Басты жаңалықтарЭкономика

Ырғыз ауданының үш ауылына газ келді

Биылғы қысты  Ырғыз ауданының үш ауылы көгілдір отынмен қарсы алады. Қызылжар ауылдық округінің орталығы Құрылыс пен округке қарасты Шеңбертал елді мекені және Ырғыз ауылдық округінің Ақши ауылына газ құбыры тартылып, пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындарының көптен күткен бұл жаңалығын бөлісуге облыс әкімі Оңдасын Оразалин арнайы барып, ашылу салтанатына қатысты.

Шеңбертал елді мекеніндегі 120 үйде 600-дей адам тұрады. Аудан бойынша ең үлкен елді мекендердің бірі. Екі қабатты мектебі былтыр  салынған. Ауылға орталықтандырылған ауызсу құбыры тартылып жатыр.

Ырғыз — газдандыру көрсеткіші бойынша облыстағы ең төмен аудан. Бұған дейін екі-ақ ауылында газ болды. Ал биыл үш ауылға газ тартылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді. Еліміз тәуелсіздік алған тұста тоқырауға тап болдық. Бірақ есімізді жиып, іске кірісе бастадық. Ауылдарға инфрақұрылым жүргізу басталды. Қазір көріп отырғандарыңыздай, ең шалғай ауылдарға дейін газ, су құбыры жетіп отыр. Енді үйдегі апаларымыз, келіндеріміз от жағып, күл шығарудан құтылды. Оның орнына бала оқытып, бос уақыттарын білімге арнауы керек. Көгілдір отынның, ауызсудың, мемлекет тарапынан жасалған басқа да бағдарламалардың игілігін көре отырып, ауылда мал өсіріп, кәсіп ашып, бала тәрбиесімен айналысатын жағдай туып отыр, — деді облыс басшысы.

Одан кейін Құрылыс, Ақши ауылдарына барып, ауылға газ жіберу шарасына қатысқан облыс әкімі ауыл тұрғындарымен әңгімелесті. Ауылдарына көгілдір отын келген тұрғындардың алғысы көп болды. Бұған дейін қысқы отын мәселесі қалтаға салмақ түсіретін. Бір тонна көмірді 25-30 мың теңгеге сатып алатын.

Қазан айынан бастап сәуір айына дейін от жағып шығамыз. Жылына тек отынның өзіне 200 мың теңге жұмсайтын едік. Кейбір үй электр тогымен жылынады. Бұл да қымбатқа шығады. Ал газ арзан. Үйге  кіргізуге 150 мың теңге кетті. Бірақ бұл қымбат емес. Біз бұл ақшаны бір қыста жағып жіберетін едік.  Газ кірген ауыл ажарлана береді. Барлығы да үйлерін кеңейтіп, құрылыс жүргізіп, сәндеп жатыр. Қуанышымызда шек жоқ. Облыс, аудан басшыларына рақметімізді айтамыз, — дейді үйіне газ кіргізіп, көгілдір отынды пайдаланып отырған ауыл тұрғындарының бірі Аманғос Ызашұлы.

Ырғыз ауданында 18 ауылдық округ бар. Газ, ауызсумен толық қамтылғаны —Қызылжар ауылдық округі. Газ құбыры   Құтикөл елді мекеніне тартылып жатыр. Одан басқа Нұра, Жарма ауылдарына газ құбырын тарту үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.

Облыс бойынша газ баруға тиіс 323 елді мекеннің 126 елді мекеніне газ құбыры тартылды. Ырғыз ауданындағы 3 ауылды қосқанда 129 ауыл көгілдір отынға қол жеткізді. Жыл аяғына дейін облыстағы 14 ауылға газ барады. Сол кезде тек елді мекендердің санымен есептегенде  43 пайызға жетеді, — деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының  басшысы Ержан Мұздыбаев.

Облыс әкімі газ кірген ауылдардағы көпбалалы отбасыларға көмек ретінде газ плиталарын әперді. Сонымен қатар басқарма басшысына Құтикөлдегі газ құрылысын биыл аяқтауды тапсырды.

