Әдебиет

Оймауыт

Жақсылық АЙЖАНОВ

Профессор К.Кенжебаевқа

Сахабалардың сайын даладағы мекені,

Түсіме кіріп сен болдың сырдың жетегі.

Асан қайғының арманы болған Оймауыт,

Көгіңнен қыран шаңқылдап ұшып өтеді.

 

Бақытты сенде сабылып аққан сағымдар,

Таңдайы кеуіп, шөліркеп тұрған шағылдар.

Торғайың боп төсіңде шырқай алмадым,

Көкірегімде пенделік бөлек ағын бар.

 

Бабамның жері, әкемнің алтын бесігі ең,

Өзіңді айтып мерейімді де өсірем.

Сағындыратын самал желіңмен сырласып.

Ақталсам-дағы ақтарып ойды шешілем.

 

Соға алмай жүрмін болғанмен құсың, апырмай,

Үстірттің үсті қаз-қатар шатырдай.

Беу, Оймауыт,

Жазығыңда сенің қасқайып тұр-ау Желтауың,

Барақ бабамның тобынан қалған батырдай.

 

Шағалаң жүр-ау көлінде жылда ұялай,

Киігің қырда кес-кестеп жолды қиялай.

Бозбеліңдегі бой тұмар болар боз мұнар

Тұр енді, міне,

Жанарға жас боп сыя алмай.

 

Кетпей-ақ қойдың күнде де, түнде есімнен,

Бозбала кезім құлындай шауып көсілген.

Беу, Оймауыт,

Бұрылам саған бір күні көктен бұлт болып,

Қым-қуат мынау тірліктің ұлы көшінен.

 

ПОРТРЕТ

Ізбасқан Аймағанбетовке

Қиядан қадаласың келіп,

Қырандай қомданып алып.

Тамыздың бұлттарындай

Төгесің толғанып анық.

Аңқылдап есетін желдей,

Ақтарып саласың бәрін

Кей қалпың елестетеді

Қаңтардың борасындарын.

Сырларды жасырмайсың бір

Сұлулар шашбауларындай.

Бұрқ та сарқ қайнайсың кейде

Бұлақтың бастауларындай.

Тіліңмен тұрасың емдеп.

Дүлдүл ой өзендерін өзің

Буырқанып бұрасың ел деп.

Азамат атанғанмен де

Сын көп қой күнде ерлерге,

Жүректі дүрсілдетесің

Сөз алып мінбелерде.

Ойлаймын кім болар ең деп

Ақ халат бұйырмағанда,

Рухы Асау-Барақтың

Жар болсын дүйім ғаламға.

Жауына берілмей-тұғын

Желтаулар бекінісіміз.

Тұрышқа тек ұша алмаған

Тікұшақ өкінішіңіз.

Кімің бар дейтіндерге менің

Сезсіз ғой алға ұстарым да.

Алдыңнан жазылған жан көп

Бақытың – алғыстарыңда.

Тектінің тұяғы дейді

Таңғалып тұрысын-ай деп,

Жарқылдап жүре бер, аға,

Жан бабам қылышындай болып!

Р.S.

«Жедел жәрдем» көрсем күрсінге кетем,

Елестеп өзің ойлы-ағындарда.

Ай, Ізаға, ақ халат киіп жүрсің бе екен,

Қара Жер қойнауында да…

 

БӨКЕНБАЙДЫҢ ШОҚЫСЫ

Ай, Баһадүр бабам-ай,

Қалай-қалай өзгереді

заман бұл…

Көктен мына туғаныма

«жаман» ай

Әлде тартпай туғаныма саған ұл?

 

Ерлігіңді ұмытып,

шоқыңа да тиісті.

Жау шабар деп қай жақтан

қарауылдап тұрып ең…

Қоймады ғой бір қазақ ес

тандырған күйісті,

Ұға алмадым мұны мен.

 

Тыйылғанды берілем деп бөскендер

Қарақұмда бас қосып

батырларды бастап ең,

Елім-айлап көшкенде ел.

Жоңғарлардың жігерін

жанарыңмен жасқап ең…

 

Тазарған-ды Бұлантының белдері,

Аңырақай аспаны,

Ізің қалды Тарбағатай тауында

Сап тыйылды төгілген көз жастары,

Таңғаламын ал бүгінгі қауымға…

 

Ұшқан қыран, көшкен бұлт,

айтсаңдаршы шындықты,

Көк түтіндеп шоқыда от жанды ма…

Сәуегей боп сөйлейді ғой бір мықты

Сен не дейсің, түндік түрген таң мына.

