Мәдениет

Қос мереке

Өткен аптаның сенбісінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті құрылымдық бөлімшелерінің ұжымы «Әз Наурыз, елге құт боп ен» деген атпен Наурыз тойын тойлады.

Наурыз мейрамы – қазақ үшін үлкен той. Бұл бір күн не бір апта тойланатын мереке емес, бұл – жыл мейрамы. Халық ұғымында Наурыз барлық жақсылықтың басы делінеді. Елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғау мақсатында қызмет ететін облыстық төтенше жағдайлар департаменті  қызметкерлері 22 наурыз күні шұғыл жұмыс жасады. Ал бұл жолы олар екі мерекені көпшілікпен атап өтті.

Бүгінгі кеш бірнеше мақсатта ұйымдастырылды. Ұлыстың ұлы күні біздің қызметкерлеріміз жан-жақта қызмет атқарған еді. Енді, міне, сол  қызметкерлеріміздің басын қосып, халыққа ұлттық мейрамымызды, салт-дәстүрімізді ұлықтау мақсатында Наурыз тойын тойлап отырмыз. Сонымен қатар 17 сәуір – мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының күні. Біз бұл мерекені де жұртшылықпен тойлауды жөн көрдік. Және бір ерекшелігі, той барысында  біздің қызметкерлеріміз  жас жеткіншектерге күнделікті қызметте қолданатын құрал-саймандарды жан-жақты түсіндіреді, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өртке қарсы қызмет бақылау басқармасының бастығы, өртке қарсы қызмет полковнигі Серік Алтаев.

Жақында қала қардан, судан тазартылып, жер беті құрғақтанып еді. Енді, міне, табиғат  тағы да тосын мінезін танытып тұр. Бірақ табиғаттың бұл жайы ұжым қызметкерлері мен С. Пушкин атындағы саябаққа көп жиналған жұртшылықтың той салтанатына еш әсер етпеді. Себелей жауған жаңбыр аралас қарды жұртшылық жақсы ырымға балады.

Мерекеге облыс әкімінің орынбарасы Жеткерген Оралмағамбетов қатысып, ұжым қызметкерлерін қос мерекесімен құттықтады:

Қай күнді болмасын Алла тағаланың сәтті күні деп есептейміз. Ал бүгінгі қазақтың бесқонағымен қатар келген облыстық төтенше жағдайлар департаменті ұжымы ұйымдастырған Наурыз мейрамын Алланың нұры жауған күн деп, жақсылыққа балайық…

Әр саланың өз ерекшелігі бар. Біз қиналған кезде құтқарушыларды іздейміз. Ал бұл саланың мамандары қай кезде де болмасын халыққа көмек беруге, қол ұшын созуға әзір. Біз бұл саланың қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз. Егемендік алғаннан бері құтқарушылар жұмысы бір жүйеге келді. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі барлық қызметтерін біріктіріп, соңғы бір жылдың ішінде үлкен реформалар жасады. Бұл реформалар бүгінгі күні жақсы шешім екенін дәлелдеді.

Қай уақытта да халықтың тыныш өмір сүруіне белсене ат салысып жүрген құтқарушылардың Наурыз мейрамы құтты болсын. Сонымен қатар республика бойынша 17 сәуір – өрт сөндірушілердің кәсіби мейрамы. Мен ұжым қызметкерлерін Наурызбен қатар келген кәсіби  мейрамымен құттықтаймын! – деді. Жиналған қауымды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, өртке қарсы қызмет полковнигі Берік Құтпанов көктем мерекесімен құттықтап, жылы лебізін арнады.

Саябақ ішіне дөңгелене, қаз-қатар киіз үйлер тігіліп, қазан көтерілді, Наурыз көже пісірілді. Және «Үздік киіз үй» атты байқау ұйымдастырылды. Байқау шарты бойынша киіз үйлердің құрылысы мен жасалу жолдарына, ұлттық нақышта көркемделуіне, этнографиялық ерекшеліктеріне назар аударылды. Сонымен қатар арқан тарту, гір көтеру, қазақша күрес тәрізді ұлттық ойындар ойналды.

Жиналған жұртшылыққа «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ, «Судан құтқару қызметі», «Жедел құтқару жасағы» және теміржол ауруханасы ұжымы мерекелік ән-шашуларын тарту етті. Алға балалар үйінің тәрбиеленушілері де өз өнерлерін ұсынды.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button