Басты жаңалықтар

Жағабұлақ қорымынан алтын семсер табылды

Дүйсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы аясындағы біздің өңірдегі зерттеулерге жетекшілік етіп жүрген тарихшы ғалымдармен кездесті.

Кездесуге тарих ғылымдарының докторы, профессор, Шығыс елдері сәулеті халықаралық академиясының корреспондент-мүшесі, Ақтөбе өңірінің көне ескерткіштерін 40 жыл бойы зерттеп келе жатқан ғалым Серік Әжіғали, тарих ғылымдарының кандидаты, Әлкей Марғұлан атындағы археология институы бас директорының міндетін атқарушы Талғат Мамыров қатысты. Кездесу барысында «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы аясында облысымызда жасалып жатқан жұмыстар, олардың нәтижелері, алдағы жоспарлар талқыланды.

Зерттеулер нәтижесінің бірі — осыдан бір ай бұрын Мұғалжар ауданы аумағындағы Жағабұлақ қорымынан табылған құрбан шалынатын орын мен көне жәдігерлер. Мұндағы құрбан шалынатын орын тастан салынған, ал көне жәдігерлердің арасында алтынмен қапталған семсер бар. Бұл семсерді ғалымдар кездесуге де ала келіпті. Жағабұлақ қорымы — біздің дәуірімізге дейінгі V-IV ғасырларға тән ірі кешен. Табылған көне жәдігерлердің арасында қола айналар, жоғарыдағы семсерден басқа да алтын бұйым, т.б. бар. Бұл жердегі зерттеулер әлі жалғасып жатыр.

Сондай-ақ Қарғалы ауданынан қола дәуірінің қоныс-мекендері табылды. Мұндағы үлкен олжа — көне металл пеш. Бұл біздің жерімізді мекендеген көне тайпалардың металл өндірумен айналысқанын көрсетеді.

Биыл Едіге батыр мен Исатай Тайманұлының жерленген жерлерін анықтау мақсатымен зерттеулер жүргізу қолға алынды. Бұл іспен профессор Серік Әжіғали жетекшілік ететін экспедиция айналысады. Экспедицияның құрамында этнографтар, археологтар, арабистер, т.б. мамандар бар.

Кездесу соңында сөйлеген сөзінде облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңыздылығын атап өтіп, алда да облысымыздағы осы бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button