Спорт

Алғашқы айналымда жеңілді

Токио Олимпиадасында грек-рим күресі бойынша 60 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақ палуаны, жерлесіміз Мейрамбек Айнағұлов алғашқы айналымда қырғыз палуаны Жоламан Шаршенбековтен жеңіліп қалды.

Одан әрі біз Жоламанның финалға дейін жетуіне тілекші болғанымызбен, ол да ұзаққа бармай, ширек финалда жеңіліс тапты. Сөйтіп, Мейрамбек қола медаль үшін жұбаныш белдесуіне шығу мүмкіндігінен де айырылды.

Жалпы, қысқыны айтпағанда, жазғы Олимпиадалардың өзіне ақтөбеліктер өте сирек қатысады. Осы кезге дейін Олимпиадаға Ақтөбенің атынан қатысқан спортшылардың басым бөлігі — легионерлер мен өзге өңірлерден шақырылған саңлақтар. Ал Токиодағы Олимпиадаға өз топырағымызда туған, бала күнінен Ақтөбенің спорт мектептерінде жаттыққан спортшылардың аттануыбізді қатты қуантты. Спортшыларымызға үлкен үміт арттық. Сондықтан жауапкершілік жүгінің ауырлығы да, бір жағынан, Мейрамбекке психологиялық тұрғыдан салмақ түсірмеді ме екен деп ойлаймыз?.. Оның қателіктерін, жеңілу себептерін алда сол саланың мамандары саралайтыны белгілі.

Ақтөбелік олимпиадашылардың арасынан бүгінге дейін екі спортшы — Мейрамбек пен Диана Назарова (жүзу спорты) жарысты аяқтады.

Енді каратэші Нұрқанат Әжіқанов және палуандар Нұрислам Санаев пен Юсуп Батырмырзаевтан (екеуі де еркін күрестен қатысады) жүлде күтеміз. Нұрислам жарыс жолына 4 тамызда, Юсуп 5 тамызда, ал Нұрқанат 7 тамызда шығады.

БІР САЛМАҚТА — ҮШ ҚАЗАҚ

Грек-рим күресінен 60 кг салмақ дәрежесінде Токиода үш елдің атынан үш қазақ өнер көрсетті. Олардың арасында Қытайда тұратын қандасымыз Уәлихан Серік қола жүлдені жеңіп алды.

Олимпиадада осы салмақ дәрежесінде жарыс жолына Қазақстан атынан әлем чемпионаттарында күміс және қола жүлде алған Мейрамбек Айнағұлов, Қытайдан әлем чемпионатының қола жүлдегері Уәлихан Серік шықса, ал Өзбекстанның атынан Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының үш мәрте, Азия чемпионатының бес мәрте жүлдегері Елмұрат Тасмұратовшықты.

Өкінішке қарай, Мейрамбек пен Елмұрат бірінші айналымда-ақ сүрінді. Ал Уәлихан Серік бірінші айналымнан өтіп, екінші айналымда алаң иесі — жапон палуанымен тең дәрежеде (1-1) өнер көрсетті. Дегенмен төрешілер басқа көрсеткіштер бойынша жапон палуанын жеңімпаз деп таныды. Және ол финалға дейін жеткендіктен, Уәлихан қола медаль үшін таласуға мүмкіндік алды. Бір қызығы, қола медаль үшін ол Елмұраттың бірінші айналымдағы қарсыласы украиналық Ленур Темировпен күресті. Бұл белдесуде қандасымыз 3:1 есебімен жеңіске жетті.

ТУ ҰСТАУШЫ ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛҒА ШЫҚТЫ

Аса ауыр салмақтағы қазақстандық боксшы, Токиоға аттанған ұлттық құраманың ту ұстаушысы Қамшыбек Қоңқабаев ширек финалда жеңіске жетті.

Яғни Қамшыбек жартылай финалға жолдама алды, ал бұл оның қазірдің өзінде, кем дегенде, қола медаль иеленіп отырғанын көрсетеді.  Дегенмен Қамшыбектің Токиодағы жетістігі мұнымен шектелмейді деп сенеміз, алда да оған жеңістер тілейміз.

Ширек финалда Қамшыбек Қоңқабаев ресейлік Иван Верясовпен жекпе-жек өткізді. Ресей бокс мектебі — әлемдегі ең мықты мектептердің бірі, дегенмен өткен Олимпиадада орыс боксшылары өте сүреңсіз өнер көрсетті. Финалға шыққан жалғыз боксшысы Евгений Тищенконың (91 кг) алтынын бүкіл әлемнің бокс жанкүйерлері, соның ішінде ресейліктердің өздері де мойындай қоймайды. 2016 жылғы Олимпиаданы сәтсіздікпен аяқтаған Ресей бокс құрамасының Токиоға тыңғылықты дайындықпен келгені байқалады. Соның ішінде Иван Верясов те Қамшыбекке оңай қарсылас болмады. Алайда ту ұстаушымыз оны 4:1 есебімен жеңді.

Қамшыбек Қоңқабаев осы Олимпиадада жартылай финалға дейін жеткен бірінші қазақстандық боксшы. Бүгін ширек финалдық жекпе-жекке Сәкен Бибосынов пен Зәкір Сафиуллин шығады. Оларға сәттілік тілейміз!

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button