеді де, үстел үстіне газет жайып, ауқаттануға кірісті. Көз қиығымен сағатқа қараса, түскі үзілістің аяқталуына әлі де талай уақыт бар екен.

Екі қолын қалтасына салып, тұнжыраған күйі бөлмені әрі-бері кезіп, едәуір жүрді. Одан терезеден қарап, сыртты тамашалады. Биіктен «Нұрсая» аллеясы айқын көрінеді. Серуендеп жүрген адам қарасы көп. Алты ай қыс болатын Астанаға да көктем айының келгені еске түсті. Балаларын ойнатып жүрген ерлі-зайыптыларды аңдап, «осы демалыста мен де ұлдарымды қыдыртамын, — деп шешкен.

  • Әлде соларды алып Бурабайға тартып кетсем бе екен?»

Балаларының сабағына да мән бермепті. Жұмыс, жұмыс деп, барлық үйдегі міндеттің бәрін келіншегінің мойнына артып қойыпты…

Қалған нанды целофан қалтаға салып алып, кабинетті жауып, тысқа шықты. Күн маужырап тұр. Көгершіндер жүрген жерге жақындап, қолындағы нан қиқымын септі. Кішкене күнінен құсқұмар бала кейін сол әуестігін де әбден ұмытыпты-ау.

Кептерлерге жем шашып отырып, өзінің тамақты үйден әкеліп ішетін әдетінің сырын қаражат үнемдеу үшін де емес, бір мезгіл жеке қалуды, оңашада ойланып-толғануды көксеуден туатынын алғаш рет пайымдады.

Әлден мезгілде өзінің қаптаған құс арасында отырғанын аңғарған. Ойнап жүрген жеткіншектер де бұл көріністі қызық көріп, үймелей қалыпты. Таң атпай келіп, жұмыстан түн жарымында шығатын адам бір сәт көктем лебін, жаз жұпарын да аңсайды екен. Рүстемнің алқымына өксік тығылғандай болды. Қарап отырса, ылғи сырты күліп тұрғанымен, іші қан жылайтын сәттері жиі көрінеді.

Тіршіліктің қарапайым ғана рахатын сезіне алмауы қандай өкінішті. Қызмет қуамын деп жүріп, кісілік қасиеттен жұрдай болғаны қалай? Ауылда өзінің тілеуін тілеп отырған ата-ана, бауырларына бармағалы, тіпті телефон арқылы тілдеспегелі де талай уақыт өтіпті. Жолдастары да жуысуды қойған. Барыс-келісі азайған соң ағайынмен де қарым-қатынас сиреген. Араласпағаннан кейін уақыт араны мүлдем суытыпты.

Жастайынан әдеби шығармалар оқуға құмар еді. Алайда кейінгі әріптестері одан да айнытты. Олардың айтуынша, қазіргі заманда көркем әдебиеттің түк те пайдасы жоқ. Керісінше, «Тез баю жолдары», «Өз ісіңді бастау», «Бизнестің қыр-сыры» сынды тақырыптар әлдеқайда тиімді. Ал әдеби дүниені жағдайыңды толық жасап, шетелде демалып жатқан кезде оқу керек деп ақыл қосады. Бұл да хал-ахуалды реттеп алайын деп қаншама кітап алды. Оқып та жатыр. Бірақ мол байлық пен асқан дәулеттің қарасы көрінбейді…

Кеңсеге қайта кірген соң да көп толғанды.

Сонда мыңдаған адам жоғары лауазымды қызметке, билік пен мансапқа не үшін ұмтылады? Мақсат не? Әрине, мол дәулет, бақуатты тұрмыс кім-кімді де қызықтырады. Бірақ өлермендіктің де өз заңдылығы бар шығар. Мысалы, бұл жұмысына үйінен тамақ тасып, ақша үнемдеп жүрсе де айлығы бірде жетіп, бірде жетпейді. Әжесі марқұм: «Тарылсаң, одан ары тарыға бересің» деуші еді. Тегінде, сол сөздің жаны бар екен.

Кезінде қарапайым маман болып жүріп, «көкелерінің» көмегі арқылы бір күнде жауапты хатшы болып шыға келген өзінен ересектеу бір әріптесінің әрекетін ұмытпайды. Сонда өзін қоярға жер таппаған ол: «Қызмет деген шынында қызық екен, ә, қызмет деген қызық екен» дей беріп еді. Ертеңіне-ақ күрт өзгерді. Ине-жіптен жаңа шыққандай сықия киініп, оқтау жұтқандай сіресіп келген ол таң атпай ғимарат ішін азан-қазан қылып, еден жуатын әйелге зіркілдеп, ұрсып тұрды. Соны көріп таңғалғаны. Өте жуас, қой аузынан шөп алмайтын биязы адамның бір-ақ сәтте басқа жанға айналғаны қайран қалдырған. Енді ойласа, қазір өзінің де содан ешбір айырмасы бар ма?

Кейде осы жерде табысқан кейбір әріптестері сияқты «аға» жағалап, қазіргімнен де үлкен қызметтерге ұмтылсам, қолдан келіп тұрғанда көлденең табыстың ретін тауып, пайдаға кенелсем деп те ойлайтын-ды. Бірақ әкесінің «ешкімнің ала жібін аттама, ел ризығына қол салма, адал бол» деген сөзі санасына мықтап бекіпті…  

Рүстем қойын дәптерін ашып, қаламын қолына алды. Алдағы жұмыс кестесін қағазға түсіріп қою да жас маман күнінен келе жатқан әдеті еді. Ең алдымен, ата-анасына телефон соғып, апта аяғында балаларын қыдыртуды, баяғы жас шақтағыдай әйелімен қол ұстасып киноға баруды түйді. Сөйтіп, бұл жолы тұңғыш рет жұмыстың емес, «ұсақ-түйек» тірліктің жоспарын түзуді ұйғарған. Осылайша он бес жыл бойы әбден бейімделген өмір салтына өзгеріс енгізбекші.

Істі неден бастасам екен деп терезеге телміріп отырды. Кенет алдындағы телефон шырылы селк еткізген.

— Алло, Рүстем Тұрарович, сізді бастық шақырып жатыр.

— А, жақсы. Қазір… Қазір келем…

Мекеме басшысы мұны шұғыл түрде екі апталық іссапарға жөнелту туралы шешім қабылдапты.

Ол асыға басып, автотұрақтағы қаптаған көліктер арасын қақ жарып, үйіне қарай дедектеп бара жатты. Тезірек киім ауыстырып, қажетті заттарын алып, жолға шығуы керек.

Ал әлгі тәтті қиялы мен жоспарларының бәрі жайына қалды.

Әй, бұл шырғалаң ғұмыры бітпейді-ау.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button