Спорт

Нұрислам қолаға таласады

Токио-2020

Токиода өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындарында кеше еркін күрестен жарыстар басталды. Ұлттық құрама сапынан жарысқа бірінші болып жерлесіміз Нұрислам Санаев шықты.

Нұрислам 57 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Бұған дейін әлем чемпионаттарында күміс (2018 жыл) және қола (2019 жыл) жүлделер алған палуанға зор үмітпен қарағанбыз. Бастапқы екі белдесуде Нұрислам, расында, бұл үмітті ақтады. Бірінші белдесуде ол гвинея-бисаулық Диамантино Юна Фафені 7:0 есебімен ұтып, ширек финалға шықты. Одан кейінгі айналымда алаң иесі 2017 жылғы әлем чемпионы Юки Такахасиді жеңді. Нұрисламның бұл белдесудегі жеңісі ерлікпен пара-пар болды: өзінің жарақатына, төрешілердің алаң иесіне ашықтан-ашық болысуына қарамастан, жартылай финалға жолдаманы жұлып алған еді.

Ал жартылайфиналдық белдесуде үндістандық Рави Кумарды 9:1  ұпай есебімен жеңіп тұрып, соңғы секундтарда жеңіліп қалды. Жеңіске деген ұмтылысы, шеберлік деңгейі, тәжірибесі — барлық жағынан да мықты палуанымызға, өкінішке қарай, сәттілік жетіспеді. Енді ол бүгін қола медаль үшін күресетін болады.

А. САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button