Тәуелсіздік — 30

Ғасыр басталған жыл еді…

2001 жыл  ерекше жыл болды. Бұл — жаңа мыңжылдықтың, жаңа ғасырдың басы еді.

Сонымен бірге осы жылы еліміздің Тәуелсіздігіне 10 жыл толып, он жылдық белесте ішкі тұрақтылықты сақтау, сыртқы саясатты бекемдеу, КСРО-ның тарауынан кейінгі құлдыраған ел экономикасына қан жүгірту, шекараны белгілеу, т.б. бағыттарда жүргізілген жұмыстар қорытындыланды. Осы жылы Тәуелсіздік күніндегі салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Осы жылдардың iшiнде бұл жолдың сорабын алдымен Түркi қағанатын, кейiннен Қыпшақ конфедерациясы мен Қазақ хандығын құрған өзiмiздiң ұлы бабаларымыздың бұдан мың жарым жылдан астам уақыт бұрын тартқанын бiз есiмiзден шығарған емеспiз. Ойлансақ, армандағанымыз, аңсағанымыз осы емес пе едi! Бүгiнгi күнi, менiң бiлуiмше, көкiрегi ояу кез келген азамат Тәуелсiздiк маған емес, бiзге, менiң елiме не бердi, қолымызды неге жеткiздi деген сауалды өзiне қоймай тұра алмайды. Осы мiнбеде тұрып, ағымнан жарылып: бұл сауалдар менiң өзiммен iлесе жүретiн күнбе-күнгi серiгiм екенiн, жатсам-тұрсам ойымнан еш кетпейтiн қымбат сырласым, басқан қадамымды, көкейдегi ойымды аңдып тұратын сыншым екенiн айтуым керек. Көне «Күлтегiн ескерткiшi» жазуында: «Елiн елдiктi еттi, жауын бейбiт еттi» деген сөздер бар екен. Осыдан мың жылдан көп бұрын айтылып, тасқа қашалған бұл сөздердің бiздiң басымыздағы бүгiнгi жағдайға тiкелей қатысы бар сияқты», — деп, халқымыздың тарихының маңызды кезеңдерінің бірінде тұрғанымызды атап өтті.

2001 жыл елімізде автомобиль жолдары жылы болып жарияланды. Кеңестік заманда Қазақстанда жол салу мәселесіне жеткілікті көңіл бөлінбеді. Жолдар салынғанда, негізінен, өндірілген шикізатты, ауыл шаруашылығы өнімдерін орталыққа қарай тасу мақсаты ғана көзделді, ал бір өңірді екінші өңірмен жалғау, аудандар орталықтарына, ауылдарға жол апару мәселесі мүлде ескерілмеді. 2001 жылы елімізде  жолдардың бір бөлігі жөнделіп, жаңа жолдар салына бастады, «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» жобасы қолға алынды.

2001 жылы еліміздің бас қаласында «Атамекен» — Қазақстан картасы» аталған этнографиялық-мемориалды кешен ашылды. Бұл — Қазақстанның кішірейтілген картасы іспеттес мәдени орын. Ел картасы тәріздес, аспан астындағы мұндай кешен әлемнің 17 елінде ғана бар екен.

Осы жылы 2001-2010 жылдарға арналған Тілдерді қолдану мен дамытудың онжылдық мемлекеттік бағдарламасы іске асырыла бастады.

Бұған да шүкір…

Сондай-ақ осы жылдан бастап зейнетақы да бұрынғыдай айлап кешікпей, уақтылы берілетін болды. Бұл жөнінде облыстық «Ақтөбе» газетінің 9 қаңтар күнгі санында «Бұған да шүкір» айдарымен берілген ақпаратта былай деп жазылыпты: «…зейнетақы мен жәрдемақыны зарығып күтетін заман өтті. Қазір, шүкір, аз да болса, мәз ететін қаражат қарттардың қолына уақтылы тиеді. Ақтөбе қалалық төлем орталығының мәліметіне жүгінсек, бүгіннен бастап қала тұрғындары желтоқсан айының зейнетақысы мен әлеуметтік жәрдемақысын алады».

