Әдебиет

Ауғанстан дәптері

Бауыржан ҚҰРМАНҚҰЛОВ

І. ЖАРИЯЛАНБАҒАН СОҒЫС

(поэма)

Троллейбус зырлап келеді…

Жаралы музыка жан дүниемді сыздатып, жанарыма жас тұндыруда. Динамиктен жүргізушінің қарлығыңқы дауысы естіледі:

«Ауғанстанда өткен 9 жыл ішінде біздің 25 жерлесіміз өздерінің интернационалдық борышын өтеу үстінде қаза тапты. Және бір жерлесіміз хабар-ошарсыз жоғалып кетті. Сол боздақтарды мәңгі есте қалдыру үшін Ауғанстанда қаза тапқан бауырларымызға ескерткіш орнату біздердің ортақ парызымыз деп білеміз».

Троллейбус зырлап келеді…

Жаралы музыка жарияланбаған соғыстың жасырын жайларын жария етуде.

 

* * *

«Анашым, аман жүрсің бе?

Сағынтты-ау, тіпті таң жүзің…

Мені ойлап, сірә, күрсінбе,

Жаситын емес жалғызың.

 

Өткізіп іспен әр күнді,

Ойлауды қойдым үй жақты.

Әскери өнер тартымды,

Армия мені ширатты.

 

Көбейе берсін жақсы күн,

Көңіліңді, апа, сел етпе…

Мен ертең аттанбақшымын,

Ауғанстанға көмекке!

 

Бола алман елдің ез ұлы,

Болса да бұғып қалуға.

Америка империализмі,

Әлемге бүлік салуда.

 

Көріне-көзге

Қорлауға

Көршіңді қалай қиясың!

Алды елім содан қорғауға,

Апрель революциясын…

 

Мақұлдап, апа, соны өзім,

Мақтаныш тұтам шалқып ой.

Интернационализм,

Советтік өмір салты ғой!»

 

***

О, Құдайым! Не деген аңғалдық, не деген балалық!.. Ойланбастан отқа түсіп, өліп құшқан қайран он сегіздер, обалдарың кімге?!

Троллейбус зырлап келеді

 

***

«Қайран ел қазір алыс тым…

Қандағардамын бұл күнде.

Көрші елмен мен де таныстым,

Көмекке кепіп бір түнде.

 

Көбейтіп көмек қарқынын,

Керек те ара суытпау.

Туысқан ауған халқының,

Тіліде бізге жуықтау.

 

Жоғалтар жанның жарқылын,

Жоқшылық зәрі уытты-ау!

Туысқан ауған халқының,

Жүздері содан суықтау…»

 

 

***

Троллейбус зырлап келеді…

Жарияланбаған соғыстың сансыз сұрақтарына кім жауап берер екен?!

 

***

«Ойымды онға бөлдім мен…

Ойлантпай қояр жай ма бұл!

…Ауғанға қатер төндірген,

Американдықтар қайда жүр?

 

Солардың қанды тобымен,

Жүздесер кезім болмай ма?

Соқалы елде, сонымен,

Социалистік қоғам орнай ма?

 

Құдайшыл елге шынымен,

Құрансыз өмір керек пе?

Сұрамас едім мұны мен,

Сұрау көп біздің көмекте…

 

Үгіттеу үшін

Қыстаққа

Танкімен неге барамыз?

Қарудан басқа күш жоқ па,

Қан төгіп нені табамыз?

 

Жол бермей ішкі егеске,

Жағдайды қашан жөндейміз?

Қарулас достар емес пе,

Царандойға неге сенбейміз?

 

Жатырмыз неге миналап,

Жан-жағын бүкіл полктың?

