Ауыл

Ешкі баққанның есебі түгел

Шалқар қаласының іргесіндегі Жомарт ауылында қазір 23 үй бар. Көгілдір отынмен қамтылған, дөңестеу тұста орналасқан шағын ауылшаруашылыққа өте жайлы. Мұндағы тұрғындар бүгінде мал басын көбейтуді мақсат етіп, оның өнімін ысырапсыз ұқсатуды өздеріне парыз санайды. Осы жердің тұрғыны Рашид Тілеумбетовті ауылдастары қай іске де икемді азамат деп біледі. Атшаптырым ауласына барсаңыз, төрт түлікпен қатар, дәстүрлі емес шаруашылықтың да жолға қойыла бастағанына куә боласыз.

Суретші, құрылысшы деген негізгі мамандықтары бар алпысты алқымдаған ағаның біраз шаруаның басын ұстап, тәжірибе жинақтағанын әңгімесінен біз де аңғардық.

— Қол қусырып бос жүргенді жаным қаламайды. Отағасы ретінде үйдегі балаларыма да беретін тәрбием осы. Зайыбым Зоя екеуміз кезінде бау-бақша да егіп, оның өнімін ұқсатып, артылғанын сатып, нәпақа таптық. Қазір осында қоныстанып, ауыл шаруашылығын дамытуға өзімізше үлес қосуды мақсат етіп отырмыз. Иелігімізде төрт түлікпен қатар, альпы, занен, чех, орыс тұқымды сауынды ешкілер, тауық, күркетауық, қаз  секілді үй құстары, великан тұқымды қояндар, әуесқойлығыма орай көгершіндерім де бар. Олардың әрқайсысына уақыт табу да ептілікті талап етеді. Отбасымызбен осы үй жануарларына бар уақытымызды жұмсап, одан түскен өнімнің өзімізден артылғанын халық қажетіне жаратып отырған жайымыз бар, — дейді Рашид Жаңабайұлы.

Қазіргі таңда халықтың тез әзірленетін тағамдарынан гөрі табиғи өнімдерге сұранысы артты. Оның ішінде ешкінің сүті мен етінің адам денсаулығына пайдасы зор екендігін көпшілік жақсы біледі. Сондықтан Рашид аға өсірген ешкілердің өнімі қазір үлкен сұраныста.

Күтімі жақсы болса ешкінің басы тез көбейеді. Тұқымы әртүрлі ешкілер болғанымен, олар біздің жерге тез үйренісіп кетті. Мезгіл-мезгілімен сауып аламыз. Сүтіне тапсырыс берушілер көп, литрін 600 теңгеден деп белгіледік. Сүт сұраушылардың дені — жасы ұлғайған адамдар мен жаңадан туылған балалар. Әсіресе сәбилерге ешкі сүтінің емдік қасиеті мол, — дейді ол.

Дәстүрлі және дәстүрлі емес шаруашылықты қатар алып жүрген кейіпкеріміздің алға қойған жоспарлары көп. Соның бірі — ешкі шаруашылығын дамытып, жергілікті тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру. Осы мақсатпен таяуда «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағытымен қайтарымсыз грантқа ие болыпты. Оған тағы да  занен тұқымды ешкілерін сатып әкеліп, өрістендіруде.

Ал одан кейін туған мекенін көгалдандыру, наубайхана салу, аудан орталығынан сауықтыру орталығын ашу секілді басқа да жоспарлары тұр.

Осы сапарымызда ауланың бір бұрышынан салынып жатқан наубайхана ғимаратының құрылысы, жайқалған түрлі тал, терек тұқымдарын көріп, бұл жоспарларының да жүзеге аса бастағанын аңғардық.

«Адамды адам еткен еңбек» деген қанатты сөз бар. Әсіресе жастар жағы жұмыстан қашпауы керек. Артымызға қалатындай іс жасасақ екен. Ол үшін бүгінертеңмен шектелетін шаруаны ойламай, халық қажетіне, қоғамға ортақ кәсіптерді қолға алған жөн деп есептеймін. Осы ретте өзімнің жол құрылысы саласындағы тәжірибеме сүйене отырып айтарым, туған мекенді көгалдандыру жұмыстарына мықтап ден қоятын кез әлдеқашан келді дегім келеді. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді дана халқымыз. Табиғатқа да жанашырлық танытып, оны ұғыса білсек, Жер-ананың бізге берер сыйы ұшан-теңіз. Мен балаларыма осыны үнемі айтып отырамын, — дейді Рашид аға.

Қаладағы қарбалас тірліктен оқшау тұрған ауылдың осындай шаруашылығына қарап, Жомартқа қоныстануға ниет білдірушілер қатары да көбейе бастаған екен.  Ал мұндағы тұрғындардың әзірге «қала мен екі ортадағы жолымыз реттелсе…»  деген бір ғана тілегі бар.

 Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button