Басты бет » Басты жаңалықтар » Ақтөбеде «BAQYTTY BALA» фестивалі өтіп жатыр

Ақтөбеде «BAQYTTY BALA» фестивалі өтіп жатыр

Ақтөбеде облыс мәдениетінің брендіне айналған «BAQYTTY BALA» ІІІ ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауы өтіп жатыр. Биыл үшінші рет ұйымдастырылып жатқан шараға әлемнің 7 елінен келген жас өнерпаздар қатысуда.

Дүйсенбі күні түстен кейін байқаудың бірінші кезеңі басталды. Фестиваль барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, Өнер орталығында өтіп жатыр.

Биыл конкурсқа қатысуға 200 бала өтінім берген. Оның 11-і — шетелден. Солардың арасынан қашықтан тыңдау нәтижесі бойынша  20 бала ақтық мәреге жолдама алыпты. Олар кең ауқымды бәсекенің жүлделі орындары үшін бақ сынасып жатыр. Биылғы жалпы жүлде қоры — 4 миллион 450 мың теңге.

Кеше Өнер орталығында арнайы баспасөз конференциясы ұйымдастырылып, оған облыстық  мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова, «Baqytty Bala» фестивалінің режиссер-сценарисі, Украина, Грекия, Түркия, Қазақстандағы халықаралық көлемді жобалардың  авторы, Димаш Құдайбергеннің Нұр-Сұлтандағы және Кремльдегі жеке шоуының режиссері Анна Обоянская, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, әнші Клара Төленбаева, «ДимашАли» шығармашылық орталығының басшысы Қанат Айтбаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ақтөбе облысының құрметті азаматы, Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының әншісі Марат Әйтімов, эстетика докторы, вокалды ұстаздар мен продюсерлердің Болгар ассоциациясы басқармасының мүшесі, «Спектр» ҚҚ төрағасы, журналист Николай Текелиев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының әншісі Светлана Айтбаева, Өзбекстаннан келген халықаралық байқаулардың лауреаты  Сильвия  Де Оноре  Андрианалариманга қатысты.

— Қатысушылардың барлығын шын жүректен құттықтаймыз. Байқағанымыздай, балалардың деңгейі өте жоғары. Әрқайсысының жүзінен бақыттың желі есіп тұр. Балалардың осындай бақытты сәтін көру — біз үшін үлкен қуаныш. Бұл балалардың кез келгені жеңімпаз болуға лайық. Барлық қатысушыларға сәттілік тілейміз, — деді Қанат Айтбаев.

Ал өз кезегінде сөз алған Николай Текелиев фестивальдің өте жоғары деңгейде өтетініне сенімді екенін айтып, жас өнерпаздарға сәттілік тіледі. Әділқазылар алқасының мүшесі Светлана Айтбаеваның айтуынша, бұл сайыста шын мықтыны анықтау қазылар алқасына оңай болмайтын тәрізді.

— Кеше балалардың дайындық барысын көріп отырып, музыкалық тұрғыда дарынды балалардың үлкен толқыны келе жатқанын байқадым. Меніңше,  бұл сайыста жеңімпазды анықтау қазылар алқасына оңай болмайтын тәрізді. Өйткені балалардың әрқайсысының деңгейі, орындау шеберлігі өте жоғары, — деді ол.

Байқау ережесіне сәйкес сайыс 2 кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде ұйымдастыру комитеті аудио, видео материалдар арқылы қашықтан тыңдау арқылы үздік орындаушыларды іріктеді. Финалға өткен қатысушылар екі шығарма: өз ана тілінде (немесе авторлық ән) және әлемдік хит орындайды. Қазылар алқасының шешімі Гала- концертте жарияланады. Фестивальдің Гала-концерті  11 тамыз күні Өнер орталығының концерт залында өтеді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.