Астананы жақындатты

2001 жылға дейін облыс орталығынан елордаға дейін пойыз аптасына бір-ақ мәрте қатынаған. Тікелей баратын пойызға ілікпегендер алдымен оңтүстікке барып, сол жақтан солтүстікке аттанатын пойызға қайта отырып, әлекке түсетін.

2001 жылдан бастап Ақтөбеден ел астанасына пойыз аптасына екі рет қатынайтын болды. Ол аптаның дүйсенбі, сәрсенбі күндерінде жолға шығатын. Мұның өзі сол кез үшін үлкен қуаныш еді.Оның үстіне осы жылдың мамыр айынан бастап астанаға баратын пойыз бағытын өзгертіп, Қандыағаш пен Никельтау арқылы Орскіге тіке шығатын болды. Бұл жолға кететін бұрынғы уақытты 8 сағатқа қысқартты, яғни жолаушыларға уақыт үнемдеуге мүмкіндік берді.

Ар ісінің ардағы

«…Сен сау болсаң, сана, сабыр сарқылмас,

Әділетімнің толы арнасы тартылмас.

Қара дүние қаптап келсе, қаймықпан,

Ажал қаупі ар күшінен артылмас», — деп Арды, туған халқы ардақ тұтқан асыл қасиеттерді бәрінен биік қойған бекзат болмысты ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Қуандық Шаңғытбаев 2001 жылдың 21 ақпанында, 75 жасында мәңгілікке көз жұмды. «Қазақ жырының маржаны» (М.Мақатаев) атанған ақынмен барша ел-жұрты асқан қимастықпен күңірене қоштасты.

Қуандық Шаңғытбаев 1925 жылы біздің облысымыздың Қарабұтақ ауданында дүниеге келген. Алғашқы кітабы «Ар» деген атпен 1945 жылы жарыққа шықты. Көзінің тірісінде бұдан бөлек: «Аққу әні», «Ар ма, республикам!», «Махаббат пен ғадауат» және басқа, барлығы он жыр кітабы жарық көрді. Орыс, неміс, Шығыс ақындарын аударды. Аудармашылық қызметі үшін халықаралық Пушкин атындағы сыйлықты алды.

Театр фестивалі

Өтпелі кезеңнің қиындықтарынан ең көп зардап шеккен саланың бірі — мәдениет саласы болды. Тәуелсіздіктің 10 жылдығы тұсында мәдениетіміз де қайтадан еңсе тіктеп, көшке ілесе бастады. Соның бір көрінісі — 2001 жылы ақпанның 23-25-і аралығында Ақтөбеде тұңғыш рет облыстық театр фестивалінің ұйымдастырылуы.

Фестивальға Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының қазақ және орыс труппалары мен «Алақай» қуыршақ театрының әрқайсысы екі қойылымнан ұсынды. Мысалы, көрермен назарына Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясы, Сұлтанәлі Балғабаевтың «Әйелдер әлемі», «Мың бір түн» ертегісінің желісі бойынша «Шахризаданың махаббат сазы», т.б. қойылымдар ұсынылды.

Қорытындысында театр өнерінің үздік өкілдеріне ең үздік режиссерлік еңбек, ең үздік ер және әйел рөлдері, ең үздік шағын рөл, ең үздік сахна суретшісі номинациялары бойынша марапаттар табысталды. Атап айтқанда, Мағзұм Бақытжанов, Дихан Жәлекенов, Ләззат Сүлейменова, Майра Ілиясова, Дәметкен Құсайынова, Әсия Құрманәлина, Леонид Фомин, т.б. марапатталды.

Күміс жүлде!