 

Шын Батырын ұмытқаннан қорқамын,

Қанатты ғой бәзбіреулер қанымды.

Бабама ұқсап оймен үнсіз жортамын.

Ай, Оралжан,

Бөкенбайлап шырқасаңшы әніңді…

 

Баһадүрдің алдың неге мазасын,

Дер біреулер «мұны неге жазасың»…

Кешір баба,

Өрлігің мен Ерлігіңмен ерексің,

Шоқы емес, саған тау да лайықты,

Түркі алдында Ұлы Батыр тазасың!

 

СЫР

 «Даланың қадірін енді білдік».

 Курстас әңгімесінен

Сұрғылт аспан сәуірде мұңданады,

Тынысынан айырып мың қаланы.

Қаңыраған көшеден пенде көрмей

Жаның жалғыз қалғандай жынданады.

 

Терезеден далаға телміреміз,

Шығармастай, апыр-ау, келді ме күз.

Ен байтаққа үйренген ел едік біз,

Онсыз, онсыз қалды енді неміз…

 

Ұлитұғын қараумен орманына,

Жете алмай көксеген арманына,

Көкбөрідей отырмыз тор қамақта,

Көнуменен өмірдің салғанына.

 

Көзін неге алапат тікті еліме,

Буырқанған ғасырдың жүктері ме?

Бозторғайлар ауырып қалмаса екен,

Ұя салар боз жусан түптеріне.

 

Өзендерім, көлдерім, бұлақтарым,

Сен де мұны сеземін ұнатпадың,

Айдынында жүзетін аққу түгіл

Тереңіңнен балықты жылатпағын.

 

Сен де сақ бол талдардың бүршіктері,

Кірпігінде бір жас тұр түршіккелі.

Қырандарым, қаздарым, қайдасыңдар,

Сарсаңына салмасын қырсық демі.

 

О, Тәңірім, демеу бол мұнша жанға,

Қатыгездік кенеттен құрсағанда,

Келтір сәнін сәулеңмен дүниенің

Сенем саған

Табиғат тұмшаланба…

 БІР ШӨКІМ БҰЛТ

Төбесінде бұлт жүретін Бармақ баба рухына арнаймын

 

Ақша бұлттар, аңсарым сенде менің,

Тілегені сен болдың жердегі елдің.

Ала жаздай аптапта қинады көп

Тамшыңменен бір сәлем бермегенің.

 

Іздегендей анасын дала-бала,

Сағынышпен жүр көңіл жаралана.

Оралсаңшы, бұлттарым, кезе бермей,

Біз жақтағы ауылға, қалаға да.

 

Ұғар ма екен сыр толар жүрегімді,

Үміттенгем үзбестен күдерімді.

Бір шөкім бұлт бұрылды сонда кенет,

Түсінді ме Тәңірім тілегімді.

 

Жаңбыр исі тынысты кетті керіп,

Мөлдір тамшы жатқанда бетті өбіп.

Шалшыққа да қарамай, балшыққа да,

Жалаң аяқ жүгіргім кетті келіп.

 

Қуаттанды қырларым қалжыраған,

Түйілсе бұлт шудасы жалбыраған.

Ағыл-тегіл күй кешті аспан мен жер,

Бір тазарып тағы да қалды далам.

 

Ақ жауынға боз белдер елжіреді,

Орамалы орманның желбіреді.

Жасыл әлем, бал құрақ, қара тас та

Таңғалдырып тамшы да мөлдіреді.

 

Аспан нұры, жүрекке қалшы қонып,

Адамға да, жерге де нәрсің анық.

Көзден емес, көктен бір төгілетін

Кеткім келді мөп-мөлдір тамшы болып.

 

ТАУСЫЛЫП ТҰР ҒОЙ АМАЛЫМ

Саздым-ай, желкілдеп өскен жағаңда,

Құрағың қайда, құрағың?

Жер, аспан тыныш, ел аманда

Жоғалды-ау сенің бұлағың…

 

Арнаң жатыр бүгінде сенің қаңырап,

Тамшы да сұрап Тәңірге, көкке жалынам.

Боздағым келед ботадай болып аңырап,

Толқып та аққан сәтіңді сенің сағынам.

 

Кімге айтсам екен тағдырыңды осы бәз мына,

Көк ала үйрек қонушы еді көлбеңдеп.

