Жаңалықтар

Абай ауданынан жеткен лебіз

№1 Абай атындағы Ақтөбе қалалық кітапханасының ұйымдастыруымен қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлына арналған «Абайдың сырлы әлемі» тақырыбында іс-шара өтті.

Zoom платформасы арқылы онлайн түрде өткен шараға Шығыс Қазақстан облысы Абай аудандық М.Әуезов атындағы орталықтандырылған кітапханасының қызметкерлері, Абай аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Төлеубек Аманғазин, ҚР Мәдениет қайраткері Нұрлыбек Қалауов, филология магистрлері мен жастар, жалпы оқырман қауым қатысты.

Шарада Төлеубек Аманғазин Абай музейінің қазіргі бейнесін суреттеп, Абай шығармалары туралы айтып берді. Сонымен қатар ұлы Абай шығармаларындағы қазақ баласының саналы тәрбие алып, өсіп-өнуіне қажетті көптеген өсиет сөздерге тоқталды. Нұрлыбек Қалауов Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасы туралы сөз қозғады.

— Абай отандық мәдениетіміз бен әдебиетімізде аса көрнекті орын алады.  Оның «Толық адам» туралы тәлімі жоғары адамгершілік нормаларды, рухани мәдениетті және жастардан жан-жақты білімді талап етеді. Бұл туралы ел Президенті  өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында айтып өтті.

Ақынның қарасөздері — қазақтың ұлттық педагогикасына асыл арна іспеттес тәлім-тәрбиелік мәні бар құнды дерек.  Абай өлеңдері еңбекке, ғылым, өнер үйренуге, адамгершілікке  тәрбиелейді, — деді ол.

Жиын барысында №1 Абай атындағы қалалық кітапхананың тұрақты оқырманы Әйгерім Барлық «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңін жатқа оқыды.

Шара соңында аталған кітапхананың меңгерушісі Сандуғаш Амангелдина кеш қонақтарына ұжымның атынан алғыс білдірді.

Аманай БАКИЕВА,
№1 Абай атындағы қалалық

кітапхананың кітапханашысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button