АуылБасты жаңалықтар

«Қойшы» келіншек

Атакәсіпті қолға алған  мұғалжарлық жастардың бірі — талдысайлық Әйгерім Майлыбаева.

Бүгінде еңбек етіп, кәсіп ашамын деген жастарға мүмкіндік мол. Оның ішінде мал бағып, таяқ ұстаудан тартынбайтын жастарға мемлекет те қолдау көрсетуге дайын. Сол мүмкіндікті қалт жібермеуге шешім қабылдаған Әйгерім «мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» дегенді көңілге тоқып, ауласына мал байлады. Басында мал бағамын деп ойламаған Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің экономика факультетінің түлегі Әйгерім Мұғалжардың Талдысай ауылына келін болып түсіп, бала тәрбиесімен айналыса жүріп, бір кәсіпті қолға алуға бел буады. Ол үшін 2019 жылы «Атамекен» бағдарламасымен «Бастау-Бизнес» бойынша білім алды. Былтыр жастарға кәсіп ашуда қолдау ретінде берілетін 505 мың теңге қайтарымсыз грантын ұтып алды.

— Мемлекет те жастарға жаңа бастамаларда жол ашып, қаржылай қолдау көрсетуді мақсат тұтып отыр. Ал жастарға беріліп жатқан қайтарымсыз несие — осы жолдағы үлкен мүмкіндік деп білемін. Мен де сол қолдауды көріп, «Бастау-Бизнес» арқылы өз ісімді бастаған жастың бірімін. Оның ішінде қой шаруашылығын ойланып барып таңдадым. Атадан мұра болған кәсіптің берері мен берекеті мол деп білемін. Әрі ауылда отырғасын, мал ұстау тиімді. Сол себепті бұл қаражатқа келгенінше 12 қазақы қой сатып алдым. «Мал баққанға бітеді» дейді емес пе?! Мен де мал бағып, өз ырзығымды тапсам деймін, —  дейді Әйгерім.

«Армансыз адам — қанатсыз құспен тең» демекші, күнде таңертең қойын өріске айдаған сайын Әйгерім болашақта алдындағы аз ғана қой басын көбейтіп, мал шаруашылығын дөңгелетсем деп армандайды. Бүгінде 12 қойдан 8 қозы алып, арманына бір табан жақындаған талдысайлық жас келіншектің еңбегінің жануына тілектеспіз.

Әміржан ӨМІРТАЕВ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button