Жаңалықтар

Имандылық пен тазалық сиқырдан қорғайды

Қасиетті Құранды ашатын алғашқы «Фатиха» сүресінің бірінші аятында «ғәләмин» сөзі тұр. Бұл — «әлемдер» деген көпше сөз. Адамзат әлемімен қатар, бізден жасырылған  ғайып әлемдер бары хақ. Олардың бірсыпырасы — мәлім, қалғандары — құпия!

Ардақты Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз аса қауіпті болған ұлы жеті күнәні бізге тізбектеп берген. Осылардың ішінде, ең алдымен, адам тағдырын тәлкекке салатын, өмірінің ойранын шығаратын көзбояушылық-сиқыр туралы айтылған. Бұл зұлматпен айналысу мұсылман пенденің қолынан келе қоймас. Тек иманын әзәзілге сатып, ата дінінен айырылып, тіпті кәпірден төмен деңгейге түскендердің қолынан келеді. Негізінде, бұл — адамзатқа сырттан жасалынатын қастандық, тіпті жақсылық ниетпен де атқаруға болмайтын Алланың ұлы тыйымы. Мұса (ғ.с.) пайғамбар тұсында өркендеп, кейін құлдилаған. Барлық дінде мұнымен айналысқандар аямай жазаланған. Алайда түп тамырымен қияметке дейін жалғасатын осы жауыздық бүгінде мұсылман мұсылманға, келіндер қайын жұртқа, достар бір-біріне, әйелі еріне, кәсіпкер серіктестестер арасында жиі қолданатын болды.

Шариғи тілде өз болмысын өзгерту үшін жынға, шайтанға қайырылу сиқыр делінеді. Бүгіннің кей адамдары бұл іске жақсы атау беріп, «Ақ магия» дейді. Бірақ атын қанша бүркемелегенмен, заты бәрібір мәңгілік өзгермейтін харами дүние. Тіпті адамды адамға қосу, бір-біріне жақсы көрсету, қарызын қайтарту үшін жасалынса да, ешқашан құпталмақ емес. Жалпы, сиқырмен дуалау, жын ұру дегендердің шығатын жері бір, яғни имансыздықтың бастауы. Қызғаныш — оның түртпегі, қаражат — оның ілмегі. Бүгінде осы бір кесапат кесірмен айналысушылардың да саны көбейді, ал оларға жүгінушілердің де қатары азаятын емес…

Құранның бірнеше аяты мен сүресі бізді сиқыр туралы хабардар етеді. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде көп адамның көз тиюден өлетіні, көз тиюдің адамды қабірге, хайуанды қазанға түсіретіні де айтылған. Көз тию бар, ол ақиқат. Қазақта «Көз тиеді, көз тимес, сөз тиеді» дейді. Жобада осы тізбектің бәрінің дерлік белгілері бір-біріне ұқсас. Олардың қатарында адамның рухани құлазуы, құлықсыздығы, бедеулігі, түсік тастау жиілігі, жұмысының жүрмеуі, себепсізден-себепсіз жылауы, бет-жүздің қараюы не сарғаюы, жалғыздықты сүюі, ешбір нәрседен ләззат алмауы, барлық мәселеде тұрақсыздығы, бір аурудың асқынуы, емі табылмауы, сырқаттың ұзауы, жүректің қысылуы, тым қатты есінеуі яки кекіруі айтылған. Осының бәрі адамды толықтай өзгертеді, яғни жүйкесі сыр береді, рухани құлазиды, жалқауланады, ашушаң келеді, өз-өзіне сөйлейді, орынсыз күледі, дірілдеп қалшылдайды, түбінде өз-өзіне қол жұмсауына дейін алып баруы әбден ықтимал. Әрі мұның ең үлкен белгісі —  адамның себепсіз үнемі сұлқ құлай беруі.

Түнде бастырылу, үрейлі түстер көру, биіктен құлау, ит, мысық көру, лас нәрсені (түсінде) жеп-ішу, қашу ұдайы көрініп, не түс, не өңі екендігі белгісіз күйге түседі. Бұл белгілердің басым көпшілігі әркімде әрқалай сипатта болуы мүмкін. Тек, ең жоғарғы дәрежеге жеткенде, түстегі қорқынышы өңіне айналып, елестері нақты күндізгідей көрінетін болады. Дегенмен, ең негізгісі, қазіргі медицинаға қайырылып, кәсіби дәрігердің ем-домдық көмегі болмағанда яки табылмағанда ғана күмәнға алынып, тиісті шараларға кірісу қажет. Жалпы, бұл рухани кеселден емделудің екі жолы көрсетілген. Біріншісі, қасиетті Құранның ұлы дұғаларымен айығу болса, екіншісі дәл сондай сиқыршының үлкенірегіне бару. Бірақ екінші жолына шариғат тыйым салады.

Аурулар екіге бөлінеді — дене және рух аурулары. Рух кеселіне жын әлемінің тікелей әсері бар. Бұл қасіреттен сақтанудың негізгі жолы мыналар: саф таза ақида (сенім) ұстану арқылы жаратқан жалғыз Аллаға иманы мен үміті нық болу, күнә атаулыдан алыс болу, әуретті жердің жабық жүруі, бірде-бір жаратылысқа нақақтан (әдейілеп) жазықсыз зияндық көрсетпеу. Сондай-ақ ұдайы ғұсыл-дәретпен таза жүру, құлшылық жасау, дұға-тілектерге сүйену және қатты қуаныш пен қайғыда өзін-өзі ұстау, сабыр сақтау және көпшілік жамағатпен бірге болу керек.

Бүгінде сапырылысқан бақсы-балгер, «көріпкел», «жол ашушы» көп. Кей адамдар үйінен өздеріне тиесілі емес зат, түйіншектер, тіпті қабір басынан жыртылған, кескіленген суреттер тауып алып, шошынып жатады. Мұның бәрі сол сиқырдың салдары. Дінімізде сиқыр жасаушыларды жын әлемінің әскерлері санайды. Зират-моланың топырағы, тұз бен шекер, ине шаншылған қуыршақтар, тағы басқасы — осы ұлы апатты күнәнің аспаптары. Осы күпір істермен айналысқандар, өкінішке қарай, өздерімен қатар ұрпақтарының да жапа шегетінін ескермейді. Ал, енді, қарапайым көпшілік «қорыққанға қос көрінеді» дегендей, әрбір нәрседен үрейленіп, соның зардабынан қорқып, әркімнің «ақылын» тыңдап, «кеңесіне» жүгіне бермеуі керек. Ала жіп пен инеден, шырпы мен шүберектен үркіп, уайымға берілмей, Жасаған жалғыз Аллаға деген сенімімізді, тәуекелімізді кемелдендіре түсуге шақырамын.

 Нұрлан қажы БАЙЖІГІТҰЛЫ,

дінтанушы.   

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button