Жеттім бе деп бір жайылып аққан Саздыма

Жүзуші еді оңтүстіктегі шөлден кеп.

 

Жатушы едің қақ жарып мынау шаһарды,

Жағаңнан есіп самалың.

Тағдыр дегенің табиғатқа да қатал-ды,

Таусылып тұр-ау амалым…

 

Картадан көріп танданбасыншы мың ұлан,

Өзіңдей өзен болды дегенге сенбестен.

Құлақты түрші желге де күн-түн ұлыған,

Жағаңнан жоқ қой ел көшкен.

 

Жоғалып кетпе, буырқанған мына ғасырда,

Елегізген, көңіл елжіреп барып басылсын.

Жүрегіңдегі үнді жасырма,

Бұлқыншы, Саздым, бұлақтың көзі ашылсын…

 

ЖАНҚОЖА БАТЫРДЫҢ СОҢҒЫ МОНОЛОГІ

 Өрлігім мен ерлігімде бұлтарды

Кәрілік кеп билегенде бойымды,

Күдіктілеу жүрістерің бұл таңғы

Ей, пенделер,

Жүзеге асыр қажет болса ойыңды.

 

Қорғаған ем, қалың елге қалқан боп,

Біле алмадым, менде қандай өшің бар.

Айтпаймын мен өлімнен де қорқам деп,

Қартайғанда жалғыз қалған қосым бар.

 

Қоңыр күзде болайын деп көшпедім,

Бұл жер баба қонысы еді байырғы.

Сонау жылдан білмеппін-ау өш пе едің,

Бізді қандай жалған тірлік айырды?

 

Ойламаушы ем деп жанымда қасым бар,

Тұрсың үйге қапылыста еніп кеп.

Тек айтарым, басымды ал,

Ал денемді қара жерге көміп кет.

 

Шапқың келсе шап, не түйрегін найзаңды,

Қозғалмастан орынымда отырам.

Асыр солай топ болып кеп айлаңды,

Табылар жер анау жатқан шоқыдан.

 

Мәрттігімде, сертімде де қаламын,

Қылышым бар оны қыннан суырман.

Мен ұлымын мынау дархан даланың,

Не болса да көрем бәрін бұйырған.

 

Болған шығар бұл да менің тағдырым,

Не бетіңмен көрмексіңдер елімді?

Жауабы да болар анық ал мұның

Байқазақтай батыр алар кегімді.

 

Р.S.

Қайран

Жәкем алды есіне алтын сапты алмасын,

Қандамады, алдындағы қандасын.

Қарсы алу өлімді де тік тұрып,

Неткен ғажап қайсарлық пен мықтылық…

 

ОЙ

Бір арман бара жатыр қайдалаған,

Бақытын іздеп таппай бай даладан.

Біреулер алтыннан тау тұрғызуда,

Шүкір дейді бәріне жай ғана адам.

 

Біреулер тапты орманнан несібесін,

Өйткені жеміс, алма өсіресің.

Ара да тыным таппай гүл іздейді,

Бірақ та несібесін…

Кешірерсің.

 

Бәрі де ауыспайды ауыздардан,

Мол болып көрінгенмен қауыздардан,

Жер де кең, аспан шексіз шекарасыз,

Жетпейді қанағатсыз жауыздардан.

 

Барлығын жатырмыз ғой жерден көріп,

Шынымен шерді тартар елден бе едік…

Тойған соң бесігінде өніп, өсіп

Жат жақты бағыт алып кердеңдедік.

 

Мен саған қалай жағам, аласұрам,

Пенделер азайды-ау шын жаны ашыған.

Тамшы боп тамсам деймін мөлдіреумен,

Жер, саған ақша бұлттар арасынан.

 

Алтын өлкем өткізген көп күндерді,

Өзіңді таспа болып өпкім келді…

Әйтсе де жанарынан таса қылмас

Қыран боп көкке ұшып кеткім келді…

 

САРАЙШЫҚ

Боздайды Ойсылқара жазығымда,

Тербеуде боз даланы сазы мұнда.

Жүрегім сол әуенмен тілдеседі,

Тұрған соң Алтын орда қазығында.

 

Тірлігің, өрлігің мен салтың арман,

Қонысы Қасымханның Алтын ордам.

Секер көл қайда кеткен ару жүзген?

Ұлы су ағады тек жарқыраған.

 

Сұраймын тылсым сырды ормандардан,

Құлазып қалған үнсіз қорғандардан.

Жайықтың жағасында жүр Өтеген,

Жүрегін мазалап ой армандаған.