…Сан сұрақты ойға жинап-ап,

Жауап таба алмай торықтым…»

 

Троллейбусзырлап келеді… Динамиктен Ауғанстанда қаза тапқан жауынгерлердің тізімі беріле бастады:

  1. Кіші сержант Александр Бойков.
  2. Қатардағы жауынгер Леонтий Шиковский.
  3. Қатардағы жауынгер Жоныс Үкібаев.
  4. Қатардағы жауынгер Жақсығали Тәжіғұлов.
  5. Қатардағы жауынгер Сергей Волошин.
  6. Қатардағы жауынгер Петр Широв.
  7. Қатардағы жауынгер Қален Тұрдыалин.
  8. Қатардағы жауынгер Ұбайдолла Сүйіншалин.
  9. Қатардағы жауынгер Сағидолла Сүйіндіков.
  10. Кіші сержант Апександр Марченко.
  11. Қатардағы жауынгер Апександр Иванов.
  12. Қатардағы жауынгер Анатолий Рудай.
  13. Қатардағы жауынгер Серікбай Тұрлыбаев.
  14. Аға лейтенант Александр Липовой.
  15. Қатардағы жауынгер Ханиф Османов.
  16. Капитан Анатолий Вакуленко.
  17. Қатардағы жауынгер Жақсыбай Есентеміров.
  18. Қатардағы жауынгер Владимир Прохоренко.
  19. Қатардағы жауынгер Жанкелді Есенбаев.
  20. Аға лейтенант Константин Швецов.
  21. Аға лейтенант Александр Василинич.
  22. Қатардағы жауынгер Асқар Күзенбаев.
  23. Лейтенант Сергей Ковалев.
  24. Қатардағы жауынгер Виктор Бондаренко.
  25. Қатардағы жауынгер Теміржан Қашқынбаев.

 

Он екіде бір гүлі ашылмай опат болып кеткен қайран жиырма бес ақтөбелік бауырым, жатқан жерлерің жарық болсын, топырақтарың торқа болсын! Ескерткіш ашылса есімдерің мәңгі сақталар.

Троллейбус зырлап келеді… Көңіліме бір ой маза берер емес… Бір ғана облыстан жиырма бес жігіт қаза тапқанда, бүкіл ел бойынша қанша боздақ қыршынынан қиылды екен?!

 

* * *

«Сарт етіп мылтық атылды…

Жаңғырды таудың шатқалы.

Бір солдат тағы аһ ұрды,

Колонна тағы тоқтады…

 

Дұшпан көп мынау Ауғанда,

Тығылып бізге оқ атқан.

Жағадан бөрі алғанда,

Алады-ау иттер балақтан!

 

Қайтарыс бермей ондайға,

Қалайша бұғып қаламыз?!

Оқ атқан жерді

Сол бойда

Біздер де оққа аламыз…

 

Қайтесің бұған кінә артып…

Қараңғы халық… шаршатты.

Санасын наша мұнартып,

Соғысты көбі аңсапты.

 

Салқындық сонан сыз берді…

Жаныма менің батады.

Көмекке келген біздерді,

Аннан да мыннан атады.

 

Түссе де талай қоршауға,

Бірі жоқ тірі берілген.

Жатады түгел қан саулап,

Шапағат күтіп өлімнен…

 

Бүгін де біздер зорға алдық,

Оқ атқан дұшпан қамалын.

Өлігін көріп таңғалдық…

Он екі жасар баланың!»

 

* * *

Троллейбус зырлап келеді… Өздерінің азаматтық борышын Ауғанстанда өтеген жігіттер ауылға жолдаған хаттарында шығыстағы бұл елдің шырайлы табиғаты, биік таулары, әсем бақтары туралы көп жазды. Бірақ сол таулардың, сол бақтардың ойламаған жерден өздеріне оқ атып, өлім себетіні туралы ештеңе жазбайтын… Жазуға рұқсат та етілмейтін.

Троллейбус зырлап келеді…

Жаралы музыка жарияланбаған соғыстың жасырын жайларын жария етіп келеді…

 

***

«Шырғалаң жайдан шықты есім,

Шырқырап тағы… от құштым.

Қырық бірде емес…

Эх, досым,

Сексенде қалай оққа ұштың!

 

Балалық шақтың думаны,

Басылды…

Тұрмын өкініп.

Кітапты–
Соғыс туралы,

Қызығып қалай оқыдық?!

 

Есімді қайғы улады…

Еске алдым соны еріксіз.

Киноны –

Соғыс туралы,

Қызығып несін көріппіз?!

 

Солды ғой, солды… гүлдей күн,

Сорлатты өмір боран боп.

Мақтандық неге, білмеймін,

Өскенде солдат болам деп?!

 

Өзге бір жайды ұқтым да,

Өзгердім, досым, мен енді…

Өзгердім…алып шықтым да,

Оқ астынан өлі денеңді!»

