Жаңалықтар

Бір отбасының 4 адамы көз жұмды

Жол-көлік оқиғасы

Оқиға 16 тамыз күні Ырғыз ауданына қарасты Қалыбай ауылының жанындағы  Самара-Шымкент тасжолының бойында болған. «Nissan X-Trail» автокөлігін тізгіндеген 39 жастағы Шалқар ауданының тұрғыны Қырғызстан Республикасының азаматы айдап келе жатқан «Volvo FH460» жүк көлігімен соқтығысқан.

— Жол көлік оқиғасы салдарынан «Nissan X-Trail» автокөлігінің жүргізушісі мен оның әйелі, 11 жастағы ұлы оқиға орнында көз жұмды. Ал 5 жасар ұлы мен 10 жастағы қызы Ырғыз аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Өкінішке қарай, дәрігерлер 5 жасар ұлды аман алып қала алмады, — делінген облыстық полиция департаменті жіберген хабарламада.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің  345-бабы 4-бөлігі «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалыс ережесін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов статистика бойынша жол көлік оқиғаларының бір себебі қарсы қозғалыс жолағына шығу екендігін айтады.

— Барлық жүргізушілерге тағы да ескертіп айтамыз:  алдыңыздағы көліктен басып озбас бұрын, қарсы жатқан қозғалыс жолағының бос екендігіне және басып озу кезінде  қарсы келе жатқан көлікке кедергі келтірмейтініңізге көз жеткізіңіз. Көлік жүргізушілердің барлығын қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамыз, — деді Атығай Арыстанов.

А. МӘЛІКҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button