2001 жылдың 3-10 маусымы аралығында Солтүстік Ирландияның астанасы Белфаст қаласында бокстан ХІ әлем чемпионаты өтті. Осы байрақты жарыста жерлесіміз Галиб Жафаров 57 кг салмақ дәрежесінде күміс жүлдеге ие болды.

Галиб бокспен 11 жасынан бастап шұғылданған. Бокс әліппесін Қандыағашта бастап, кейіннен Ақтөбедегі №4 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне ауысқан. Жаттықтырушысы — КСРО спорт шебері Әлімбек Балмағамбетов.

Белфастағы жекпе-жектерінде Галиб Израиль, Аргентина, Куба және Тайланд боксшыларын жеңді. Тек финалда ғана Барселона Олимпиадасының қола жүлдегері, Түркия атынан шыққан грузиялық тәжірибелі боксшы Рамаз Палианиден жеңілді.

Ал келесі, яғни 2003 жылы (бокстан әлем чемпионаты екі жылда бір өтеді) Тайландта өткен әлем біріншілігінде Галиб Жафаров әлем чемпионы атанды. Сөйтіп, қазақ боксының, соның ішінде Ақтөбе бокс мектебінің мақтанышына айналды.

«Ақтөбе» энциклопедиясы

2001 жылы 10 мың дана таралыммен «Ақтөбе» энциклопедиясы жарыққа шықты. Кеңестік заманда бүкіл халқымыздың тарихы секілді, өңіріміздің тарихы да отарлаушылар мүддесі тұрғысынан жазылды, көптеген ұлы тұлғалардың есімдері, ескі жер-су атаулары ұмытылып, көпшіліктің қолы жете бермейтін көне архив құжаттары мен қариялардың жадында ғана қалды. Міне, сол олқылықтың орнын толтыру, тарихи сананы қайта жаңғырту мақсатымен қолға алынған үлкен еңбектің бірі — осы «Ақтөбе» энциклопедиясы еді.

Алғы сөзінде атап көрсетілгендей, кітап — «өңірдің тарихи-танымдық, мәдени-әлеуметтік, шаруашылық-экономикалық тұтас келбетін тұжырымдап баяндауға тырысудың облыстағы тұңғыш мысалы». Кітаптан облыстың географиясы, табиғаты, табиғи қоры, тарихы, тарихи тұлғалары, осы топырақтан шыққан мәдениет, әдебиет қайраткерлері, т.б. туралы мол мағлұмат табуға болады.

Он жылдан соң…

Сөзіміздің басында айтқандай, бұл — Тәуелсіздіктің 10 жылдық мерейтойы атап өтілген жыл еді. Әр салада осы он жылдың ішіндегі өзгерістер қорытындыланды.

Мысалы, мына дерекке көз жүгіртсек: 1990-1991 оқу жылында облыста 511 мектеп болса, соның 255-і — қазақ мектебі, 147-сі — орыс, ал қалған 109-ы аралас мектеп еді. Орыс мектептері, негізінен, халық тығыз орналасқан, тұрғыны көп елді мекендерде шоғырланды. Мысалы, Ақтөбе қаласында бір-екі ғана қазақ мектебі болды.

Ал 2000-2001 оқу жылында облыста қазақ мектептерінің саны 291-ге дейін жетсе, орыс мектептерінің саны, керісінше, азайған. Бұл оқу жылында облыста 58 орыс мектебі болды.

Бір жағынан, бұл өзге ұлт өкілдерінің өз тарихи отандарына үдере көшуімен, яғни демографиялық көрсеткіштермен де байланысты еді. Айталық, 1989 жылғы санақтың қорытындысы бойынша облыста қазақтардың үлес салмағы 55, 6 пайыз болса, 2001 жылы 77,7 пайызға жетті.

Әсіресе Ақтөбе қаласында қазақ мектептерінің көптеп ашылуы облыс орталығының қазақылануына игі әсерін тигізді.

Тарих беттерін парақтаған Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Back to top button