БілімБасты жаңалықтар

Жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта басталады

Брифинг

2021-2022 оқу жылы қалай басталады? Ата-аналарды әрі-сәрі күйге түсірген бұл сұрақтың жауабы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтылды. Ақтөбе облысының білім саласындағы сапаны бақылау департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаева облыстың жаңа оқу жылына дайындығы барысымен бөлісті.

Ақтөбе облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті жыл сайын Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасына сәйкес,  жаңа оқу жылына дайындық барысына мониторинг жүргізеді. Облыста 417 мектепте 167 мыңнан астам оқушы жаңа оқу жылын бастағалы отыр. Оның 12-сі — жеке мектеп. Бүгінгі таңда 1-сыныпқа 18323 бала қабылданды. Маусым-шілде айларында облыстағы  405 мектепке барып, материалдық-техникалық жағдайы, балалардың сапалы білім алуына жағдайдың жасалуы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына мониторинг жүргізілді. Соның ішінде мектеп ғимараттарының жағдайы, мектептердегі медициналық қызметтердің сапалы ұйымдастырылуы, оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, мемлекеттік міндетті білім беру стандартына сәйкес кабинеттердің, лабораториялардың болуы (физика, химия, биология, информатика және т.б.), спорт залдардың жағдайы зерттелді. Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мектептердің санитарлық жағдайы тексерілді. Мониторинг нәтижесінде әрбір мектептің проблемалары нақты анықталып, олардың шешілуі үшін облыс әкімдігіне ұсыныс берілді. Одан әрі мәселелердің оң шешілуі департаменттің бақылауында болады, — деді Б.Күзембаева.

Білім беру нысандары құрылысына, жөндеу жұмыстарына қатысты жүргізілген мониторинг қорытындысы да айтылды: Қарғалы ауданы Бадамша ауылындағы мектептің құрылысы аяқталған, қазір қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектеп жаңа оқу жылына дейін пайдаланылуға берілмек.

12 мектептің құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Екі мектепте құрылыс тоқтап қалған, бұл мәселе тиісті органдардың қадағалауында.

Облыстағы 405 мемлекеттік мектептің 377-сінде толықтай ағымдағы жөндеу жүргізілген,  28 мектепте кестеге сәйкес күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.

—  Жаңа оқу жылына дайындық барысындағы негізгі мәселе — оқушылардың оқулықпен қамтылуы.  Қазіргі таңда мектептердегі бар оқулықтар толық таратылып берілді. Облыстың 1-сынып оқушылары үшін оқулықтар мен дәптерлер толық сатып алынды, білім беру мекемелеріне кестеге сәйкес жеткізіліп отыр.

Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 1 миллиард 700 миллион теңге бөлінді.

Жаңадан келіп жатқан 1-сыныптың оқулықтары, 3 сыныптың «Ақпараттық-коммуникациялық технология» оқулығы, 7, 8-сыныптарға арналған  «Информатика» оқулықтары  70 пайыздай таратылды. Қалғаны 25 тамызға дейін таратылатын болады.  Бірде-бір бала оқулығы, не киімі жоқтықтан мектепке бармай қалмайды. Егер сондай мәселе туындаса, департаменттің 24 сағат бойы істейтін 87472503850 сенім телефонына (ватсап нөмірі) хабарласуға болады.

Биылғы оқу жылы дәстүрлі форматта басталады. Пандемияға байланысты мектеп формасын алуға қиындық туындаса, классикалық үлгідегі киіммен баруға рұқсат етіледі, — деді Б.Күзембаева.

Биылғы жаңа оқу жылында қандай өзгерістер бар? Оны департамент басшысы тізіп айтып берді:

Біріншіден,  ең жақсы жаңалықтың бірі — 1-сыныптар үшін А.Байтұрсыновтың

әдістемесі негізінде әзірленген «Әліппе» мен «Букварь» пәндерінің қайтарылуы. Бірінші қыркүйек күні мектеп табалдырығын алғаш аттаған балаларға салтанатты түрде «Әліппе» және «Букварь» оқулықтары табыс етіледі.

