Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Едіге жалына сапар: көрген-түйгендер

Елдің қамын жеген Ер Едіге

Алтын орданы 17 жыл билеген әмірші, би Ер Едігенің (1356-1419) асыл сүйегі жатқан жалға барып зия-
рат қылсам деген ой көңілде жүретін ылғи. Ақыры бұл тілек күтпеген жерден іске асты.

Тарихқа құрметі зор Мұздыбай есімді сахи інім шілденің 11-і күні (2021 жыл) телефон соқты. «Бөке, Едігенің жалына апарып қайтайын, дүйсенбіде дайын отырыңыз, таңғы сағат 3.00-де салқынмен шығып кетеміз, Жұбаназар аға да барады» деп. Бек қуандым. Бірде әңгіме арасында оған «Ер Едігенің зиратын көру, дұға қылу – мұратым боп жүр» деп айтып қалғаным бар еді. Соны ойына түйіп қапты. Мына хабардан соң алағызып ұйықтай алмадым.

Таң қараңғысында даңқты баба дамыл тапқан Едіге жалы аталатын қасиетті мекенге бағыт алдық. Бұл – Атырау мен Ақтөбе облыстары территорияларының тоғысқан тұстарында…

Дінсіз, қаныпезер, түркі жұртының қас дұшпаны Ақсақ Темір еш себепсіз Алтын Орданы, сосын Анадолы түбегіндегі Осман жұртын шабады. Халықты аяусыз қырып-жояды. Мұнымен шектелмепті. «Адамның бас сүйектерінен мұнара тұрғызды» деп куәлік беріп кетіпті өз көздерімен көріп, куә болғандар. Алтын Орданы билеуші Тоқтамыс хан ел-жұртын тас-
тап, жат елге тығылады. Хандықтан айырылады. Мұның бәрі еуропалықтардың көңіліне майдай жағады. Бұл күндердегі Ресейдің шовинист ғалымдары Ақсақ Темірдің бұл қанқұйлы әрекетін сүйсіне әңгімелейді…

Ақсақ Темірдің зобалаңынан соң іле-шала Литваның ұлы князі Витовт та поляк, неміс, өзге де славяндарды біріктіріп, мұздай қаруланып, Алтын Орданы қайтара шауып, мүлде тұралатып тастауды ойлайды. Алайда осы тұста қолы билікке жеткен Ер Едіге мұның жолын кеседі. Еуропалықтардың ту-талақайын шығарады. Бұл туралы Н.М.Карамзин: «Мұндай жеңісті Шыңғыс та, Бату да көрген емес», – деп жазады…

Ер Едігенің Алтын Орда дәуіріндегі осындай қызметіне, ерлік жолына тікелей куә болған ибн Арабшах (XIV ғ.):
«Едіге патшалық құрған күндер сан ықылымдағы нұрлы сәуле болса, ол салтанат құрған түндер заман кейпіндегі арайлы шапақ болды», – деп, бағасын бұдан бәлен ғасыр бұрын тарих парағына өшпестей қылып таңбалап кеткен.

Оның кескін-келбетін де, тұлғалық болмысын да осы ибн Арабшах былай деп сипаттайды: «Ол қара торы, орта бойлы еді, салиқалы, өте ақылды және жомарт адам болатын. Оның мінез-құлқы көркем-тін, нәзік жайттарды терең түсінетін. Ислам ғұламаларымен, дана кісілермен қарым-қатынаста болды. Ораза ұстады, намаз оқыды. Құран өсиеттеріне, содан ке-
йін білімдарлардың сөздеріне жүгініп, ол Алланың көмегімен өз халқына тәртіп орнатып басқарды».

Алтын Орданың қол астындағы пұтқа табынатын, өзге де діндерді тұтынатын ала-құла сенімдегі жұртты ислам дініне біріктіреді. Құлдыққа бала сатуды біржолата тыяды. Түркі қауымы мамыражай тұрмыс кешеді. «Алтын Ордада қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болды» деп ғұлама Шоқанның жазып кеткені де осы Ер Едіге билеген дәуір-тін…

Алып-Ана мен Түкті-Баба, олардың Ер Едігеге жақындығы

Сағат 10.00-де Алып-Ана қабіріне жеттік. Дұға қылдық. Зираттың қазіргі келбетіне көз жүгірттік. Құлап төмпешікке айналған бейіт қабырғаларының ең төменгі тұсында қаланған кірпіштердің топырақ арасынан сұлбасы көзге шалынады. Кейбірінің ені мен ұзындығы тепе-тең, квадрат формалы. Зерттеушілердің пайымынша, XIV-XV ғасырлар ескерткішіне жатады екен. Бұған тақау тағы бір зираттың материалдарының жұқаналары да осыған ұқсас. Қорымда кейін жерленгендер де бар…

Бұдан соң Түкті-Бабаның зиратына бет түзедік. Алып-Анадан онша қашық емес. Араларын Сағыз өзені бөліп жатыр. Келдік. Соғылған мазарды жаңбыр мен жел, ауаның ыстығы мен суығы бәлен ғасыр бойы үздіксіз кеміріп, жермен-жексен еткен. Орнын сақтап қалу үшін беріректегі жұрт жұп-жұқа қара тастарды қалап, қоршау тұрғызыпты. Бейіттің құбыла бетіне кейін орнатылған белгінің түбіне тақау топыраққа көмілген кірпіштердің жұқанасы көрінеді. Алып-Ана зиратындағы материалдарға тым жақын. Түсі ақшыл. Бір ғасырдың ескерткіштері екенін аңғару қиын емес.

