Басты бет » Ауыл » Ауданның 75 пайызы таза ауызсумен қамтылған

Ауданның 75 пайызы таза ауызсумен қамтылған

Бірер ай бұрын облыста алғаш рет кешенді блок модуль арқылы Қанай ауылына ауызсу келді. Бұдан былай тұщы су тұтынатын қанайлықтардың қуанышында шек жоқ.

Халықты ауызсумен қамту жайы Қобда ауданында жүйелі шешімін тауып, қазір ауданның 75 пайызы ауызсудың игілігін пайдалануда. 2018 жылы мемлекет қазынасынан миллиардтан аса қаржы жұмсалып, Бесқұдық, Бестау, Терісаққан, Талдысай ауылдарына су құбырлары тартылған болатын. Ал биылдан бастап, халық саны аз, шағын ауылдардың тұрғындары да таза ауызсудың игілігін көре бастады.

Соңғы кезде шалғай да шағын ауылдарды ауызсумен қамтудың жаңа үлгісі шықты. Халық саны өте аз болғандықтан ауызсу құбырын тарту тиімсіз, әрі көп қаражатты керек етеді. Сондықтан облыс аумағы ауызсумен толық қамтылды десек те, таза суды тұтына алмай отырған ауылдар бар. Ал кейбір ауылдардың жерасты суы ащы. Сол себепті кешенді блок модулі арқылы ауызсуды бір жерден тұшытып береді. Солардың бірі — Қобда ауданы Жарық ауылдық селолық округіне қарасты Қанай елді мекені.

Кезінде 100-ге тарта түтін түтеген ауылда қазір небәрі 18-ақ үй қалыпты.

Ауылға ашық конкурс арқылы жеңімпаз атанған, кешенді блок модуль арқылы су жүйесін кіргізген мердігер — «Абылай Орда» ЖШС.  Құны — 11,4 миллион теңге.

Жерден келген ащы су арнайы екі-үш сүзгіден өтеді. Қондырғылар Кореядан шыққан.  Сапалы, көп бұзыла бермейді екен.

Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, Қаракемер, Қоғалы, Ақсай ауылдары да жақын келешекте осындай модуль арқылы таза ауызсумен қамтамасыз етіледі.

Ардақ МУРЗАБЕКОВА.