 

Ауғанстанда жүрген баласы «Апа, алаңдама, қасымда сенімді достарым көп» деп хат жазғанда, Анасы «тәубалап» өрекпіген көңілін орнықтыратын… Сол достардың шайқаста бірін-бірі тек қарумен ғана емес, сонымен қатар өз денесімен де қорғайтындығын байғұс Ана білмепті ғой…

Троллейбус зырлап келеді…Жаралы музыка жалғасуда…

 

***

«Қан қызыл түске малынып,

Қайғыдан қатқан күн мынау.

Гитара қолға алынып,

Басталды бір ән мұңдылау:

«Ауғанстан жерінде,

Ауылды біз аңсаймыз.

Басты тігіп өлімге,

Шалдығамыз, шаршаймыз…

Соғыс көрген ұрпақпыз,

Содан көптеу наламыз.

Өмір жайлы шырқап біз,

Өлімді еске аламыз.

 

Көкіректе нала көп,

Тістенеміз… кек құшып.

Табыт толы самолет,

Тағы да елге кетті ұшып.

Өкінішті жайт мәлім,

Өлу қиын жырақта.

Отан-Ана айтқанын,

Орындаймыз бірақта!»

 

Шырқалды жайлап қаралы ән,

Шырқалды, міне, осылай.

Отанды Ана санаған,

Ойланшы бір сәт, досым-ай!

 

Шындықты бұлай бояма,

Шындықсыз бізге болмайды.

…Өмірде мынау

ҚайАна

Өлімге ұлын жолдайды?!

 

* * *

От пен оқтың ортасынан оралған қайран он сегіздер! Сендер әскери антқа адалдық танытып, Отан алдындағы азаматтық міндеттеріңді адал атқарыңдар… Қорғасын табытпен оралған қарулас достарың ештеңе де айта алмайды, сондықтан да жарияланбаған соғыстың жаманатын сол соғыстан аман оралған сендер ашуға тиіссіңдер…

 

* * * 

«Жатырмыз дайын көп солдат…

Шаршаудан жанға кек тұнды.

Аштырмай көзді ақ шаңдақ,

Аңызақ аңқа кептірді. 

 

Ешқандай тірлік жоқ маңда, 

Ес танар күйге жақынбыз.

Тоғызыншы күн… 

Шатқалда 

Тосқауыл құрып жатырмыз. 

 

Өкініш кіріп жаныма,

Ойымды онға бөледі. 

Пәкістан жақтан тағы да,

Керуен көшіп келеді. 

 

Сұмдыққа бар ма сенері,

Сұп-суық тартты жүз керім.

Керуен көшіп келеді, 

Келеді көшіп бізге өлім. 

 

Жүрмеңдер бізді кінәлап,

Жүректің кекті жайы бар.

Керуен – жаңа снаряд!

Керуен –жаңа миналар!

 

Өкініш жанды қысқанда,

Өзекке жалын орнайды.

Керуен – көмек дұшпанга,

Кеспесек жолын болмайды.

 

Қоршауға алып жан-жақтан,

Көріндік… қару кезеніп.

Қапы қалғанын аңдатып,

Қарсы алды керуен безеріп…

 

Керуен

Сәл-пәл кешіксек,

Кетуі мүмкін ұрыс қып.

Жөңкіле құлап, жосып кеп,

Сол бойда іске кірістік.

 

Керуеншілерді ысырып,

Бөлектеп бірден тастадық.

Теңдерді сосын түсіріп,

Тексеріп қарай бастадық.

 

Алғашқы теңді көп қарап,

Сол еді ашып көргенім.

Атылдыкенет… автомат,

Шым ете қалды сол қолым.

 

Не болды?..

Неге құладым?..

Оқ атты керуен… ұққаным.

…Айқын ғой қалай тынары,

Айғайлап қайғы жұтпадым.

 

Бастым да бойдан дірілді,

Байладым қолды қан басқан.

… Керуеншілер қырылды,

Қырылды бірі қалмастан…

 

***

Троллейбусзырлап келеді…

 

***

«Саусақтың кеткен екеуі…

Сарқылды бойдан көп әлім.

Оқ тиген қолдың өтеуі –

«Ерлігі үшін» медалім!

 

Тамұқты көрген кісіне,

Санбаттың жайы жұмақтай.