«Едіге» жырында Едігенің әкесі Баба Түкті Шашты Әзіз еді, анасы перінің қызы еді дейді. Шешесі туған соң дарияның жағасында тастап кетіп еді дейді. Алып-Ана мен Түкті-Баба бейіттеріне байланысты айтылатын жергілікті халықтың аузындағы аңыз-әңгімелер мазмұны да осыған саяды.

Ер Едігенің қазасы

Әлгінде айттық, Едіге еуропалықтардан қайыра төнген қатерді сейілтті деп. Бұдан соң ол іргесі шайқалған Алтын Орданы көп ұзамай қалпына келтіреді. Мұнан кейін тыныштық орнаған мемлекеттің қайта билеушісі болуға ұмтылған таққұмар, опасыз Тоқтамыс қайта-қайта шабуылдап, соқтыға береді. Ақыр аяғында бір соғыста өледі. Араға уақыт  салып, батыстың көмегіне сүйенген оның ақылсыз ұлы Қадірберді өзінің туған ағаларын, жақтастарын ертіп, Жошы ұлысына соғыс ашады. Бұл қанды қырғын 1419 жылы қазіргі Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы территория-
сында ағатын Бөрте өзені бойында өтіпті. Мұны қазақтың бағзы заманда ғұмыр кешкен тарихшысы Жалайыр Қадырғали исі түркі жұртына жақсы таныс еңселі еңбегі «Тауарихында» бүй деп таңбалап кеткен екен: «Ол уақтда ерді, кім Қадырберді хан білән Едіге бек тоқуш қылды лар. Жайық дан чықған Елек суы турур. Андын (йоқары) үч бөрте чықар. Ол уч бөртенің орта бөртесінде Қадырберді хан білән Едіге бек қатығ санчыш қылдылар… Андағ аймашлар: Едіге бек һәм уофат болды».

Алпыс үш жасында шаһид кешкен Ер Едігені Алтын Орда жұрты Сағыз-
дың бойындағы шешесі Алып-Ананың қасына жерлемек болады, бірақ аңғарына жайылып кеткен өзен суы өткел бермепті дейді. Сонан оны осы күнгі Ақтөбе облысы Байғанин ауданы территориясында орналасқан Қопа ауылының солтүстік тұсына, алты-жеті шақырым жердегі биіктің үстіне қойыпты. Бұның осылай болғанын жалдың етегіндегі өзеннің кең аңғары, жердің бедер-көрінісі де растай түседі…

Осы уақытқа шейінгі зерттеулерге еш қатысы болмаған, жан-жақты нақтыланған ақиқатқа орта жолдан киліккен әлдекімдер моласын қазу керек деген әңгімені көтере бастапты. Сондағы айтатын уәждері «бұлай етпесек, өзгелер мойындамайды Ұлытауда жерленген деп» дейтін көрінеді.

Бұлар мақсаттарына қол жеткізсе, сонау Алтын Орда жұртының Ер Едігені ақ жуып, арулап көмген кезіндегі тарихи көрініс-белгілердің ізі де қалмайтыны еш шүбәсіз. Мұны сан миллиондаған қаржы бөлініп, жөндеу жүргізілген Қазақстан жеріндегі қайсыбір кесенелердің, басқа да тарихи орындардың кейінгі үйлесімсіз кейіптерінен жақсы білеміз. Олар бұрынғы ажарларын мәңгілікке жоғалтқан еді…

Әрі жақсы хабардармыз қабірінен қазып алынған баһадүр ақын Махамбеттің мүрдесінің жертөледе он жеті жыл жатқанынан, бұдан кейін Әбілқайыр ханның сүйектері де осының кебін кие жаздағанынан. Моласы тұрыпты, Ер Едіге қаңқасының тағдыры да қандай күйге түседі? Уайымымыз – осы.

Ноғай, қарақалпақ, татар, башқұрт т.б. түркі халықтарының азуын айға білеген мықты ғалымдары Ақтөбе жерінде бірнеше рет арнайы бас қосып, Ер Едігенің зиратын көздерімен көріп, зерделеп, оның Сағыз өзені бойында жерленгенін бірауыздан мақұлдап, бекітіп тастаған. Олай болса, шариғатқа мүлде қайшы іс – мола қазып, дәлелденген ақиқатты «дәлелдеу» кімге керек?!