Екіншіден, карантиндік шектеу шараларына байланысты білім сапасының төмендеп кеткені белгілі. Сондықтан осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында әрбір педагогке шәкірттерінің білімін арттыру бойынша арнайы жұмысты ойластыру және тиімді жүргізу мақсаты қойылып отыр.

Үшіншіден, 2019 жылы қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заңға сәйкес мұғалімнің жүктемесі 18-ден 16 сағатқа азайтылды. Бір пән бойынша бос лауазымның 16 сағатын педагогтер арасында бөліп беруге рұқсат етілмейді. Қажет болған жағдайда оқу жылының басында бос лауазымға (16 сағат) қосымша педагог қабылданады. Бос лауазымның сағаттары 15 сағаттан кем болған жағдайда бөліп беруге рұқсат етіледі.

Төртіншіден, сабақ ұзақтығы бұрынғыдай 45 минут болатын болды.

Бесіншіден, мемлекеттік білім беру ұйымдарына педагогтерді жұмысқа қабылдау конкурстық негізде жүзеге асырылатын болады. Конкурс 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесімен педагогтің бос лауазымына өткізіледі. Ұлттық біліктілік тестісінен кемінде 50 балл жинаған техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагогикалық мамандықтары бойынша білім алушылары мен түлектеріне «педагог» біліктілік санаты беріледі. Техникалық және кәсіптік білім беру, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының «педагог» біліктілік санаты бар түлектері конкурс нәтижелері бойынша жұмысқа қабылданады.

— 2021-2022 оқу жылында білім беруді ұйымдастыруда  білім алушылардың білімін толықтыру, оқу жүктемесі төмендетілген үлгілік оқу жоспарларын  жүзеге асыру, қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету,  цифрлық инфрақұрылыммен және ресурстармен жабдықтау секілді міндеттерге назар аудару керек.  Жаңа оқу жылында оқу жетістіктерін сырттай бағалау бастауыш, негізгі орта білім беру деңгейіндегі білім алушылардың базалық білімін тексеруге бағытталған бағалаудың жаңа моделі — білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингімен ауыстырылады. Алайда бұл мониторинг мемлекеттік бақылау түрі болып саналмайды,  білім алушы үшін де, білім беру ұйымы үшін де ешқандай құқықтық салдары болмайды.

Сонымен бірге биыл жыл басында білім беру ұйымдары көрсететін білім беру қызметтерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарына сәйкестігін анықтау мақсатында білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау институты енгізілген болатын. Мемлекеттік аттестаттау  мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарында, олардың меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, профилактикалық бақылау арқылы 5 жылда 1 рет білім беру саласындағы уәкілетті органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелерінде заңға сәйкес жүргізіледі, — деді Б.Күзембаева.

Жаңа оқу жылының басталуына байланысты қоғам алаңдап отырған ең басты мәселе — балалардың денсаулығы, қауіпті індеттен сақтану.

— Дәстүрлі форматта білім беру ұйымдарын ашу үшін санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталуы керек. Мектепке кіреберісте мұғалімдер мен техникалық қызметкерлерге, балаларды мектепке жеткізетін ата-аналарға Ashyq қосымшасын қолдану, білім беру ұйымдарын жеке қорғаныс және залалсыздандыру құралдарымен толық қамтамасыз ету қажет. Егер дәстүрлі форматта оқып жүрген кезде балалар ауырып қалатын болса, сол топтағы балалар, ата-аналары COVID-19-бен ауырған балалар және науқаспен байланыста болған балалар қашықтан оқыту форматына ауыстырылады. Бірінші тоқсанда балалар дәстүрлі форматта оқиды, дегенмен өңірдегі эпидемиологиялық жағдай ескерілетін болады, —  деді департамент басшысы.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button