Ауыл

Сарыбұлаққа газ барады

Қобда ауданы

Жақында Сарыбұлаққа газ келеді, ал Терісаққан, Жарсай, Жаңаталапты газдандыру жобасы басталады. Осылайша Қобда ауданына қарасты 10 ауыл көгілдір отынның игілігін көретін болады.

Жергілікті атқарушы орган өкілдерінің мәліметінше, қазіргі таңда Сарыбұлақ ауылында ауылішілік газ құбырының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мердігер компания — «БатысГазСтрой» ЖШС, ал  тапсырыс беруші — облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасы. Келісімшарттың жалпы құны 280 миллион теңге. Құрылыс жұмыстары желтоқсан айында аяқталмақ.

Сарыбұлаққа  ат басын тіресеңіз, көшелерде құбыр қазып жатқан техникаларды көзіңіз шалады. Ауыл тұрғындары құжаттарын рәсімдеп, үйлеріне газ кіргізуге дайындалып жатыр. Көптен аңсаған көгілдір отынның келуін күткен тұрғындардың көбі үйлерін кеңейтуде. Үйіне арнайы бөлме қосып жатқан ауыл азаматтарының бірі — Әбілхайыр Мұқышев.

— Өткен жылы ауылымызға газ құбыры тартылады дегенді естігенде сенер-сенбесімізді білмедік. Ауыл болып қатты қуандық. Газдандыру жұмыстары уақтылы басталып, бүгінде аяқталуға таяды. Қазір ауыл тұрғындары техникалық талаптарға сай үй-жайларын сайлап, газ кіргізуге дайындалып жатыр. Ауылымызда таза ауызсу бар, мектебіміз бен клубымыз күрделі жөндеуден өткен. Биыл газ кіреді. Ауылға көңіл бөліп жатқан басшыларға алғыс білдіреміз, — дейді ол.

Сондай-ақ ауданда бірер жылдан бері халықтың көкейінде жүрген толғаулы мәселенің бірі Терісаққан, Жарсай, Жаңаталап ауылдарын газдандыру болатын. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасы арқылы Қобда ауданының Терісаққан, Жарсай, Жаңаталап ауылдарына газ құбырын өткізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, бүгінде мемлекеттік сатып алу сайтында конкурс жарияланды. Мемлекет қазынасынан бөлінген қаржыға тоқталсақ, Терісаққан ауылына тартылатын газ құбырлары құрылысы жобасының жалпы сметалық құны — 136 миллион теңге, Жарсай ауылына тартылатын газ құбырының құны — 155 миллион теңге, Жаңаталап ауылына тартылатын құбыр құны 298 миллион теңгені құрайды.

Айта кетейік, Қобда ауданына көгілдір отын 2014 жылдың қарашасында келді. 2015 жылы Әлия, Талдысай, Бестау ауылдарына газ құбыры тартылған болатын.  Ауданды газдандыру жұмыстары 2018-2019 жылдары да жүргізілді. Сол жылдары И.Білтабанов, Калиновка, Егіндібұлақ, Бегалы ауылдарына 2 миллиард 200 миллион теңгеден аса қаржы бөлініп, газ құбырын тарту жұмыстары сәтті аяқталды.

Қазір газ құбыры тартылмай отырған Жиренқопа бағытында бірнеше ауыл бар. Оларға газ тарту үшін алдымен Ойыл мен Қобданы жалғап жатқан газ құбырларына жаңа газ айдау бекеті салынуға тиіс. Қазіргі газ айдау бекетінің қуаты жетпейді. Бекет салынғаннан кейін барып, осы бағыттағы ауылдарды газдандыру жұмыстары басталмақ.

 Талғат БАҒЫБЕРГЕНҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button