Спорт

Нұрқанат Париж Олимпиадасына бармайды

Токио Олимпиадасының бағдарламасына енген каратэні келесі, яғни 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиаданың бағдарламасынан алып тастады.

Бұл жөнінде Бүкіләлемдік каратэ федерациясының (WKF) баспасөз қызметі хабарлаған. WKF каратэні келесі Олимпиаданың бағдарламасына енгізу бағытында біраз жұмыстар атқарғанымен, бұл бастама Халықаралық Олимпиада комитеті тарапынан қолдау таппаған. Оның орнына Парижде брейк-данстен жарыстар өтетін болды.

Біз үшін бұл жағымды жаңалық емес. Біздің каратэшілеріміз Токиода екі қола медаль алды. Алтын ала алмады. Алайда осы нәтижеге қарамастан, ұлттық құрама мүшелері Олимпиадада лайықты өнер көрсетті. Олардың жарқын жеңістері жанкүйерлер есінде қалды.

Соның ішінде біздің жерлесіміз Нұрқанат Әжіқановтың жартылай финалға шығуға әбден мүмкіндігі болды. Ол 75 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, аустралиялық жапон Ц.Яхироны, италиялық әлем чемпионы, кейін Токио Олимпиадасының чемпионы атанған Л.Бусаны жеңді, германиялық Н.Битчпен іс жүзінде тең (3-3) жекпе-жек өткізді. Өз тобында Нұрқанат бес мәрте әлем чемпионы, әзірбайжандық Р.Агаевтан ғана ұтылған еді. Сондай-ақ Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Дархан Асаділов те — өз салмағында әлемдік рейтингтің көшбасшысы.

Спорттың бұл түрі Олимпиада бағдарламасына түпкілікті енген жағдайда біз өз каратэшілеріміздің жолына зор үмітпен қарай алар едік. Өкінішті-ақ…

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button