Ақиқатында, Едігенің қабірі осы кезге дейін белгісіз болып келгенде де күллі түркі жұртының жадынан ұмытылмаған еді. Қадір-қасиетін жоғалтпаған еді. Оған түрлі нұсқада 60-тан астам жыр арналды. Ғасырлар бойы
жоқталды. Осындай сүйіспеншіліктен еді халықтың санасында терең сақталған оның бейнесі басым түсіп, Ұлытаудың ұшар басына жерленген Едіге деген басқа бір кісі есімінің Алтын Орданың ғаділ де ұлы биі Ер Едігеге алмастырылып, таңылып кетуі…

Ер Едігенің қабірі

Түстің кезінде Ер Едіге бабамыздың мүрдесі жатқан жалға жеттік. Құлаған үйіндінің етегіне тізе бүктік. Дұғамызды оқыдық. Бойда толқу бар…

Ұлы би, даңқты қолбасшының асыл мүрдесін басқан үйіндіден оған арнап тұрғызылған мазардың еңселі болғаны аңдалады. Адымдап өлшегенде ені тоғыз, ұзындығы он екі метр шамасында. Кірпіштері әрқилы: бірі жалпақ, көз мөлшерімен 25×25 см, Алып-Ана бейітіндегідей. Енді бірінің көлемі бұдан кішілеу. Түстері де түрліше: қызғылтым, сарғыш, қошқыл… Сынық тұстарына зер сала қарағанда қазіргі кірпіштерден өзгешеліктері бары анық байқалады. «Жылқының сүтіне илеп, жал-құйрығын күзеп, қыл қосқан» дейтін қияли әңгімені бұған жапсыруға мүлде келмейді. Жасалу технологиясы басқа. Мұның құпиясы осы дәуірге жетпей үзіліп қалған әдіс-тәсілінде, беймәлім құрамында болса керек. Құрылыс материалдарына қарап, маман-тарихшылар кесенені XV ғасырдың ескерткіш-үлгісіне жатқызыпты.

Қабырғаларының сілемдері сақталған тағы бір зират кірпіштерінің пішіні де біз баяндап өткендей. Баба бейітіне жақын орналасқан. Шағын қылып салғаны байқалады…

Сөз түйіні

2010 жылы «Едіге» жыры – тарихи-қаһармандық эпос» атты диссертациялық еңбегінде Ер Едігені жан-жақты саралап, советтік-отарлық идеологияның бұрынғы жөн-жосықсыз таңған өтірік-өсектерінен, негізсіз қаралауларынан аршып, ел басқарудағы әділдігін, қайраткерлігін нақтылап, жарыққа алып шыққан һәм ибн Арабшахтың, әл-Айнидің т.б. мәліметтерін, 15-16 ғасырларда таңбалаған Жалайыр Қосымұлы Қадырғали бидің деректерін, Сағыз өзені бойындағы Алып-Ана, Түкті-Баба бейіттеріне, Едіге жалының атауына байланысты аңыз-әңгімелерді жинастырып, Ресей империясы тұсында жарық көрген 1869, 1904, 1909 жылдардағы, Кеңес өкіметі тұсында 1950 жылы шығарылған карталарды іздеп тауып, оларды зерделей отырып, даңқты би, сайыпқыран қолбасшының мүбәрак сүйегі жатқан орынды алғаш анықтаған – ғалым Жұбаназар аға Асанов! Әрине, оның бұл саладағы зерттеушілігі алдағы кезде кең ауқымда арнайы қарастырылуға тиіс жеке тақырып…

Тарих әлі дұрыс сараланбай келеді. Ағын ақ деп, қарасын қара деп. Сол бұрынғы отарлық дәуірде салынған соқпақта. Содан шықпайды сана төмен болғасын.

Алтын Орданың құлауына, славян тектес ұсақ княздіктердің күш алып, ақыр соңында түркі жұртының олардың отарлық езгісіне түсуіне тікелей себепкер болған Тоқтамыстың күнәсін ұғынудан гөрі, содан сабақ алудан гөрі қазіргілерге оның Мәскеуді өртегені мақтан…

Ер Едігенің өлімінен соң күллі түркі жұртының басынан бағы тайды, дәурені озды. Рухы сөніп, бірлігі кетті. Шылпара болды.

Бір кездерде осындай да осындай болған бай-бағылан ел едік, айбарлы жұрт едік десең, бүгінгілерге бәлду-бәлду бәрі өтірік. Жүзіңе күдік алып, секемдене қарайды…

Хош, осы тұстан қайырайық. Кейін тағы да кеңінен әңгімелерміз.

Ер Едіге бабамның асыл сүйегі жатқан қасиетті орынды көруге нәсіп еткен Ұлы  Жаратушыға сансыз мадақ!

 Бөрібай КӘРТЕН,

Ақтөбе – Алып-Ана –

Түкті-Баба – Едіге жалы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button