Жаңалықтар

«Халал» сертификаты тапсырылды

Жуырда Ақтөбеде үш кәсіпорын «Халал» сертификатына ие болды.

Бұл жөнінде облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Халал Даму» мекемесінің біздің облыстағы жауапты өкілі Жарасхан Әбдісаламовтың айтуынша, бұл кәсіпорындар тиісті тексерулерден өтіп, «Халал» сертификатына лайық деп танылған.

Кәсіпорындар өкілдеріне «Халал» сертификаттары облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде табысталды. Бұлар — «Рамазан» ЖШС (сертификат кәсіпорынның ұн, жұмыртқа және кондитерлік өнімдеріне берілді), «KishMish» кафесі және «Наше дело» ЖШС. Аталмыш кәсіпорындар ҚМДБ-ның «Халал Даму» мекемесінің «Тамақтану қызметтері» және «Халал өнімдерді өндіру, өңдеу, дайындау, сақтау, тасымалдау және сатуға қойылатын жалпы стандарт» талаптары бойынша сертификатталды.

Облыстың бас имамы Серікжан Еншібай «Халал» сертификатын иемденген кәсіпорындардың жұмысына сәттілік тіледі.

 А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button