Одан кейін облыс әкімі «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерватында болды. Мекеме директорының міндетін  атқарушы Мейірхан Дуанбеков қорық жұмысымен таныстырды. Аудан орталығында жаңадан салынған 3 қабатты мекеме ғимаратының іші-сырты көз тартады. Мекеме директорының айтуынша, ғимаратқа келген адамдар қорықтың тарихымен, ондағы аң-құстардың, сирек кездесетін жануарлардың және өсімдіктердің түрімен танысады. Сырттан келушілер үшін 12 орындық қонақүй бар.

Қорықта құстардың 250, өсімдіктердің 423, жануарлардың 42 түрі кездеседі. Ал өзен-көлдерінде балықтың 8 түрі бар.

Аудан орталығындағы «Арай» мәдениет үйінде аудан әкімі Әділкерей Әуелбаевтың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебі тыңдалды. Облыс әкімі аудан ақсақалдарының көтерген мәселелерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Соның бірі — суды ұстап қалатын Қыл бөгетінің жайы. Бөгеттің өзі тұрғанымен, айналасын су жырып кеткендіктен, ол жерде су қалмайды екен. Бұл жұмысты облыс басшысы аудан әкіміне биыл күзге дейін аяқтауды тапсырды. Үлкендердің көтерген мәселесіне ден қойған облыс әкімі олардың сұрауы бойынша жанар-жағармайдан көмектесетінін айтты.

Жаманшыңдағы сын

Бұдан кейін облыс әкімі Жаманшың кратеріне барды. Экотуризмге сұранып тұрған Жаманшыңды қоршап, құрылыс жұмыстарын жүргізіп, келушілерге қызмет көрсететін орындар ашу туралы сөз көптен бері айтылып келе жатыр.

Бұл жерде 3 құдық бар. Оның біреу қазылып, екеуі тазартылған. Аудан әкімінің айтуынша, бұл жерге келгісі келіп отырған шаруа қожалықтары бар.

Мұндай жер дүниежүзінде жоқ. Тек кейбір елдерде теңіздің астында кездеседі. Ешкім теңіздің табанына барып қарай бермейді. Ал бізде жердің бетінде тұр. Су астындағыны жер бетінен, ашық аспан астынан көретін мүмкіншілік бізден басқа еш жерде жоқ. Бірақ осыны пайдалана алмай отырмыз. Неге? Себебі кәсіпкерлік, мәдениет, білім басқармаларының бұл жобаны жандандыруда бастары қосылмай отыр. Жергілікті әкімдік жоба дайындаған. Бірақ ешкімнің хабары жоқ.

Шаруа қожалықтары негізгі кәсібімен айналыса берсін, бірақ бұл жұмысты қосымша жүргізуге ортақ мәмілеге келуге болады ғой. Ауданның, облыстың оқушыларын, студенттерін әкеліп, астрономиялық сабақтар өткізуге таптырмас орын. Сөйтіп, ішкі және сыртқы туризмді дамытуға толық мүмкіншілік жасауымыз керек. Қазір пандемияға байланысты келушілер тоқтап тұрған болар. Әйтпесе  Ресейден келіп, осында демалушылар көп. Еш жерде жоқ тастарды салып алып кетеді. Содан қорғауымыз керек. Бұл ұрлықпен бірдей. Ғалымдардың қызығушылықтары өте жоғары. Сол себепті Жаманшыңдағы орындарды құнды әрі қымбат деп санаймын. Шетелдік туристерге көп жағдай жасаудың қажеті жоқ. Олар үйренген. Киіз үй тігіп, атпен, көлікпен аралатып, өзіміздің ұлттық тағамдарды дайындап ұсынса да болады. Оларға керегі,  қауіпсіздігі мен байланыс желісі.  Осы жағынан қамтамасыз етулеріңіз керек. Бір апта уақыт беремін. Маған жобаны қайта қарап әкеліңіздер. Маған Жаманшыңның тарихын айта берудің қажеті жоқ, нақты іске көшіңдер, — деген облыс әкімі бірқатар басқарма басшыларының жұмыстарына  сын айтып, тапсырмалар жүктеді.

