Денсаулық

Жыл басынан бері 193 адам індеттен көз жұмды

Қазіргі таңда облыста инфекциялық кереуеттер жүктемесі 65 пайызды құрап отыр. Резервтік кереуеттер саны — 1976. Ауруханаларда дәрі-дәрмектің қоры, тыныс алу аппараттары мен оттегі баллондары жеткілікті.

Бұл туралы облыстық клиникалық инфекциялық ауруханасында облыстық денсаулық сақтау басқармасының емдеу және алдын алу бөлімінің бас маманы Әсия Тржанова мен аталған аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Майра Нұрғалиева журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді. 

Облыс 9 маусымнан бастап «қызыл аймақта» екені белгілі. Өкінішке қарай, індетке шалдыққандардың саны күн санап артуда. Қазіргі таңда мыңнан астам адам инфекциялық ауруханаларда ем алып жатыр.

— Эпидемиологиялық ахуал бақылауда. Пандемия басталғалы індетке шалдыққандардың 76 пайызы жазылып шықты. Облыста 3603 кереует бар. Оның 1630-ы — инфекциялық кереуеттер. Резервтік кереуеттер саны — 1976.

Коронавирус инфекциясынан жыл басынан бері 193 адам қайтыс болды. Ақтөбе қаласында ПТР-зерттеулерін жүргізу үшін 11 зертхана жұмыс жасап тұр. Инфекциялық стационарлар облыстық жұқпалы аурухана базасында, облыстық фтизиопульмонология орталығында және теміржол ауруханасында орналасқан. Бүгінде аталған ауруханаларда мыңнан астам науқас ем алып жатыр. Жан сақтау бөлімшесінде 93 адам бар.

Биыл ақпан айынан бастап облысқа 400 мыңнан астам вакцина келді.

Індетті тоқтату үшін, ең алдымен, екпе алып, қарапайым санитарлық талаптарды мұқият сақтауымыз керек, — деді Әсия Тржанова.

Майра Нұрғалиеваның айтуынша, облыстық клиникалық инфекциялық ауруханасына түскен науқастардың 1 пайызы ғана вакцина алғаны анықталған.

— Жалпы, аурухана базасында коронавирус инфекциясы бойынша ем алуға 265 кереует жасақталды. Қазіргі таңда 177 адам емделіп жатыр. Оның 22-сі — жансақтау бөлімінде. Арнайы жүргізілген сараптамалардың қорытындысы бойынша індет жұқтырғандардың 1 пайызы ғана вакцина алғанын білдік. Қалғаны толық ем қабылдап болған соң, міндетті түрде екпе алғысы келетіндерін жеткізуде. Вакцина алған азаматтарда ауру асқынбайды, әлдеқайда жеңіл өтеді, — деді ол.

Бүгінде аталған ауруханада дәрі-дәрмектің 3-4 айлық қоры сақталған. Дәрігерлердің айтуынша, балалар арасында, әсіресе, 1 жасқа дейінгі сәбилер арасында індет жұқтыру дерегі жиі тіркеледі екен. Сондықтан балаларды індеттен сақтау үшін отбасының барлық мүшесі екпе алғандары дұрыс.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button