Ауыл

Табыстың көзі

Шалқар ауданының негізгі маманданған саласы — мал шаруашылығы. Бүгінде аталған ауданда тіркелген 510 шаруа қожалығы, 21 ауылшаруашылық  және 1 өндірістік кооперативтері ауыл шаруашылығының дамуына өз үлестерін қосып келеді.

Мал азығы қалай дайындалуда?

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марғұлан Досжановтың айтуынша, биылғы жылдың  бірінші жартыжылдығында аудан бойынша 4907,8 тонна  ет, 8296,4 тонна  сүт және 269 300 дана жұмыртқа дайындалып, өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда артқан.

Қазір мемлекеттік бағдарламалардың игілігін пайдаланып, мал шаруашылығына бет бұрғандар да көп. Мәселен, «Етті мал шаруашылығын дамыту», «Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде 171,2 миллион теңгеге барлығы 346 мүйізді ірі қара сатып алынды. Сондай-ақ екі шаруа қожалық 28,1 миллион теңге несие aлып, 562 қой сaтып aлды.

— Биыл ауылшаруашылық техникаларын жаңарту мақсатында  5 трактор және  мал азығын дайындайтын 8 ауылшаруашылық техникасы сатып алынды. Сонымен қатар 6 шаруа қожалығының 6 трактор, мал азығын дайындайтын 15 техника алу үшін ұсынған құжаттары мақұлданды.

Мал жайылымдарын суландыру мақсатында 41 ұңғыма қазылып, жұмыс жасап тұр, — дейді Марғұлан Досжанов.

Биыл ауданда барлығы 560 гектар жерге картоп, көкөніс және бақша дақылдары егілген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 28 гектарға артық. Сондай-ақ ауылшаруашылық жерлерге барлығы 34 тонна минералды тыңайтқыш енгізілген.

— Жалпы, алдағы қыс айларында мал басын шөппен қамтамасыз ету үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан екі айда 293 100 тонна шөп дайындау міндеті қойылған болатын. Бүгінгі күні 159 325 тонна мал азығы дайын. Яғни, жоспар 54,3 пайызға орындалып отыр. Қазір осы дайындалған шөптің 82500 тоннасы тасып алынды. Бұл жұмыстар күз айларына дейін жалғасып, мал азығымен толық қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіле беретін болады, — дейді Марғұлан Досжанов.

Арнайы штаб құрылды

Ауданда мал азығын дайындау жұмыстарын ұйымдастыру, шөп бағасын қадағалау үшін арнайы штаб құрылды. Шаруа қожалықтары шөп бағасын негізсіз көтермеу жөніндегі меморандумдарға қол қойды. Ауданда мал азығы бағасы қатаң бақылауда. Жол қашықтығына байланысты 1 тең шөптің орташа бағасы — 450-500 теңге, 1 бума шөп 5000-7000 теңге аралығында сатылуда.

Сонымен қатар аудан бойынша мал  азығын дайындау жұмыстарына 46 шөп бригадасы, 73 трактор, 157 шалғы, 47 тырма, 47 шөп буғыш, 26 шөп көтергіш және 80 тіркеме техникалары жұмылдырылған.

Бүгінде ауданда 21 ауылшаруашылық кооперативі жұмыс жасайды. Биыл ауылдық округтерден 7 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі құрылды.

Мал шаруашылығын цифрландыру мақсатында 12 ауылшаруашылық тауар өндіруші 22 GPS трекер құрылғысын жылқы малына қондырған.

— Биыл жаңа инвестициялық жобалар да жүзеге асырылуда. «Әділ-Жан-Би-Әлібек» шаруа қожалығы  құны 25,0 миллион теңге қаржыға мал өнімдерін өңдейтін цех құрылысын аяқтады. Қазір аталған цехта жартылай фабрикат мал өнімдері, тұшпара, манты және тағы басқа да өнімдер шығарылып, сауда ұйымдарында сатылуда. Цехтың жылдық қуаттылығы — 30 тонна ет өңдеп шығару.

Сондай-ақ «Баубек» шаруа қожалығы Шалқар қаласы аумағынан саумал ішетін қымызхана ашты. Бүгінде шаруашылық 10 бие сауып, арнайы қымызханада саумал және ашытылған қымыз өндіріп сатуда, — дейді Марғұлан Досжанов.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button