Жаңалықтар

Жеміс ағаштарын өсірудің шебері

«Тауық сойса да, қасапшы сойсын» деген сөзді өмірлік қағидасына айналдырған мұғалжарлық Тахир Наранбаев — жеміс ағаштарын будандастырудың хас шебері. Кешегі инженер-технолог— бүгінде бағбан. Ақсақал бұл жолы бір ағаштан түрлі жеміс алудың құпиясымен бөлісті.

Қандыағашқа көшіп келгеніне 12 жылдан асқан Тахир ақсақал бағбан болғанына да сонша жыл болғанын айтады. Яғни бүгінде жетпіске жақындаған ол бағбандыққа бет бұрудың ерте-кеші жоқ дейді.

— Негізгі мамандығым — дәнді өңдеу және сақтау бөлімі бойынша инженер-технолог. Мына алақан ұнның сортын анықтайтын алақан болды (алақанын көрсетіп, ред.) Бәлкім мамандығым да әсер еткен болар, кезінде бидайдың ылғалдылығын да тіспен тістелеп айтатын едік. Екі алақанға ұнды салып, ысқылағанда, сортын анықтайтын қол қазірде топырақтың құнарлылығын анықтап, екі ағашты будандастыратын күшке ие болды. Өзіңіз білесіз, біздің жер өте нашар. Жердің өзін құнарландыруға көп уақыт, күш кетеді. Өзім осы атақонысқа оралғаннан бері бағбандыққа бет бұрдым. Кезінде әкем салған із ғой… Ол кісі өзі экономист бола тұра, жеміс ағаштарын егуді қолға алған адам еді. Мен де жер ортасына келгенде әке салған ізгетүсіп, жыл сайын жеріме көң тастап, оны тебемін. Көктемде қар ерігенде, ауладағы суды арық қазып сыртқа шығарамын да, көң төсеген жерді екі-үш рет суарамын. Содан соң мамыр айынан бастап жерге дәнді отырғызу жұмысына кірісемін. Көпшілігі айтатын «құралайдың салқыны», «жер қызсын» деген сөздерді жаңсақтыққа балаймын. Себебі өзім ондайларды елемей, бақшамды әзірлей беремін, — дейді бағбан.

«Еңбектің наны тәтті» дейді емес пе?! Кейіпкеріміздің де қарап отырғысы жоқ. Соның дәлелі, Тахир ақсақал қаланы көгалдандыруға өз үлесін қосып келеді.

— Бізде қараағаш көп. Қараағаш таза оттегі шығарады. Ол адам денсаулығына өте пайдалы. Осы ағаштарды Самал шағын ауданындағы балабақша ауласына егіп қойғанмын. Бірде маған сол ағашты басқа ағашпен будандастыру ойға келді. Сөйтіп, көшедегі қараағаштарға қарақатты будандастырдым. Ол да бой алып, көктеп, гүлдеп жатыр. Жалпы, өзіме жеміс ағаштарын будандастыру қатты ұнайды. Тіпті бір түп алма ағашынан үш түрлі алма алуға да болады, мен оны егіп те қойдым. Одан кейін алма ағашына қарақатты, тәтті шиені, алмұртты, айваны будандастырып, жемісін күтіп отырған жайым бар, — дегенін естігенде, көзбен көруді мақсат етіп, үйінің ауласындағы шағын бағына бет алдық. Барсақ, расымен, кірсешыққысыз екен. Бір ағаштың діңінен үш түрлі жеміс шығару тапқырлық пен табандылықты қажет етері айқын. Жайқалып тұрған ағаштың әр бұтағындағы әртүрлі жапырақтарын көргенде, қатты таңғалдық.

Шілдеде ағаш отырғызсаң да, көкөніс отырғызсаң да, бой алып кетуі оңай емес. «Тауық сойса да, қасапшы сойсын» деуімнің де жөні бар. Кез келген істі сол істен хабары бар немесе бар жан-тәнімен сүйіп жасайтын адам қолға алу керек деп санаймын. Менің де сүйікті ісім болғасын болар, өзім мына бір ағашты шілде айының ортасында будандастырып едім, бірден гүлдене кетті. Жайқалып тұрған тұт ағашы да бақшамның сәнін келтіріп тұр. Жалпы, бұл ағаш Қазақстанда жоқ, оны арнайы Өзбекстаннан алдыртқанмын. Тәтті шие мен сары құрма да біздің жақта өспейді. Алайда егіп, күтіммен қарап едім, жеміс беретін түрі бар. Ауамызға бейімделіп келеді. Қазіргі пандемия кезі иммунитетті көтерудің қажеттігін тағы бір дәлелдеді. Соған орай өзім сарымсақ жапырағын отырғыздым. Көк жуа тәрізді шыққанымен, түрімен дәмінде ерекшелік бар. Бұл да көп жерде кездесе бермейді, — дейді ақсақал.

Сегіз баласынан немере, шөбере көріп отырғанТахир Наранбаев балаларының бәрін де еңбекке баулып, жеміс ағаштарын отырғызуға, бақша өсіруге баулыған. Жұбайы Зибагүл Ибадоллақызы «Алтын алқа» иегері екен. «Мектептегі махаббатының» (ақсақал солай таныстырды) да еңбексүйгіштігі көрініп-ақ тұр. Келіндері де енесінің жолын қуып келеді, бәрі де — көпбалалы аналар. Ерлі-зайыпты технолог Тахир ақсақал мен Зибагүл апайдың шаңырағы осындай игі істер мен мерейлі қуаныштарға толы.

Айдана АЛТЫБАЕВА,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button