Жаңалықтар

Қызмет көрсету уақыты қысқарды

Халыққа қызмет көрсету орталықтары қызмет көрсету уақытын қысқарту арқылы қазақстандықтарды көбірек қабылдайтын болады.

Еліміздің  Бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес еліміздің Халыққа қызмет көрсету орталықтары азаматтарды тек алдын ала брондау бойынша қабылдайды. Сондай-ақ жұмыс кестесі қысқартылған, фронт-офистер мемлекеттік қызметтерді таңғы 9.00-ден кешкі сағат 18.00-ге дейін ұсынады. Еліміздің барлық облысында Халыққа қызмет көрсету орталықтары бес күндік жұмыс кестесіне өтті және сенбі,жексенбі күндері жұмыс істемейді. Халықтың көпшілігін қамту және брондау мүмкіндігін  қолжетімді ету мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы фронт-офистерде қызмет көрсету уақытын 20 минуттан 15 минутқа дейін қысқарту туралы шешім қабылдады. Бұл брондауға болатын слоттардың санын 25 пайызға арттырды. Нақтырақ айтқанда, бір қызметкер бір сағат ішінде 4 клиентке қызмет көрсете алатын болды. Ескі брондау жүйесі кезінде сағатына үш уақыт слоты қолжетімді еді, қазір төртке жетті.

— Жаңа жүйе енгізілгеннен кейін ескі уақыт слоттары бойынша кезекке тапсырыс берген клиенттер мен жаңа слот бойынша тапсырыс бергендердің уақыты қатар келуі мүмкін. Біз мұны алдын ала болжап отырмыз, мұндай мәселелер бөлімде бірден реттеліп отырады. Бұл жағдайды тұрақтандыру үшін бірнеше күн қажет, өйткені брондау процесі жаңа уақыт слоттары бойынша жүргізіледі. Бірнеше күннің ішінде жүйе өз қалпына келіп, орталықтар барша халықты қабылдай алады және мемлекеттік қызметті алу процесі ыңғайланады, — дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қоғаммен байланыс жөніндегі басқарушы директоры Байрам Азизов.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барған кезде санитарлық-профилактикалық нормаларды сақтауды, бетперде тағуды және әлеуметтік қашықтықты сақтауды сұраймыз. Ғимаратқа кіру «Ashyq» қосымшасы бойынша жүзеге асырылады.  Кезекті eGov порталы, 1414 Бірыңғай байланыс орталығы және @kenes1414bot телеграм-бот арқылы брондауға болады.

Сәуле ХАМИДОЛЛА,

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Ақтөбе  облысы бойынша филиалының PR-менеджері. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button