Басты жаңалықтарДенсаулық

Вакциналау қалай жүргізілуде?

Бүгінде облыста екпе алу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Соңғы тәулікте 4610 адам вакцина салдырған. Оның ішінде 2003 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 2607 адам екінші компонентін алған. 

Екпе қоры жеткілікті

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бөлімінің бас маманы Әсия Тржанованың айтуынша, биыл ақпан айынан бастап облысқа 536 465 доза вакцина келді. Қазір бірінші компонентін 259 910, екінші компонентін 196 713 адам алған. Екпені ең алғаш болып коронавируспен күресте қауіпті аймақта жұмыс істейтін медицина саласының мамандары, полицейлер, мұғалімдер мен өнеркәсіп орындарының қызметкерлері алды.

— Биыл облыс тұрғындарының 60 пайызы екпе алуға тиіс. Яғни 522 000 адам жоспарланып отыр. Биыл облысқа «Спутник V» —  427 475, «QazVac» — 10 990,  «HayatVax» — 56 000, «СoronaVac» —  22 000  және «Синофарм» вакцинасының 20 000 дозасы жеткізілді.  Қазіргі таңда тек екпенің «Спутник V», «QazVac», «Синофарм» түрлері беріліп жатыр.

Облыста екпе алу үшін жылжымалы кешендер де белсенді жұмыс істеп жатқандарын білесіздер. Қазір облыс орталығында осындай 24 кешен тұрақты жұмыс істеп тұр. Атап айтсақ, «Keruen City» сауда, ойын-сауық орталығының ішінде медициналық пункт және Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион мен ірі сауда орындарының алдында жылжымалы кешендер бар. Қала тұрғындары кез келген уақытта екпе алуларына болады, — дейді Әсия Тржанова.

Оның айтуынша, қазір өңірде COVID-19-ға қарсы салынатын вакцинаның қоры жеткілікті. Оларға жеке-жеке тоқталсақ, қорда «Спутник V» вакцинасының 1-компоненті бойынша 17647, 2-компоненті бойынша 28762, «Синофарм»-ның 1-компоненті бойынша 20 000, сондай-ақ «QazVac»-тың 2-компоненті бойынша 500, «CoronaVac»-тың 2-компоненті бойынша 150, «Hayat Vax»-тың 2-компоненті бойынша 300 доза бар.

Мамандардың айтуынша, жалпы екпенің бірінші компонентін алғаннан кейін адамның ағзасында вирусқа қарсы бірден антидене пайда болмайды. Алғашқы кезеңде иммунитет тек 30 пайызға ғана күшейеді. Ал қалған 60 пайызы екінші вакцина алғаннан кейін 45 күн өткен соң пайда болады. Ал жалпы екпе алғандар арасында індет жұқтыру қаупі 10 пайызды құрайды. Егер екпе алғандар ауырса, ол жеңіл түрде өтеді. Қазір «дельта» штамының таралу қаупі жоғары. Сондықтан қай вакцинаны алсаңыз да, антидене пайда болып, иммунитет вирусқа қарсы тұрмайынша, сақтанып, қорғанып жүрген абзал.

Жылжымалы кешендер қызмет көрсетуде

Шалқар ауданы бойынша биыл 16-17 наурыздан бастап вакциналау жұмыстары басталды.

Аудандық аурухананың бас дәрігері Жангелді Былқайырдың айтуынша, биыл аудан бойынша 21 200 адам екпе алуға тиіс. Қазір екпенің 1-компонентін — 13370, 2- компонентін 10154 адам алған.

— Екпе алу үшін ауданда 10 егу пункті ұйымдастырылды. Шалқар аудандық емханасының ішінен арнайы үш кабинет жасақталды. Бірінші кабинетте дәрігер вакцинаға келген адамды толық тексеріп шығады. Егер жағдайы жақсы болса, екпе алуға арналған келісім парағына қол қояды. Ал екіншісі — екпе салынатын кабинет. Үшінші кабинетте екпе алып болған адам 30 минут дәрігердің бақылауында болады. Мамандар қан қысымын, дене қызуын өлшеп, бақылауға алады. Қазіргі таңда аудандық инфекциялық стационарда 25 науқас ем алып жатыр, — дейді ауданның бас дәрігері.

Сондай-ақ ауданда жылжымалы кешендер де белсенді жұмыс істеп жатыр. Қазір бұл кешендерге келіп, 1235 адам екпе алған.

Шалқар қаласының тұрғыны, теміржолшы Болат Жоламанұлы:

— Вакцинаның ешқандай зияны жоқ деп ойлаймын. Балаларымыз, немерелеріміз бар. Өзімізді ғана емес, солардың да болашағын ойлауымыз керек. Ең бастысы, деннің саулығы. Сол үшін екпенің маңызы зор, — дейді.

Қала тұрғыны Гүлшара Мерғалиқызы жылжымалы медициналық кешеннің іске қосылғаны халыққа тиімді екенін айтады.

— Екпе алу үшін уақытымызды жоғалтып, кезекке тұрмаймыз әрі халыққа ыңғайлы жерлерде орналасқан. Коронавирус жұқпалы ауру екені бәрімізге белгілі. Ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін жаппай екпе алу — аурудың таралуын болдырмаудың бірден-бір жолы. Сондықтан барша аудан тұрғындарын сақтық шараларын қатаң ұстануға, вакцина алуға және ешқандай күмән келтірмеуге шақырамын, — деді ол.

