Жаңалықтар

Қайырым қылам десеңіз…

Мектепке жол

Биыл облыстық білім басқармасы дәстүрлі «Мектепке жол» акциясын өзгеше форматта ұйымдастырып отыр.

Басқарма мекемесінде суреттер көрмесі жасақталыпты. Бұл жолы мекеме қабырғасына Шалқар аудандық көркемсурет лицейінде тәлім алатын оқушылардың таңдаулы туындылары ілінген. Топтамадағы картиналарда қазақтың дарқан даласы, жазиралы өлкесі, сұлулығымен баурап алатын табиғаты, саятшылық көріністері бейнеленген.

Аталған басқарма басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова көрмедегі барлық суреттер сатылымға шығарылғанын, бұл жолы түскен қаражат Шалқар ауданының аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасы балаларына оқуға қажетті құрал-жабдықтарын алып беруге жұмсалатынын жеткізді.

Мұнда ілінген 14 оқушының суреті аукциондық тәртіппен 50-100 мың теңге аралығында сатылып жатыр. «Сатылып кетті» деген картинаны көрдік. Ендігі иесі Ақтөбе қаласының мәслихат депутаты Амантай Үмбетайұлы екенін білдік.

— Дарынды оқушылардың шығармашылығын қолдау, қайырымдылық жасау — азаматтық ұстанымым. Ілініп тұрған картиналарды көріп шықтым. Шалқар аудандық көркемсурет лицейінің түлегі Назерке Қанатқызының «Саятшылық» атты картинасы ұнады. Соны 70 мың теңгеге сатып алдым. «Мектепке жол» акциясына биыл осылайша атсалысып жатырмыз,— дейді А.Үмбетайұлы.

Көрмені тамашалауға басқа да басқармалардың өкілдері, депутаттар, кәсіпкерлер келіп, кейбірі картина сатып алып, «Мектепке жол» акциясына өз үлестерін осылайша қосып жатты.

Шара жаңа оқу жылына дейін жалғасады. Көрмеге облыстағыбілім беру мекемелеріндегі жас суретшілердің картиналары кезектесіп ілінетін болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмені қай аудан ұйымдастырса, сатылған әр картинаның ақшасы, сол аудан (қала) балаларының қажеттіліктеріне жұмсалады.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button