Жаңалықтар

«Atameken Aктове» микроқаржы ұйымы құрылды

Бұл ұйым «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқып, сертификатқа ие болған азаматтардың жобасын қаржыландырумен айналысады.

— 2017-2020 жылдары Ақтөбе облысы бойынша «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 9 345 адам оқу курсынан өтті, оның ішінде 4 355 адам оқуды аяқтағаны туралы сертификат алды. Осылардың ішінде 2 831 түлек 4,4 миллиард теңге мөлшерінде бизнес-жобаларын іске асыруға қаржыландыру алды. 2021 жылы 1200 адамды оқыту жоспарланған, басым бөлігі оқытылды.  Жоба түлектерінің 35 пайызы осы уақытқа дейін қаржыландырылмаған екен. Бүгінде жобалары қаржыландыруды қажет ететін бастаулықтардың жалпы саны 1 524 адам. Осы жағдайларды ескере келе, «Атамекен» тек қана «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқыған азаматтардың жобасын қаржыландыратын арнайы микроқаржы ұйымын құру жөнінде бастама көтерді. Қазір аталмыш ұйымдар барлық өңірде құрылды, біздің облыста да бар, — деді Сұлупан Шынтасова.

Республика көлемінде бастаулықтардың жобасын қаржыландыруға 22,5 миллиард теңге бөлінген. Ақтөбе облысының үлесі — 1,3 миллиард теңге.

Несие бизнес-жоспарын қорғаған «Бастау-Бизнес» жобасының түлектеріне беріледі. Оны кез келген саладағы бизнесті дамыту үшін алуға болады. Несие 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі.Айта кетейік, несие тұтынушылық мақсатқа, бұрын алған несиені өтеуге, несие берешегін қайта қаржыландыруға, жылжымайтын тұрғын үй, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін сатып алуға бермейді.

Несиеге өтінім беру үшін белгіленген формадағы несие беруге өтініш және клиенттің сауалнамасы болуы керек.  Сонымен қатар жеке кәсіпкерлікті немесе заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, өтінім берушінің жеке куәлігі, несие тарихы, банктер мен салық органдарында берешегі жоқтығы туралы анықтамалар, кепілмен қамтамасыз етуге арналған құжаттар сұралады.Ауылдық жерде тұратын азаматтар Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы арқылы өтінім бере алады.

«Atameken Актове» микроқаржы ұйымы Ақтөбе қаласы, Сәңкібай батыр даңғылы, 22К, «Қазына» бизнес орталығы ғимаратының 1-қабатында орналасқан.

Несиелендіруге қатысты барлық сауалдар бойынша 8 /7132/744-616 (ішкі нөмір 1541) және 744-607 (ішкі нөмір 1549) байланыс нөмірлері арқылы хабарласа аласыздар.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button