Жаңалықтар

Қазақстан халқының саны 19 миллионға жетті

Қазақстан халқының саны 19 миллионнан асты.

19 миллионыншы тұрғынның аты-жөні жақын күндері ғана анықталды. Ол — Жәния Азаматқызы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтар мен сәбидің ата-анасын осы қуанышпен құттықтады.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне қарасты Ұлттық статистика бюросы хабарлағандай, биылғы 1 шілдеде Қазақстан халқының саны 19 009, 6 мың болған. Соның ішінде 19 миллионыншы тұрғынның кім екені түрлі демографиялық көрсеткіштерді ескере отырып анықталыпты. Жәния Азаматқызы биылғы 20 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген, бірақ отбасының тұрғылықты жері — Алматы облысының Іле ауданы. Жәния — отбасындағы төртінші бала.

Кеше Жәнияның ата-анасы — Азамат пен Назгүлді Алматы облысының басшылығы да құттықтап, 1 миллион теңге табыстады.

Жалпы, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халқының саны 2 миллион 558 мың адамға өскен. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елден 3 миллион адамның көшіп кеткенін, көшіп кетушілердің көптігіне байланысты 2001 жылға дейін елімізде демографиялық көрсеткіштердің жылдан-жылға құлдырағанын ескерсек, Қазақстан халқының тәуелсіздік жылдарындағы табиғи өсімі 6 миллионға жуық екенін көреміз.

Сондай-ақ кеше еліміздегі ең ірі мегаполис —  Алматы қаласының тұрғындарының саны да 2 миллионнан асқаны жария етілді. Қала халқының саны 40 жыл ішінде 2 есе көбейіп отыр.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button