Жаңалықтар

Мал азығының 50 пайыздан астамы әзірленді

Облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы Құсайын Сарсембай жұмыс сапарымен Шалқар ауданында болды.

Іссапар кезінде аудандағы қысқы мал азығы жұмыстарының барысымен танысты. Сондай-ақ шөп дайындаушы бригадаларда болып, шаруа қожалықтарын аралады.

Биыл Есет Көтібарұлы ауылдық округіндегі «Жомарт» және «Дастан» шаруа қожалықтары шөп дайындау жұмыстарына ерте кіріскен.

Өз шаруашылықтарына мал азығын дайындаумен қатар, Жаңақоныс, Есет Көтібарұлы, Айшуақ, Бозой ауылдық округтеріне де шөп дайындап сатуда. «Жомарт» шаруа қожалығы биыл сығымдалған 3000 бума шөп дайындап тасыса, шабындық басында 2000 дана шөп сығымдалып, тасуға дайын тұр.

Бүгінде  5 шаруа қожалығына ауданның бос тұрған жерлерінен 92800 гектар жер маусымдық пайдалануға берілді.

Биыл Бозой ауылдық округіндегі шаруашылықтардан барлығы 19 дана ұңғыма қазылды. Үкіметтен берілетін субсидиялары төленді.

2021-2022 жылдары қыс айларына мал басын шөппен қамтамасыз ету үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан маусым-тамыз айлары аралығында 293100 тонна шөп дайындау міндеті қойылған болатын. Қазіргі таңда 194 650 тонна мал азығы дайындалды. Бүгінде көрсеткіш 54,3 пайызға орындалып отыр.

Қазір аудан бойынша екі айлық мал азығын дайындау науқаны қызу жүргізілуде. Шөптің түсімі де қыстағы қардың аз болуының және сәуір-мамыр айындағы нөсер жаңбырдың болмауынан өткен жылдармен салыстырғанда едәуір төмен. Аудан бойынша мал  азығын   дайындау  жұмыстарына 56 шөп бригадасы, 93 трактор, 157 шалғы, 47 тырма, 47 шөпбуғыш, 26 шөпкөтергіш,  80 тіркеме жұмылдырылды.

Бүгінде Есет Көтібарұлы, Жаңақоныс, Мөңке би және Шетырғыз ауылдық округтерінде шөп шабу және шөпті тасып алу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Облыс әкімінің орынбасары Ж.Иманқұлов және аудан басшысы Ж.Жидеханов шаруашылықтарға қысқа толық шөппен қамтылу қажеттілігін ескертті. Бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне бірлесіп жұмыстар жүргізіп, алдағы қысқа мал басын аман алып шығу үшін барлық шаралар қарастырып, жұмыстар жүргізу қажеттігін тапсырды.

А.БОЛАТБЕКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button