Жаңалықтар

Апалы-сіңлілілер кәсіп ашты

Әбілқайыр хан даңғылы, 19-үйде химиялық тазалау цехы мен тігін ательесі ашылды. Жаңа кәсіпті бастап жатқандар —  «Бетбұрыс» жобасының қатысушылары, апалы-сіңлілі Эльмира Ахаева мен Динара Сарманова.

Биыл Ақтөбе қаласы мәслихатының қолдауымен жүзеге асырылған «Бетбұрыс» жобасына көпбалалы, өмірде қиын жағдайға тап болған, сондай-ақ ерекше бала тәрбиелеп отырған 20 ана қатысып, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренген болатын.

Қалалық мәслихат хатшысы Анар Даржанованың айтуынша, «Бетбұрыс» жобасына қатысқан жиырма әйелдің 12-сі  «Shell» компаниясының ұйымдастыруымен 4 айлық курста оқып жатыр.

Апалы-сіңлілі Эльмира мен Динара да осы курста білімдерін жетілдіруде. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген қыздардың әрқайсысында бес баладан бар.

— Бес баламыз бар. Екеуі — ерекше бала. Балалардың болашағы үшін күйеуім Мақсат екеуміз ойлана келе, осы кәсіпті ашуды көздедік. Бұрын мен Ақтөбеде химиялық тазалау кәсіпорнында он жылдан астам уақыт еңбек еттім. Сол кезде бастығым барлық шаруаны маған тапсыратын. Ысылдым, көп нәрсені үйрендім. Кәсіп ашу туралы ой пайда болғаннан бастап, көп іздендім. Ресейдің Екатеринбург қаласына барып, химиялық тазалау және кір жууға қатысты оқу оқып, сертификат алып келдім. Кейін «Бетбұрыс», «Бастау-Бизнес» жобаларына қатысып, бизнес-жоспарымызды қорғап,  грант ұттық. Осы қаражатқа италиялық аппарат сатып алдық, — дейді Динара Сарманова. Жаңадан ашылған цех іші талғаммен безендірілген. Логотип пен арнайы киімнің түстері де үйлесімін тапқан, цехты Мақсат пен Динараның есімдерінің алғашқы буындарынан «DiMax» деп атапты. Бір шетте кір жуып, тазалайтын үлкен аппарат тұр. Жас кәсіпкер бір киімді матасына, жағдайына қарай 3 мың теңгеден жоғары бағаға тазалап беретіндерін жеткізді. Әзірге бар шаруаны өзі жасайды.

Динараның апасы Эльмира Ахаева бала күннен тігін тіккенді ұнатады. Содан бері шебер тігіншілерден үйренуге құмар, тынымсыз мінезі де осындайда көмектеседі екен. Ізденімпаз Эльмира «Бетбұрыс», «Бастау-Бизнес» жобаларына қатысып, кәсіпкерлікке қатысты біраз оқуды оқиды. Сөйтіп, Эльмира да бизнес-жоспарын сәтті қорғап,  583 мың теңге болатын грантты ұтып алады. Содан апалы-сіңлілілердің бірі тігін цехын, бірі химтазалау цехын ашуға тәуекел етіпті. Түпкі бөлмеде Эльмираның тігін машинасы, үтігі, манекені орналасқан. Тігінші бір көйлекті 7 мың теңгеге тігеді екен. Киімнің матасына, пішініне қарай, баға да түрліше болады.

Эльмираның айтуынша, кәсіп ашуға ниетті адамдарға көбіне білім жетіспей жатады. «Сондықтан да жас кәсіпкерлерге көп оқуға кеңес беремін», — дейді.

Біз бір көргеннен Динараның адамдарға көмектесуге, жақсылық жасауға ұмтылып тұратын елгезектігін байқадық. «Алдыңа бір мақсат қойып, оған ұмтылған соң, соның нәтижесін көргенше тыным таппау керек», — дейді табанды келіншек.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button