«Екпе ал да, автокөлік ұтып ал»

Бүгінде облыс тұрғындарын вакцина алуға ынталандыру мақсатында «Екпе ал да, автокөлік ұтып ал» акциясы жүргізілуде. Оған 25 маусым мен 25 қыркүйек аралығында коронавирус індетіне қарсы кез келген екпенің 1-компонентін алған облыс тұрғындарының барлығы қатыса алады. Акцияға 96 бағалы сыйлық және әр кезеңнің басты жүлдесі — 2021 жылы шыққан «Chevrolet Cobalt» маркалы 2 автокөлігі ойнатылуда. Жеңімпаздар жергілікті «Аqto’be» телеарнасында өтетін тікелей эфир кезінде әр жексенбі сайын анықталады. Ұтыс нәтижесін aktobe.gov.kz сайтынан және әлеуметтік желілерде білуге болады.

Акцияның бірінші кезеңі 15 тамызда аяқталды. Бірінші автокөлікті Қарғалы ауданының тұрғыны ұтып алды.

Тұрғындар не дейді?

Аманай СЕИТОВ,

ардагер:

— Дүниежүзінің дәрігерлері осы індетпен күресуді ойлап жатыр. Індеттен құтылудың ең тиімді жолы — екпе.

Қазақтың той-томалағы да көп. Өзінің және туыстарының денсаулығын ойламай, көпшілік орындарға барады. Осындай жерлерде вирус жұқтыру деңгейі артады. Індет жас талғамайды. Сондықтан үлкен де, кіші де екпе алуы керек деп ойлаймын. Өзім де балаларым мен немерелерімнің денсаулығына алаңдап, вакцина алдым. Өзімді жақсы сезінемін. Ешқандай аллергия, қызу байқалған жоқ.

Қазый ЕСҚАЛИЕВ,

Мәртөк ауданының тұрғыны:

 — Мамыр айының басында зайыбым екеуміз емханаға барып, вакцина алдық. Қарсы көрсетілімдер болған жоқ. Әрі қарай жұмысымызды атқарып жүре бердік. Дәрігер үш күндей қолға су тигізбеуге кеңес берді. Адам дұрыс тамақтанып, үш күндей өзін жылы ұстап, күтінсе, ешқандай өзгеріс болмайды деп ойлаймын. Айтқан шараларын орындадық. Адам әрқашан тек жақсы нәрсені ойлауы керек. Жаман ой туындамауы керек. Себебі бүгінде жалған ақпарат өте көп. Жалпы, індеттен туған күдік адамдардың екпе алуына да кері әсер етіп тұрғандай. Жерлестерімді екпе салу арқылы індетті толық жеңіп, қалыпты тіршілікке оралатын күннің жақын қалғанына сендіргім келеді.

Вакциналау барысында бірінші дозаны салғаннан кейін 12-14 күннен бастап организмдегі бірінші иммундық жүйе қалыптасады. Тұрақты иммунитет 32-45 күннен кейін, ең көп дегенде, 56 күннен кейін қалыптасады. Сондықтан осы инкубациялық кезеңде барлық сақтық шараларын сақтаған жөн. Яғни бетперде тағып, арақашықтықты сақтау керек.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

Індетті жеңудің жолы — екпе салу                  

Денсаулық — бәріміздің ең бірінші байлығымыз. Біздің ұжым биыл 25 наурыздан бастап екпе ала бастады. Ерікті түрде өз денсаулығымыз үшін ұжыммен аудандық ауруханаға барып, вакцина алдық. Екпенің айтарлықтай кері әсерін сезінгендер болған жоқ. Барлығы жеңіл қабылдады. Әрине, бастапқыда қорқыныш пен күдік болды. Қазір халық вакцинаның тиімділігін ұғынды.

Кітапхана қызметкері болғандықтан, көпшіліктің арасында жүреміз. Өзімнің денсаулығымды ойлап, бірден вакцина алуға келісім бердім. Екпенің алдында дәрігер дене температурасын және қан қысымымызды өлшеп, бірнеше сауалнама жүргізді. Вакцина алғаннан кейін жарты сағат дәрігерлердің қарауында болдық. Ал жиырма бір күннен кейін екінші рет емханаға барып, екінші компонентін алдық.  Ол кезде де алғашқы кездегідей процестер болды. Вакцина салдырғаннан соң аздап басым ауырды, бірақ қазіргі уақытта жағдайым өте жақсы. Ешқандай ауырсынулар байқалмайды. Дәрігерлер вакцина алғанмен де көпшілік орынға бармауға тырысып, бетперде тағып, барлық қорғану шараларын жалғастыру керек екенін ескертті.

Шыны керек, әлеуметтік желі арқылы әлі де вакциналауға қатысты түрлі пікірлер туындап жатыр. Екпе алу, ең алдымен, өзің және отбасың қауіпсіз болуы үшін қажет деп ойлаймын.

Назира ҚОЖАХМЕТОВА,

Әйтеке би аудандық балалар кітапханасының кітапханашысы

Басқа жаңалықтар

Back to top button