Басты жаңалықтар

Құрашасай сумен қамтылады                           

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласын аралап, бірқатар жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

Өңір басшысы алдымен жаңа облыстық перинаталды орталықтың құрылыс барысын қарап шықты. Құрылысы 2017 жылы басталған нысанды биыл қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Медициналық мекеменің кереует қоры — 190, ал кеңес беру-диагностикалық орталығы бір ауысымда 120 адамға қызмет көрсете алады.

Оңдасын Оразалин сондай-ақ Құрашасай тұрғын үй алабында да болды. Мұнда​ Абай, М.Әуезов, Әбілқайыр хан көшелеріндегі автокөлік жолдары мен ұзындығы 3,1 мың метрден асатын сумен жабдықтау желілері​ күрделі жөнделіп жатыр. Жоба аяқталысымен яғни, биыл қазан айында 75 үй сумен қамтылмақ. Жергілікті тұрғындар облыс әкіміне жаяу жүргіншілер жолын салып, екі мектепке апаратын жолдарды асфальттауды өтінді.

Мұндай проблема тек Құрашасайда ғана емес, басқа елді мекендерде де бар. Жер телімдері берілген, бірақ инфрақұрылым жоқ. Не су, не электр желілері, не газ тартылмаған. Қазір соны біртіндеп шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Бір-екі ай күтсеңіздер, Құрашасайды сумен қамтитын боламыз. Мектепке апаратын жолдарға келер болсақ, оларды келер жылы, ал жаяу жүргіншілер жолын биыл саламыз, — деді өңір басшысы.

Бүгінде Батыс-3 жаңа тұрғын үй алабын сумен қамту жұмыстары да жалғасып жатыр. Мұнда сумен қамту желілерінің құрылысы былтыр қараша айында басталған болатын. Бұл жұмыстар 2022 жылы қаңтар айында аяқталмақ. Жоба тұрғын үй алабының 100 мың тұрғынын немесе 3 мың гектар аумағын сумен қамтуға мүмкіндік береді.

Облыс әкімі сондай-ақ қатты-тұрмыстық қалдықтар полигоны аймағын, Әз Наурыз көшесі ​бойындағы автокөлік жолдарын, Тұрғындар қалашығы ауданындағы көп қабатты үйлердің аулаларындағы жөндеу жұмыстарын аралап көрді.

Тұрғындар қалашығы ауданында қыркүйек айына дейін барлығы 32 ауланың жөндеу жұмыстары аяқталмақ.

Ақтөбеліктер көп күткен Кірпішті ауылындағы Елек өзені арқылы өтетін көпірден «Ақтөбе — Орск» (Ақжар тасжолы) автокөлік жолына дейінгі жол бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылып, алдағы жылы пайдалануға берілмек. Ұзындығы 9,2 шақырымнан асатын автокөлік жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ тасжол екі жолақтан төрт жолаққа кеңейтіледі. Жобамен танысып шыққан облыс әкімі жол бойында өсіп келе жатқан талдарды кеспей, басқа жерлерге егуді тапсырды.

Бұдан өзге облыс әкімі «Нұр-Ақтөбе» ауданындағы 9 қабатты тұрғын үйдің құрылыс барысын қарап шықты. Нысан биыл желтоқсан айында аяқталып, 135 отбасыға берілмек. ​Осы жылы өңірде кемінде 1 млн м2 тұрғын үй салынады.

Қаланы аралап шыққан облыс басшысы жұмысты мерзімінде әрі сапалы аяқтау бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button