Жаңалықтар

Тігін өнерін тегін үйретіп, жұмысқа алды

Ақтөбелік кәсіпкер қысқа мерзімді курс түлектеріне ақшалай сертификат пен тігін машинасын табыс етті.

«Глобал-Спецодежда» компаниясы жанындағы «Үміт-Надежда» оқу-өндірістік кешенінде «Үміт» әлеуметтік жобасы аясында оқып жатқан тігіншілер сертификаттарын алды. Көпбалалы аналар мен арнайы білімі жоқ жастар жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша оқу-өндірістік бағдарламаның үш кезеңінде тігінші мамандығын меңгеріп, сол жерде өндірістік практикадан өтті. Енді арнайы сертификаты бар мамандар «ПО Глобал-Спецодежда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жұмысқа орналаса алады.

Кәсіпорын басшысы Надежда Шабаеваның айтуынша, бүгінгі таңда қысқа мерзімді курстарды аяқтаған түлектердің  100 пайызы тігін фабрикасына жұмысқа орналасқан.

Компанияда аз қамтылған, көпбалалы әйелдерге тұрақты негізде әлеуметтік және материалдық көмек көрсетіледі.

— «Глобал-Спецодежда» компаниясы өз қызметкерлеріне шынайы қамқорлық көрсетіп, оларға қолайлы жұмыс жағдайларын жасауға тырысады. Курсты аяқтағаннан кейін әрі қарай кәсіпорында жұмыс істейтін әйелдерге көліктегі жол жүру шығындары төленеді. Компанияның есігі барлық тұрақты жұмыс іздеушілер үшін ашық. Бізде бес өндірістік нүкте бар және жауапты қызметкерлерді командаға қабылдауға дайынбыз, — дейді Надежда Шабаева.

Көпбалалы ана Шолпан Бисембаева — сондай қолдауға ие болғандардың бірі. Оқу кезіндегі жауапкершілігі мен тәртібі үшін  Надежда Шабаева оған тігін машинасын, ал тағы үздік оқыған бір әйелге ақшалай сертификаттабыс етті.

— Мен төрт баланы жалғыз тәрбиелеп отырмын. Жұмыс табу қиын болды. Жұмыспен қамту орталығы арқылы фабрикаға жолдама алдым.  Мұнда мамандық алу үшін барлық жағдай жасалған, асхана бар, намаз оқуға арналған бөлме қарастырылған. Ең бастысы,мен тігін ісін үйрендім, енді осы жерде тұрақты жұмыс орнына қалғым келеді. Кәсіпорын басшысына тігін машинасы үшін алғыс айтамын. Енді үйден балаларыма, туыстарыма және достарыма киім мен басқа да бұйымдарды тігуге болады. Бұл басқада  әйелдерді кәсіп үйренуге ынталандырады,— дейді Шолпан.

Айта кетейік, «Үміт-Надежда» оқу-өндірістік кешенінде теориялық және практикалық оқытуүшін заманауи жабдықталған тігін цехы бар. Штатта кең бейінді тігіншілер, сондай-ақ тәжірибелі оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері жұмыс жасайды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button