Ойым бар бір ай ішінде,

Ойнақтап шығар құр аттай.

 

Жағамыз үміт отын біз…

Жаралы тағдыр дос қылған.

Он жігіт бірге жатырмыз,

Он бірінші орын бос тұрған…

 

Алдама азап…басты сын,

Аза күй нені аңдатты?

Әкелді бізге кешкісін,

Аяқ-қолы жоқ солдатты!

 

Көргенбіз талай қырғынды…

Өтті ғой бастан не сұмдық!

«Самауыр» деген құрғырды,

Көргенде бірақ шошындық!

 

Жас тұнды келіп жанарға,

Жай туды көңіл жабығар.

Аяқ та, қол да жоқ онда

Кеудеде ғана жаны бар.

 

Басқаға ойды бұрмастан,

Тауыстық түгел шыдамды.

«Самауыр» солдат тынбастан,

Зарлатып жатыр бір әнді:

 

«Хат жазуға дәрменім жоқ, жан-ана,

Құлақ салшы, Ауған кеткен балаңа.

Үш ай болды аяқ-қолдан айырылып,

 Мен жатырмын Газни деген қалада.

 

Зарлауменен талай таңды атырдым,

Зарлауменен талай күнді батырдым.

Аяқ-қол жоқ,

Қозғалуға дәрмен жоқ,

«Самауыр» боп сорым қайнап жатырмын.

 

Сорлы күйді кім түсінер мендегі,

Түсіне ме ең басты адам елдегі?!

Болмайды ғой маған қол да, аяқ та,

Берген оның «Қызыл жұлдыз» ордені…»

 

Қарулас достың сорынан,

Қайғыға батып тұр санбат.

Айырылып аяқ-қолынан,

Алыпты орден бұл солдат!

 

Жағдайын көріп жылағам,

Шыдамай тағы аһ ұрдым…

…Не үшін елде бір адам,

Бес жұлдызын алды батырдың?!»

 

***

Троллейбус зырлап келеді…

 

***

«Томсарып іштен тыныпты ел,

Тоқырау гүлін жайған ба?!

Ауғаннан келген жігіттер,

Түседі-ау қайта майданға.

 

Қауласын нәзік үміттер,

Қауызын шаттық қайта ашар.

Ауғаннан келген жігіттер,

Әділдік үшін айқасар.

 

Өмірден кетіп күдік-шер,

Өріне шындық өрлейді.

Ауғаннан келген жігіттер,

Алдауға, сірә, көнбейді.

 

Ойымыз осы, ұғып көр,

Өзекті қайғы өртеді.

Ауғаннан келген жігіттер,

Әнменен сырын шертеді:

 

«Бізді «темір» дегендерге сенбеңіз,

Сыздайды ғой біздің-дағы кеудеміз.

Оралмаған жігіттер бар Ауғаннан,

Аман-есен оралғанмен елге біз.

 

Біздің көңіл соларды ойлап сабылар,

Соларға арнап шырқалатын әні бар.

Өлгендердің ісін алға апару,

Тірілердің парызы боп табылар.

 

Парызы боп табылмаса сол қайғы,

«Ауғандықтар» кешірмейді ондайды.

 Қалғып кеткен мынау біздің қоғамға,

 Бір сілкініс жасамаса болмайды!»

 

* * *

Троллейбус зырлап келеді… Жаралы музыка жарияланбаған соғыстың жасырын жайларын ашып, жанымызға сілкініс жасады… Қайтадан қалғып кетпейікші, адамдар!

 

1990 жыл

ІІ. ЖЫЛАН ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

 

Ауғанстан – наласындай көңілдің,
Жазылмайтын жарасындай өмірдің.
Ауғанстан – куәсіндей өлімнің,
Ауғанстан – кінәсіндей елімнің.

 

Ауғанды айтсаң

Селт етпейтін жан бар ма?

Онда жүрсең өзгешелеу арман да.

…Жиырма бірге жаңа толған жігіттің,

Шашы ағарып кеткеніне таңғалма!

 

Қансыраған Ауғанстан жерінде,

Жүрді жігіт, бес қаруы белінде.

Адамзатқа достығымен өтелер

Азаматтық борышы оның, тегінде.

 

Көрмегені болса-дағы кем де кем,

Елдігімен танылады ер деген.