«Асылжардың» ешкісі асылданады

Сапарының соңында шаруа қожалықтарының басшысымен кездескен Оңдасын Сейілұлы ауданда мал азығының дайындалу барысымен танысты. Ырғыз ауданында жайылымдық жерлерден бөлек 60 мың гектардан астам шабындық жер бар. Шаруашылық құрылымдарына берілген жердің көлемі — 1 164 994 гектар. Алайда құрғақшылық салдарынан шабындық азайып кеткен. Бірақ мал азығын дайындап алуға мүмкіндік бар. Шаруа қожалық басшылары арзандатылған жанармайдың көмегі мол тиді деп отыр. Оның үстіне былтыр мен биыл мал азығына берілген субсидия шөп дайындаудың шығынын едәуір азайтқан.

Кейбірі  субсидияға бірінші рет қол жеткізген. Солардың бірі — «Асылжар» шаруа қожалығы былтыр 1700000 теңге субсидия алған. Оған ешкілеріне жемшөп дайындаған.

Ешкі өсіріп, табысын еселеп отырған «Асылжар» шаруа қожалығы оның сүтінен өнім дайындауды қолға алыпты.

Қазіргі таңда 400-ге тарта ешкім бар. Былтырғы алған субсидия едәуір көмек болды. Кәсібімді кеңейтуге жол ашты. Енді ешкілердің тұқымын асылдандыруымыз керек. Әрине, басқа жақтан әкелуді біліп отырмыз. Бірақ біздің ауа райына шыдауы керек. Ал өзіміздің қазақы ешкілер бап талғамайды. Суыққа төзімді болғасын қыстай жайып шығамыз. Сондықтан асылтұқымды  текелер әкеліп қосып, төл алып, әбден тұқым асылданғанша 2-3 жыл күтуіміз керек, — дейді ешкі малын біраз жылдан бері баптап келе жатқан Энзензарту

Сарин.

Ал ешкілерді ерінбей сауып, сүтінен бірнеше өнім дайындап, келістіріп сатып отырған зайыбы Ақкенше Отаралина болса, ешкі сүтінен жасалатын, ертеде бабаларымыз ішкен «көген қуат» деген түрін  қайта шығарыпты.

Елу ешкі сауамын. Күніне 40 литрдей сүт алып, одан айран, құрт, ірімшік дайындап сатамын. Ал мынау «көгенқуат» деген денсаулыққа пайдалы. Асқазанда жеңіл қорытылады. Үш адам ешкінің сүтін ішіп, асқазан жарасынан айығып кетті. Көп аурулардың алдын алады. Шашты ағартпайтын қасиеті де бар. Біз ешкіні сауғанымызбен сүтін өткізе алмай қаламыз. Егер 40-50 литр сүтті көтерме бағамен алып кететін болса, табыс та жақсы болар еді, — дейді Ақкенже Отаралина.

Қымыз, шұбатпен қатар тағы бір сусын сөренің сұранысы болғалы тұр. Кішкентай малдан үлкен бизнес бастап отырған шаруа иелеріне облыс әкімі ризашылығын білдірді.

Қыркүйек айында тағы субсидия аласыз. Оған алаңдамаңыз. Ал асылдандыруға байланысты көмек беруді аудан әкіміне тапсырамын. Бұл жұмысты барынша жеделдетіп, ешкі өнімдерін сататын ірі шаруашылыққа айналдырып жіберуіміз керек. Тек бір ауданмен шектелмей, бұл ешкілердің тұқымын көрші аудандар да алсын. Ал өнімдерін облыс орталығына тікелей сату жағын да қарастырыңдар, — деді облыс әкімі.

Аудан әкімі Әділкерей Әуелбаевтың айтуынша, алдағы уақытта аналық 50 ешкіні іріктеп, Шекшек тұқымынан теке қосып, 3-4 аталығынан «Ырғыз лақ» деген түрін шығармақ.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button