 

Күрессе Бату ханым бағым үшін,

Алмалы бақ болғанды нақ ырысым.

Жеті хан өткен шаһар жер астында

Сен менің болдың мұңды сағынышым.

 

Не арман, бар ед мынау Жайығымда,

Патшайым жүзген алтын қайығында.

Сол заман қасиетім, қасіретім,

Жоғалту бас қаламды айыбым ба?

 

 

Қалайша арыламыз мына жайдан?

Өлеңді отырғам жоқ құрап ойдан.

Болған деп бір дәуірде Астанаңыз,

Сыр толар жәдігерлер мұражайдан.

 

Сарайшық сары даланың төсіндегі,

Қазақтың сан өнерін өшірмеді.

Шығысқа, Батысқа да керуендеген

Толғантады «Жібек жолы» көшің мені.

 

Хандықтар тартысудан қамшы көріп,

Бұзылды іргесі елдің әлсіредік.

Сарайшық қалпыңменен өкіндіріп,

Барасың мөлдіреген тамшы болып.

 

Қарайды көкте ұшқан құс тізбектеліп,

Барады біздегі ойдан мұз бөктеріп.

Араға сегіз ғасыр өткеннен соң

Тұр Құлбек, Ғалым, Дархан іздеп келіп.

 

Бұл күнге табылар ма көңіл емі,

Сағыныш Алтын орда төңірегі,

Еділім, Жайығыңның егізі ем деп,

Кеттің деп, неге тастап егіледі.

 

ҰЙҚЫДАҒЫ АРУ

Қыс айы. Қаңтар. Кеш керім.

Ұйықтауда ару кинода.

Сезімнің естім ескегін

Көзіңді ашшы, қинама.

 

Жұмылып жатты жанарың,

Кірпігің бірақ төкті нұр.

Таңғалып бір сәт қарадым,

Лап  етті кенет отты жыр.

 

Үр қызы алыс үндінің,

Жағым да қалды-ау қарысып.

Бірі едім мен де тілдінің

Жүрегім жатты алысып.

 

Теңселіп шықтым түнімен,

Қарсы алдым оймен таңды да.

Қалайша көзге іліп ем,

Меңдетіп барад хал мына.

 

Есігіңді де қақпадым,

Терезеңді де ашпадым.

Тым ғажап ұйықтап жатқаның

Көрініс керім қас қағым.

 

Ұқсаспыз, қара торысың,

Бізде де бар ғой меңді қыз.

Сәуегей ойды жорысын,

Жолығамыз ба енді біз.

 

Оқыр ем жырды ағытып,

Тартпас ем сөздің тізгінін.

Қата алмай тілді жарытып,

Жүректе қалды-ау ізгі мұң.

 

Бейнеңді жатқан сыр бүгіп,

Жоғалтпайын деп бекіндім.

Бола алмай жігіт үнділік,

Дүние-ай, сол сәт өкіндім.

 

Сағынып, іздеп бармаймын,

Сүйсінер саған бар тұлға.

Оятып сені алмайын,

Ұйықтай бер жұмбақ қалпыңда.

 

Таңғалып беркер қарадым,

Өтіп те кетті-ау отты жыл.

Жұмылып жатты жанарың,

Кірпігің бірақ төкті нұр.

 

 

Тартқанмен сүйіп тәтті-уды

Шын ғашық болсаң азап көп.

Ардақтай білер аққуды

Таңдандым кешір, қазақ боп.

 

ҚАМШЫ

Төрдегі кілем үстіне

Төрт өрме қамшы ілінді.

Тұлпарлар кіріп  түсіме

Көңілім менің бүлінді.

 

Ауылда атқа құмар ем,

Қалаға келіп қамықтым.

Табылар ма екен бұған ем

Даланың сырын жаңа ұқтым.

 

Қолынан түспей бабамның

Серігі болған сенімнің.

Мен, бүгін, міне алаңмын,

Жалғыз қалғандай көріндің.

 

Өмір-өзенім көне ме

Тәңірі мені ұрағандай.

Жарамадым-ай деп кәдеге

Мұңдана қарап тұрғандай.

 

Асуды жөнге көндіріп,

Қос ұлым қамшы ұстай ма?

Жорғаны қырда желдіріп,

Желігіп құстай ұшпай ма…

 

Тобылғы сапты-ырысым,

Жыр қылман сені бос құрап.

Қалалық қазақ намысын

Күн сайын тұрған осқылап.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button