Күнде ертемен жүрді жігіт сүт тасып,

Қыстақтарға цистерналы «ЗИЛ» менен.

 

Көңiлiнде бiр жiбiмес нала бар,

Көмектеспей, қалай тыным таба алар?

Ауғанстан – соғыс емес тек қана,

Ауғанстан –

Аш-жалаңаш балалар!

 

«Шуравилеп» қарсы алады ел мұны,

Сондай сәтте азаяды шер-мұңы.

Өз ісіне адалдығы болмаса,

Жоқ әзірше айтарлықтай ерлігі.

 

Арман емес медальдардың сыңғыры,

Жақсылықпен жайқалса екен тірлігі.

…Жол үстінде шұбатылған бір жылан,

Жолын оның кес-кестеді бір күні.

 

Тапап өтіп кете алмады… тоқтады…

Сақтық керек… автоматын оқтады…

Жігіт жанын мұздай етті

Жыланның

Жылжып келіп, қарсы алдына жатқаны.

 

Не істесе екен?

Жеткен жері осы ма?

Жан-жағына көз жүгіртті шошына…

Алды есіне ауылдағы анасын

Ақ құятын жыланның да басына.

 

Солай етпей жігіт енді шыдар ма?

Түсті жерге, жар болғай деп бір Алла!

Ыдысымен сүт ұсынды

Ыстықтан

Ысылдауға дәрмені жоқ жыланға.

 

Жылт еткізіп шығарды да бір тілді,

Жылан бірден ағарғанға ұмтылды.

Шөл далада шөлдеп қалған байғұсың,

Шөлін басып, содан бір-ақ сілкінді.

 

Сілкінді де жайыменен сол жылан,

Жылжи берді машинаның алдынан…

Алаңдамай жiгim-дағы алға асты,

Абдыраса да алғашында сәл бұған.

 

Осы бір жай көңіл көлін шайқаған,

Кездейсоқтық екендігін байқаған.

Жылан бірақ… ертеңгісін сол жерден,

Жігіт жолын кес-кестеді қайтадан.

 

Салтында жоқ риза етпеу күткенді,

Жігіт тоқтап оған тағы сүт берді…

Осылайша ойда жоқта мойнына

Осы бір іс міндет болып жүктелді.

 

Жыланның да болмай қалды бөтені,

Ұмытылды ажал сынды екені.

Жігіт күнде өткен сайын сол жерден,

Сүтпен оның шөлін басып кетеді.

 

Жай еді бұл аңыз болған көпке енді,

Кім ойлапты, айтқызар деп «әттеңді».

Жылан бірде… сол мейірбан жігіттің

Алқымынан атыла кеп шап берді.

 

Тұла бойы бұл сұмдықтан түршігіп,

Жігіт бірден құлап түсті тұншығып…

Айдалада орауында жыланның

Жатты солай бір кірсе есі, бір шығып.

 

Қанша жатты?

Ол арасы беймәлім…

Жігіт жайлап бірте-бірте жиды əлін…

Бас көтеріп қарағанда байқады,

Жол үстінде жатқандығын минаның.

 

Сонда ғана жылан зәрін түсірді,

Сонда ғана жігіт бәрін түсінді.

Түсінді де автоматпен бір тартып,

Сол минаның күлін көкке ұшырды.

 

Ұғар дейсің көрмегесін мұны кім,

Ұзақ тұрды баса да алмай дірілін.

Егер жылан болмағанда…

Сол мина

Қыршынынан қияды екен ғұмырын!

 

Тәттілігін мына өмірдің ұға алған,

Жігіт жанын аялады мың арман.

Күтпеп еді жақсылыққа жақсылық

Адам емес, түсі суық жыланнан.

 

Көңілінен туындатып самалды,

Осынау жай ойландырар адамды.

Жылан солай сақтап қалып өмірін,

Жігіт елге аман-есен оралды.

 

Жігіт қазір жыр ғып соны айтады,

Айтпас еді,

Бір жағдайды байқады:

Жақсылығы кей адамға жасаған,

Кейде өзіне жамандық боп қайтады.

 

Тұрған кезде бейбіт өмір, тұнық күн,

Қинайды екен ақталмауы үміттің.

Сондай сәтте… түсіне еніп сол жылан,

Жұбатады қам көңілін жігіттің…

 

1989 жыл.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button