Жаңалықтар

Алғы шептегі ардагер

Облыстағы он екі ауылдық аудан орталықтары ішінде ең үлкені — Шалқар қаласында 28 мыңға таяу адам тұрады. Бұл — осы аттас аудан халқының 61 пайызы. Қала аумағында теміржолдың және газ құбырларының ондаған үлкен кәсіпорындары, тоғыз  орта, бір негізгі мектептер, мектепке дейінгі 12 мемлекеттік мекеме, аграрлық-техникалық училище, 75 кереуеттік орталық аурухана мен 26 кереуеттік күндізгі стационарлық бөлімше, күніне 250 адамды қабылдайтын емхана және басқа әлеуметтік қызмет мекемелері жұмыс істейді. Жан-жақтағы ауылдардан, Қызылорда облысындағы көрші Арал ауданына қарасты елді мекендерден көшіп келіп, қоныстанушылар есебінен қала жылдан-жылға қанат жая түсуде, жаңадан тұрғын үйлер, өндірістік-әлеуметтік ғимараттар бой көтеруде.

Біржарым ғасырлық тарихы бар ежелгі қаланың тыныс-тіршілігінде, келешекке   сеніммен қадам басуында қоғамдық  ұйымдардың  қосқан үлесі зор. Сондай  ұйымдардың бірі — біраз жылдан бері Аманкелді Қалыбаев жүйелі жетекшілік  етіп келе жатқан қалалық ардагерлер кеңесі.

Сексен жастың сеңгіріне міні құрамай ажарлы шыққалы тұрған бұл кісіні танып- білгелі біраз уақыт өтті. Жолығыса қалсақ сәлемімізді қуана қабылдап, шын  ниетімен амандық-саулық сұрайды. Өзін-өзі жарнамалауға әуестігі жоқ, көбіне өз қатар-құрдастары мен олардың тындырған істері жайында мақтанышпен баяндайды. Аудан, облыс көлеміндегі жиналыс-кеңестерге мүмкіндігінше қалмай  қатысып, қала тірлігіне қатысты келелі мәселелер төңірегінде ой қозғайды,  ұсыныс-пікірлерін ірікпей ортаға салады. Мерзімдік басылымдарды жібермей оқитын және журналист ағайынға үйірсек азаматпен әңгімелесуге біз де  құштарлық танытатынбыз.

Бірде есімінің Аманкелді аталуы себебін білмекші болдық.

— Атышулы Ұлы Отан соғысының басталғанына небәрі екі ай өткен соң дүние есігін ашыппын, — дейді ол. — Марқұм анам Қаншайымның айтуынша, айдыны шалқып тұрған Арал теңізінің маңайындағы балықшы ауылдарына да соғыс  майданына шақыру қағаздары келіп жатыр. Жасы отызға жетпеген, балықшы    кемесінің капитаны қызметіндегі әкем «Енді маған да кезек жақындаған шығар,  осыдан аман-сау оралсам деймін, баламның есімін Аманкелді қоямын», — деп ырымдапты.

Сөйткен әке көп ұзамай мүлде бейтаныс өлкеге кете барған. Арада жыл өтті ме, өтпеді ме, Сталинград майданында ерлікпен қаза тапқаны жайлы «қара қағаз»   жетті. Кейін марқұмның Ресейдің Волгоград  облысындағы Светлов ауданында Ворошиловка хуторы іргесіндегі зиратта №24 бейітте  жерленгені анықталды.

Отыз бес жасында ең кішісі — біздің кейіпкеріміз бар, төрт баланы құшақтап, жесір қалған анасы дереу есін жиып, перзенттерін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға  шоқыттырмай, майдангер жарының аманатын орындап, пайғамбар жасында бала-келіні Аманкелді мен Базаркүлдің қолынан бақиға аттанды.

Өмір өз орнында тұрмайды, тірлік  көші ілгері қозғалады. Әке мейірімін сезбеген балаң жігітті «Әкесі барлардан кем болмауым  керек» деген намыс оты ширатқаны рас. Орта мектепті, Арал фабрика-зауыт училищесін тәмәмдаған Қалыбаев кеме механигі, токарь, электрик-моторист кәсіптерінде ширап, айналасына танылды. Зауыт комсомол комитетінің хатшысы болып жүріп, республикалық «Әкелер даңқы жолымен» атты республикалық слетке қатысты. Слетте сөйлеген Қазақстан жастарының жетекшісі, біртуар тұлға Өзбекәлі Жәнібековтің шешендік толғауларын көпке дейін ұмыта алмай жүрді.

Есті адам қашан да жақсылықтарды ұмытпаса керек. Кейіпкеріміз өзін    қамқорлығына алып, жақсы жол көрсеткен Кеулімқош Тәңірбергенов, Төлеу Алдияров, Елеш Ізбанов, Ахметжан Төребаев сияқты ағаларын тебірене еске   алады. Әсіресе Шалқар ауданын үзіліссіз он бір жыл басқарған Алдияровтың  кісітанығыштық қасиетімен Аралдан отбасымен көшіп келген жас коммуниске автобаза жанындағы автомектеп директорлығы қызметін ұсынуы ұмытылар ма?!

Сонан бері елу жылдай уақыт  өтті — қаншама өзгерістер болды, екі  қоғам алмасты.

