Жаңалықтар

Жаяу жүргіншілер жолдары жөнделуде

Ақтөбе қаласында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.

Биыл қаладағы 24 көшенің жаяу жүргіншілер жолына мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болу үшін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілмек.

Бұл жұмыстарды «Пандус Ок» ЖШС басшысы, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Шахан Жолдасбаев бақылауда.

Мұндай жаяу жүргіншілер жолы мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін ғана емес, сондай-ақ балалар арбасы бар ата-аналар үшін де ыңғайлы болмақ.

Мүгедектер арбасымен жүретін Шахан Жолдасбаев жаяу жүргіншілер өткелінің жиек тастарынан өту қиындық туғызатынын айтады. Ол Ақтөбе қаласындағы Ә.Молдағұлова даңғылы мен Т.Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жаяу жүргіншілер жолында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысып көрді.

— Қала әкімі Асхат Шахаровтың бастамасымен өткен жылдан бері қалада кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдары мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы болу үшін барлық жағдай жасалуда.
Біз былтыр қала әкімімен шаһарды аралап, бірқатар мәселелерді көтерген едік. Сол кезде жаяу жүргіншілер жолы арбадағы мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайсыздық туғызатынын айттық. Жолдың арғы бетіне өту үшін жиек тастар кедергі келтіреді. Сондықтан жолды айналып өтуге тура келеді.

Бүгінде Астана ауданының әкімдігі  «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында осы жобаны қолға алды. Қазір жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл қаладағы 24 көшедегі жаяу жүргіншілер жолы жөнделеді. 

Сонымен қатар көру қабілеті бұзылған азаматтарға жолға кіру туралы хабар беретін тактильді плиталар орнатылады, — дейді Шахан Жолдасбаев.

Жаяу жүргіншілер жолдарын жөндеу жұмыстары алдағы бір айдың көлемінде аяқталмақ.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button