Жаңалықтар

Көбелекпен күрес басталды

Брифинг

Жауыннан кейін пайда болған шабындық көбелегі шаруа қожалықтардың жеріндегі бау-бақшаларға ғана емес, қала ішіне де кіріп кетті. Әлеуметтік желілерде үйдің шатырына дейін қаптап кеткен жұлдызқұрттардың суреттері таралып жатыр.

Өкінішке қарай, бұл рас. Қаланың шеткі аудандарында, саяжай ұжымдарында жұлдызқұрттардың көбеюіне тұрғындар алаңдаулы. Осыған байланысты шабындық көбелегіне қарсы күрес шаралары басталып кетті. Шабындық көбелегі бар аудандарда жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Жағдай тұрақтанды. Бұл туралы облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Әптиев, Ақтөбе қалалық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Тоқболатов және республикалық  фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының басшысы Ғарифолла Жолаевтың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Шабындық көбелегі облыстың Қарғалы, Мәртөк, Алға, Қобда және Мұғалжар аудандарына кең таралды. Қазіргі таңда аталған бес ауданның 35 мың гектар жеріне химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген. Оның 33,4 мың гектары ауылшаруашылық құрылымдарына тиесілі болса, 1,6 мың гектары мемлекеттің босалқы жерлері.

Зиянкестерді улау  әуеден шашу және жерүсті тәсілімен жүргізілді.

Жалпы, бес ауданда 1,600 гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстары жасалды. Облыс бойынша 52 шаруа қожалығы өз күштерімен 12 мың гектар жерді зиянкестерге қарсы улады. Әуеден шашатын екі самолетіміз бар. Оған қосымша Орал қаласынан екі техника көмекке келді. Мамандардың айтуынша, күннің жоғары температурасында шабындық көбелектерінің таралуы азаяды. Ауа райын күнделікті бақылап отырмыз. Тамыз айының алғашқы бескүндігінде күн ыссы болады.  Егер күн осылай боп тұрса зиянкестердің таралуы 3-5 күнде тоқтайды деп күтілуде. Өйткені олар ыстыққа шыдамды емес, — дейді басқарма басшысының орынбасары А.Әптиев.

Ақтөбе қалалық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Тоқболатовтың айтуынша, қала бойынша жұмыс штабы құрылып, екі бағытта жұмысжасалып жатыр. Бір күнде 27 гектар жер уланған. Шабындық көбелегіне байланысты қала тұрғындарынан орталыққа қоңырау түссе, арнайы мамандары дереу барады. Бір ескеретін жайт, улау жұмыстары күндіз жасалмайды. Себебі күннің жоғары температурасында удың пайдасы аз болады. Сондықтан жергілікті уақытпен таңғы сағат 5.00-тен бастап күн көтерілгенше және  кешкі сағат 8.00-ден түнгі 12.00-ге дейін жасалады.

Қазіргі таңда аудан әкімдері жергілікті тұрғындармен сақтық шараларын жасай отырып улау әдістері, мал жаю тәртібі туралы түсінік жұмыстарын жүргізуде.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button