Аманкелді Інжілісұлы салауатты өмір салтын берік ұстанды, бос уақытында спортпен шұғылдануға машықтанды, білімін көтеруді жадынан шығармай, институтта сырттай  оқыды. Директор қызметінде өзі  қабылдап алған автомектеп қабырғасынан автокөлік жүргізушілердің үлкен шоғырын оқытып шығарды. Оларға жүргізушілік кәсіп бағытындағы дәрістерімен қоса, денсаулық сабақтарын беруі, салауатты тірлікті уағыздағаны сүйсінерлік. Жиырма  жылға  жуықтады, нарықтық  экономика талаптарына бейімделіп, қайта құрылған «Авто-Алтын» ЖШС-ның  басшысы. Қазіргі күнде төрт топта алпыс оқушы тәлім алуда.

Әуелден дамылдап, қол жеткен азын-аулақ жетістіктерді місе тұтумен  шектелмеген Қалыбаев қоғамдық-саяси шаралардың бел ортасында  жүрді. Жеткіншек ұрпақтың өткен тарихтан хабардар болғанын ұнатты. Бала шағында үлкендердің  әңгімесімен құлағында қалған Шектінің аты аңызға айналған   тұлғалары — Құл батыр, әйгілі «Мың бала» жорығының ту ұстаушысы Сартай  Байжанұлы, жаужүрек Жылқаман Отыншыұлы, Сыр еліндегі танымал сөз зергері, төкпе ақын Нұртуған Кенжеғұлұлы және басқалары жайында деректерді ерінбей-жалықпай жинақтап, оларды мәңгі есте қалдыру шараларын ұйымдастырудың алдыңғы легінен көрінді.

Нәтижесінде атамекенде заман талабына сай кесенелер бой көтеріп, Ақтөбе, Шалқар, Арал қалаларында, Бозой ауылында көшелерге есімдері  берілді. Ақтөбе   қаласына  кіреберіс үлкен  жолдың бойындағы алаңда «Жаужүрек мың бала»  тарихи-архитектуралық кешенін тұрғызуға беталыс  ортақ түсіністіктің, жұмыла   қимылдаудың жемісі. Бұл ретте назар аударар жай — аталған шараларға бюджеттен ешқандай қаражат шығарылған жоқ, тұрғылықты халықтың, бабалар  ұрпақтарының өз ықыласымен қаржы біріктіруінің нәтижесі. Аманкелді Інжілісұлының балаларының демеушілігімен баспадан шығарылған «Бабалар берген бағдар бар» атты кітапта жоғарыдағы бабалар жайында мерзімдік   баспасөзде жарияланған материалдар қамтылды, атқарылған жұмыстар кеңінен баяндалды.

Қалыбаев өзі басқаратын қалалық ардагерлер кеңесі қызметінің жүйелі жүруін басты мақсат еткен. Бұл ретте «Шалқар ауданының құрметті азаматы» атағының иегерлері Мырзалы Бисенов, Елубай Төлепбергенов, сол сияқты  Бағжан Тілегенов және басқа ардагерлердің ынта-ықыласын сүйсіне әңгімелейді. Кейіпкеріміз  кезінде құрамына 17  адамды біріктірген «Ардагерлер әуені»   көркемөнерпаздар ұжымына ұлттық киімдер тіктіру мәселесін көтерген болатын. Аудан әкімі Жанболат Жидехановтың тарапынан жасалған қолдау нәтижесінде  тілек орындалып, өнерді қастерлеген ата-әжелердің сахнадағы шырайына ажар кірді. Тұрғылықты халықтың ата дәстүрлерді санаға сіңірген салтымен салтанатты шараларда, басқосуларда «Аға баласы ғой» деп Әлімнен тараған Шыңғыстың   баласы Жақайым өкілінен бата сұрау, бастапқы сөзді беру үйреншікті жайға айналды. Осы үрдіс сәтімен жалғасып келеді. Аудан орталығында өткізілген  «Шұғылалы Шалқар» форумында, Ақтөбе қаласында «Шалқар аллеясының» ашылуы салтанатында Аманкелді Қалыбаевтың осындай құрметке ие болуы да    заңды. Биылғы жылдың маңызды жаңалығы — көптен айтылып жүрген Шалқар көлінің табанын тазарту мәселесінің оңды шешілуі. Бұл үшін жобалау-сметалық   құжаттар жасақталып, республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Күрделі  шаруаны қолға алу жүктелген мердігер мекеме жұмысқа кірер қарсаңында құрбандыққа мал шалынып, өлі аруаққа дұға бағышталды. Шалқар ауданының   құрметті азаматы Аманкелді  ағамыз бата берді.

Кісілік көркем қалпынан ауытқымаған азамат мерей жасына сергек жетті. Зайыбы Базаркүл екеуі сегіз баланы аяқтандырып, немерелер сүйді, таяуда Аманкүл мен Данабегінен Әлім есімді шөбере көрді. Перзенттері құрылыс инженері, ішкі істер органдарының шенді офицері, мұғалім, дәрігер, эколог мамандықтарымен абыройлы еңбек етуде. Келіндер мен күйеубалалар ізетті қалпын сақтап, алдарынан кесе өткен емес. Ұлдың кенжесі, шаңыраққа ие Қуандық аудандық ішкі істер бөлімінің кезекшілік құрамында, келіні Ботагөз — атасы басқаратын    автомектепте нұсқаушы, төрт бала тәрбиелеп өсіруде.

Майдангер әке дидарын көрмей өскен Аманкелді Інжілісұлы Алланың берген ризығына шүкірлік етеді.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button