Жаңалықтар

Бас жүлде — Займолда отбасында!

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Қыркүйек айында өтетін республикалық байқауда облыстың намысын ойылдық Займолда отбасы қорғайтын болады.

Өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға, отбасы мәртебесін жоғарылатуға бағытталған байқау 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биыл жетінші рет ұйымдастырылған сайысқа қатысуға Ақтөбе облысы бойынша 268 отбасы өтінім білдіріп, 26 отбасы облыстық кезеңге өтті. Солардың ішінен 8 отбасы жүлделі орынға ие болды.

«Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығында өткен жеңімпаздарды марапаттау салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова қатысып, мерейлі отбасыларды құттықтады.

Отбасындағы береке мен бірлікті үйлестіріп, ауызбіршілік пен ынтымақты келістіріп, бала тәрбиесіне үлкен мән беріп, болашақ өмірге қадам басуына себепкер болып отырғандарыңыз үшін облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан ризашылық білдіремін. Биылғы байқауға қатысқан әрбір отбасы өзінің отбасылық құндылықтарымен, тәрбиедегі озық тәжірибелерімен ерекшеленді.

Бүгінгі салтанатты шараның «Анаға тағзым» орталығында өткізілуі де  тектен- тек емес. Өздеріңіз білетіндей, бұл ғимаратты біз ел болып бірігіп салдық. Бүгінгі таңда отбасы бірлігін, құндылығын насихаттайтын,үйдегісыйластық пен адамгершілік бағытындағы игі істердің барлығы осы жерде өткізіліп тұрады. Сондықтан осы жерді арнайы таңдап алдық. Баршаңызды бүгінгі марапаттарыңызбен шын жүректен құттықтаймын, — деген облыс әкімінің орынбасары Ойыл ауданынан келген Ғазиз Займолда мен Екатерина Қалиеваға байқаудың бас жүлдесін табыстап, республикалық додада сәттілік тіледі.

Байқау жеңімпаздарының екеуі де — зейнеткер-ұстаз. Ғазиз Займолда қиын уақытта  Ойыл ауданының тізгінін ұстап, елді алға сүйреген азамат. Шаңырақ құрғандарына биыл 50 жыл толған мерейлі отбасы  6 бала, 15 немере, 2 шөбере сүйіп отыр. Балаларының барлығы, тіпті немерелеріне дейін ата мен әже жолын қуып, ұстаздық жолды таңдаған. Байқау жеңімпаздарына Бұлбұл Елеусінова облыс әкімінің арнайы дипломымен қатар, тұрмыстық техника сатып алуға 500 мың теңгенің сертификатын, сондай-ақ «Отбасы хрестоматиясы» кітабын сыйға тартты.

Айта кетейік, байқауда 1,2,3-орын алған отбасылардың барлығына 400,300,200 мың теңге көлемінде тұрмыстық техника сатып алуға сертификаттар берілді. Биылғы байқаудың тағы бір ерекшелігі, комиссия мүшелері жетістіктерімен ерекшеленген отбасыларға  «Қара шаңырақ», «Шапағат шуағы», «Бірлік босағасы» номинацияларын тағайындады. Номинация иегерлеріне де облыс әкімінің атынан арнайы дипломымен қатар, тұрмыстық техника сатып алуға 100 мың теңгенің сертификаттары берілді. Барлық жүлдегерлер «Отбасы хрестоматиясына» ие болды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button