Басты бет » Басты жаңалықтар » Бас бәйге — Айлунда!

Бас бәйге — Айлунда!

Облыс әкімдігінің қолдауы арқасында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен «DimashAli» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен биыл үшінші рет өткізілген «BAQYTTY BALA» ІІІ ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауы өз мәресіне жетті. 

Облыс мәдениетінің бренді

2018 жыл Ақтөбе облысында Балалар жылы болып жарияланып, осыған орай облыс әкімдігі Ақтөбеде алғаш рет жас ұрпақтың шығармашылығын дамыту үшін қажетті жағдайлар жасауға арналған ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауы ұйымдастырылған болатын.

Бірінші жылы байқауға қатысуға 420 өтініш түсіп, ақтық мәреге Ресей, Грекия, Украина, Өзбекстан елдерімен қатар, Қазақстанның қалаларынан 20 жеткіншек жолдама алды. «Baqytty bala-2018» ашық вокалдық балалар фестиваль-байқауының бас жүлдесін ақтөбелік Нарғыз Жанұзақова мен оралдық Ержан Максим бөлісті. Нарғыз Жанұзақоваға «D-dimastu» әлемдік турнесі аясында өтетін концертке қатысуға жолдама берілді.

Ал 2019 жылы фестивальдің ұйымдастырушы комитетінің поштасына 500-ден астам хат келіп түскен.  Олардың арасында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Украина, Беларусь, Молдова, Түркия, Грекия, Польша және Канададан келген өтінімдер болды. Бұл жылы бас жүлде 1 миллион теңгеден 2 қатысушыға: астаналық Айгерім Тілеубек пен Ресейдің Түмен қаласынан келген Ислам Балкоевқа бұйырды.

2018-2019 жылдары бас жүлде 1 000 000 теңге болса,  биылғы бас жүлде сомасы — 1 500 000 теңге. Жалпы жүлде қоры — 4 миллион 450 мың теңге.

Биыл үшінші рет ұйымдастырылып жатқан шараға 20 жас өнерпаз қатысты. Олардың жетеуі — шетелдік өнерпаздар.

Бүгінгі байқау кешегі жеңімпаздар көзімен

Биылғы фестиваль-байқауды тамашалауға 2018, 2019 жылдары жеңімпаз атанған өнерпаздар да арнайы келді. Сәті түскен сұхбат барысында олардан биылғы байқаудың ерекшеліктері мен өнерпаздарының деңгейі туралы сұрап білген едік. «Baqytty Bala — 2018» байқауының жеңімпазы Ержан Максим Ақтөбеге сейсенбі күні келді. Конкурстың екінші турын толық көріп шыққан Ержан өнерпаздардың талантына тәнті болғанын жасырмады.

— Биылғы конкурстың да деңгейі өте жоғары екенін байқадым. Ақтөбеге бүгін келгендіктен, тек байқауға қатысушылардың екінші турда айтқан әндерін ғана тыңдадым. Өте керемет. Барлық қатысушылар — нағыз талант иелері. Ешкімді бөліп-жара алмаймын. Барлығына сәттілік тілеймін, — деді ол.

Әңгіме барысында Ержаннан жеке шығармашылығы туралы да сұрағанбыз.

— Жаңа әндер шығарып жатырмын. Бұйырса, алдағы уақытта бейнебаян түсіргім келеді. Сондай-ақ басқа әншілермен дуэт жазу ойымда бар, — деп жауап берді ол.

Ал байқаудың 2019 жылғы бас жүлдесін алған Әйгерім Тілеубек «Baqytty Bala» тек вокалдық фестиваль ғана емес,  бақытты естеліктер қалдыратын үлкен жоба екенін айтты.

— «Baqytty Bala» — жас өнерпаздарға үлкен мүмкіндіктер сыйлайтын тамаша байқау. Бұл байқау арқылы мен өзіме жаңа достар таптым. Біз 2019 жылғы байқауға қатысушылармен әлі күнге дейін сөйлесіп тұрамыз. Конкурстарда жиі кездесеміз. Биылғы фестивальдің қатысушылары да өте мықты балалар екен, әрқайсысының ешкімге ұқсамайтын даусы, харизмасы бар. Біреулерінің диапазоны күшті болса, енді біреулерінің мелизмдері әдемі, — деді Әйгерім.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.