Ауыл

Ауыл көркейіп келеді

Бүгінде Шалқар ауылдық округінің құрамында екі елді мекен бар: Жылтыр және Талдықұм ауылдары. Округтің жалпы тұрғындар саны 701 адам.

Аталған округтің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жыл сайын жақсаруда. Бұған көптеген мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша жүргізілген жұмыстар септігін тигізуде. Осы орайда Шалқар ауылдық округінің әкімі Қаржаубай Қалжановпен округ көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы сұрап, тілдескен едік.

— Биыл ауылда атқарылған жұмыстар көп. Халықтың өзекті мәселелері назардан тыс қалмайды. Тұрмысы төмен отбасыларға барынша қаржылай, заттай көмек көрсетілуде. Былтыр «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 2 миллион 520 мың теңге қаражатқа қайырымдылық шаралары жасалды.

Сондай-ақ ауыл азаматтарының демеушілігімен 420 мың теңге көлемінде қайырымдылық істер атқарылды. Көше жарығын жақсарту үшін жергілікті бюджеттен 500 мың теңге қаражат бөлініп, Жылтыр ауылына қосымша екі көшеге, Талдықұм ауылына екі көшеге электр шамдары орнатылды. Ауылдық округтегі салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастардың бұқаралық спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында аудан әкімінің қолдауымен жергілікті бюджеттен 6 миллионнан астам теңгеге кіші спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді, — дейді ауылдық округі әкімі Қаржаубай Қалжанов.

Сонымен қатар оның айтуынша, Елбасы жолдауында айтылған «Цифрлы Қазақстан» жобасы аясында «КАРТЕЛ» ЖШС мекемесі «BEELINE» байланыс жүйесін орнатты.

Мал ұрлығының алдын алу, ауылдық елді мекендегі иесіз малдарды қадағалау мақсатындағы жұмыстар үшін жергілікті бюджеттен 840 000 теңге қаражат бөлініп, Жылтыр ауылынан арнайы жер беріліп, аула салынды.

Ауылдық округте кәсіпкерлікке бет бұрып, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін тиімді пайдаланып отырғандар жетерлік. Мәселен, ауыл тұрғыны Н.Дүйсенбай «Еңбек» бағдарламасы аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау операторы ретінде ұйымдастырылған «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша мал шаруашылығын дамыту үшін 1 млн 800 мың теңге несие алып, өз кәсібін бастады. Сондай-ақ осы бағдарлама бойынша жеке кәсіпкер Мұхтар Сапарбаев қайтарымсыз 500 мың теңге грант ұтып алып, шаштараз орталығын ашты.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар

келісімшарты» жобасы бойынша екі жас Жылтыр ауылына жұмысқа орналасты. Осы бағдарламалар бойынша 2020 жылы оқу орнын бітіріп келген үш жас Шалқар қаласына өз мамандықтары бойынша Жастар тәжірибесімен жұмысқа орналасты.

Былтыр жергілікті бюджеттен санитарлық-тазалық жұмыстарына, ауылды күл-қоқыстан тазартуға 500 000 теңге бөлінді. «Елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру» бағдарламасы бойынша 100 000 теңгеге көшеттер сатып алынып егілді.

Биыл «Туған жерге тағзым» акциясы бойынша 1974 жылғы мектеп түлектері Ідіріс Үргенішбаев ескерткішінің ауласына 22 түп қарағай екті. Жылтыр ауылына кіреберіс тасжолын жөндеу жұмыстары үшін аудандық құрылыс бөлімі арқылы жұмыстар атқарылып жатыр. Сондай-ақ Жылтыр ауылына 40 орындық амбулатория салу мәселесі де шешіліп, мердігер мекеме анықталды. Қазіргі таңда  құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауылдық елді мекенді абаттандыру, көгалдандыру, тазалық жұмыстарына ауыл тұрғындары мен мекеме қызметкерлері белсенді араласуда, — дейді ауылдық округ әкімі.

Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы  Жылтыр ауылында 6 жұмыссыз, Талдықұм ауылында 2 жұмыссыз азамат қоғамдық жұмысқа тартылды. «Жасыл ел» бағдарламасы аясында мамыр айынан бастап 29 жасқа дейінгі жастар жұмысқа қабылданды. Маусым айында толық емес отбасы балалары жұмыс жасаса, шілде айында көпбалалы отбасы балалары ауылдық елді мекенді абаттандыру жұмыстары бойынша жұмыс атқарды.

Аудандық спорт мектебі арқылы Жылтыр ауылынан ұлттық спорт түрінің 2 түрінен (қазақша күрес, ұлттық ат спорты) қосымша штаттар ашылып, жұмыс жүргізілуде.

 Қ.ӘЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button