Жаңалықтар

Індет өршіп барады

Брифинг

Соңғы тәулікте коронавирус инфекциясы бойынша 238 адамның індет жұқтырғаны анықталды. Оның  ішінде  ауру симптомдары бар — 172, симптомсыз 66 жағдай тіркелді. Бүгінде аурушаңдықтың өсу деңгейі 1,5 пайызды құрап отыр.

Жалпы, пандемия басталғалы  17017 жағдай тіркелсе, оның 1,3 пайызы сырттан келген, 16 пайызы ауру адаммен қарым-қатынаста болған және 82,6 пайызы — жергілікті жағдайлар. ​​​Қазіргі таңда үй карантиніне 6594 адам алынды, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

— Облыста 47 мобильді мониторингтік топ жұмыс істейді.  Бүгінде Координациялық орталықтардан түскен шұғыл хабарлама бойынша

жоспардан тыс 50 объектіге тексеру жүргізілді. Тексеріс қорытындысы

бойынша  51 объектіге 7 977 955 теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның ішінде 3 объектіге хаттама толтырылып, сотқа жіберілді.

Соңғы аптада карантин талаптарын бұзушылар көбейді. Атап айтсақ, «Екі жүрек», «Алаша», «Серуен», «Хан сарай» ресторандарына, «W&B», «Монако» лаундж барларына, «Чечил ПАБ», «1869» және «Миа» жағажайына

айыппұл салынды.

Қазір эпидемиологиялық ахуал өршіп тұр. Мейрамханаларға, халық көп шоғырланған жерлерге бару аса қауіпті. Сондықтан барынша сақтық шараларын сақтаған жөн, — деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

Қазіргі таңда инфекциялық ауруханаларда  960 адам ем алуда. Оның 714-і Ақтөбе қаласында, қалғаны — облыс аудандарында.

— 91 науқас жансақтау бөлімшелерінде ем алып жатыр. Өкпені жасанды желдету аппаратына 12 науқас қосылды. 260 бала бақылауға алынды. Оның 19-ы  стационарлық ем алып жатыр. Сондай-ақ 128 жүкті әйел бақылауда, қазіргі таңда оның бесеуі ауыр жағдайда, —  деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.

Оның айтуынша, биыл ақпан айынан бастап облысқа 422 мың доза вакцина жеткізілген. Бүгінде бірінші компонентпен 227 681, екінші компонентпен 145912 адам екпе алған.

Облыстағы 1708 кәсіпкер «Ashyq» жобасына қатысуға өтініш берсе, олардың барлығына QR-кодтары сәтті жүктелген.

Эпидемиологиялық ахуал тұрақталғанша облыстың Бас санитарлық дәрігерінің 23 шілдедегі қаулысына сәйкес әр жексенбі күні қоғамдық көліктердің жүруіне тыйым салынды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button